Аймақтар • 02 Тамыз, 2022

Тұрақты жұмыспен қамту – басты бағыт

528 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Статистикалық мәлімет бойынша Шымкент қаласында жұмыс­сыз­дық деңгейі 5,1 пайызды құрайды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сәйкес, бұл көрсеткішті жыл аяғына дейін 5 пайызға төмендету жоспары тұр.

Тұрақты жұмыспен қамту – басты бағыт

Бүгінгі таңда мегаполисте 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті да­мыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыссыздықпен күрес жүргізіліп жатыр. Ол бойынша қоғамның барлық саласында жаңадан жұмыс орындарын ашып, жұмыс таппай жүрген азаматтарды еңбекке араластыру көзделіп отыр. Рейтингке сәйкес жұмыссыздық деңгейін азайтуға қатысты индикаторлардың орындалуы жағынан Шымкент қаласы республиканың өңірлері арасында үшінші орынға жайғасты. Елге оралған қандастарды бейімдеу көрсеткіші де мегаполисті аймақтар ішінде алға сүйреп отыр.

Ресми статистикаға сәйкес Шым­кент­те 22 546 адам жұмыссыздар қатарында болса, халықты жұмыспен қамту орта­лы­ғының базасында 11 484 азамат тір­кеу­де тұр. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша, халықты еңбекке тарту бірнеше бағытта жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, орталық тіркеудегі азаматтарға субсидияланатын, яғни ай­лық жалақысы мемлекет тарапынан төленетін жұмыс орындарын ұсынады. Оған Жастар практикасы, Қоғамдық жұмыстар, Алғашқы жұмыс орны, Ұрпақтар келісімшарты, Күміс жас, Әлеуметтік жұмыс орындары секілді жобалар кіреді. Соның ішінде Жастар практикасына төленетін еңбекақы мөлшері биылдан бастап 25 АЕК-тен 30 АЕК-ке, яғни 91 мыңнан астам теңгеге көтерілсе, өту мерзімі де 6 айдан бір жылға ұзарған. Бүгінгі таңда Жастар практикасымен 1 521 жас жұмысқа тартылып отыр. Айта кету керек, халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту Ұлттық жобасының талабына сәйкес жұмыс берушілер қол астында уақытша еңбек етіп жүрген азаматтардың кемінде 55 пайызын тұрақты жұмысқа алуға мін­детті. Сонымен бірге Алғашқы жұ­мыс орны жобасының айлық жала­қысы да 20-дан 30 АЕК-ке өсті. Осы жоба­мен жұмысқа жолданған жастар 18 ай тұрақты еңбек етіп, тәжірибесін шыңдайтын болады. Қалада 244 жас Алғашқы жұмыс орны жобасы арқылы нәпақасын айырып отыр. Ал Әлеуметтік жұмыс орындары жобасының шартына сәйкес айлық жалақының 35 пайыз мөлшерін жұмыс беруші, қалғанын мемлекет өзі төлейді. Қазіргі уақытта қалада 124 азамат Әлеуметтік жұмыс орындары жоба­сымен еңбек етіп отыр.

Бұлардан бөлек қалалық әкімдік халықты бос және жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыруға тиіс. Әлеуметтік саладағы әкімдіктің жұмыс нәтижесін көрсететін көрсеткіш нақ осы екі міндетке байланысты өлшенеді. Бірақ бұл екеуі де субсидияланатын жұмыс орындары санатына жатпайды. Бүгінге дейін 6 мыңнан астам азамат бос жұмыс орындары арқылы еңбекке тартылса, жаңа жұмыс орындарын құру жоспары 3 мыңнан асады. Осы тұста айта кету керек, бос немесе жаңа орындарына халықты орналастыру үшін қала әкімдігі арнайы квота бекітеді. Содан соң бұл жұмыстарға негізінен халықтың осал тобына жататын азаматтар орналасады. Әлеуметтік осал топтардың санатына мүгедектігі бар азаматтар, аз қамтылған отбасылар, NEET тобындағы жастар, яғни еш жерде тіркелмеген, еш жерде жұмыс істемейтін жас буын өкілдері, көпбалалы отбасылар, оралмандар және мүгедектігі бар балаға қараушылар кіреді. Жұмыспен қамту орталығының дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері 430 мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамтамасыз ету қажет болса, бүгінге дейін 118 адам екі қолға бір күрек тауып үлгерді. Сонымен бірге пробация­да жүргендерді еңбекке тарту жоспарға сай 54 болса, нақты орындалғаны 16-ға жетіп отыр.

Халықты жұмысқа тартудың тағы бір үлкен шарасы – қысқа мерзімді кәсіптік оқыту. Сол арқылы азаматтардың кәсі­би біліктілігін арттыру көзделеді. Бұл бағытта кәсіби шеберлігін шың­дау­­шыларға үш ай бойы 20 мың тең­ге­ден жоғары мөлшерде шәкіртақы та­ғайын­далады. Қысқа мерзімді курсқа қатысушылар 29 мамандық бойынша кәсіби біліктілікке оқытылады. Талапқа сай осы курсты аяқтаған азаматтар мемлекет тарапынан жолданған жұмыс орнында тұрақты еңбек етуге міндетті. Дәл қазіргі таңда 1 632 адам түрлі мамандық бойынша курстан өтіп жатыр. Барлығы да алдағы қазан айында оқуды бітіріп шығуға тиіс.

­Жұмыспен қамту шараларының қата­рына кәсіпкерлік бағыт бойынша мемлекеттік гранттар беру мен «Бизнес Бастау» жобасын атап өтуге болады. Халықты жұмыспен қамтуға жауапты басқарма басшысы Б.Нарбекованың айтуынша, мемлекеттің көздеген мақсаты жәрдемақы беру ғана емес, сонымен бірге адамдарды кәсіпкерлікпен айна­лысуға үйрету. Сол арқылы олар да жұмыс көзін ашып, өзгелерді қосым­ша жұмысқа тартады. Осылайша, елде жұмыссыздық деңгейі азайып, әлеу­мет­тік жағдайдың тұрақталуына негіз қаланады. Осы орайда аталған мақсатты іске асыруда әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз азаматтарға жеке кәсібін ашуға мүмкіндік беретін тегін гранттар ұсыну жобасы қарастырылған. Оның мөлшері бұрын 200 АЕК, яғни 589 мың теңге көлемінде болса, биыл берілетін грант құны өсіп, 400 АЕК не­месе 1 225 мың теңгеге жетті. Алай­да грант конкурсына қатысу үшін алдымен міндетті түрде «Бизнес Бастау» оқу курсынан өтуге тиіс. Аты айтып тұр­ған­дай, бұл курста бизнестің әліппесі үйретіледі. Қатысушылар кәсіпкерліктің білімнің негіздеріне қанығып, бизнес жоспардың қалай жасау керектігін және басқа да қырларын меңгеріп шығады. Айтқандай, оқу курсы электронды еңбек биржасындағы платформада 14 күн бойы өтеді. Грант алу үшін кәсіпкерлік негіздерін оқу жыл бойына жалғасады. Тіпті ұялы телефон арқылы тіркеліп те оқу курсына қатысуға болады. Ең бастысы, 12 сабақтан тұратын курс соңында тест болып, одан өту үшін қорытынды нәтиже 70 пайыздан төмен болмауы керек.

Гранттық жобалар конкурсы сәуір айында ұйымдастырылып, қорытындысы мамыр айында белгілі болды. Байқау нәтижесі көрсеткендей, грантқа ие болған 226 адам анықталды. Оның 69-ы жастар болса, 157-і осал топқа жататын қоғам мүшелері. Енді байқаудың екінші легі тамызда өтеді. Өтінім қабылдау элек­тронды нұсқада Бизнес еңбек порталында жүргізіледі.

– Өтінімдерді қағаз нұсқада қабыл­дау­дың күні өткен. Олардың бәрі электронды әдіске көшкен. Жалпы, жұмыспен қамту мекемесі арқылы берілетін мем­ле­кет­тің гранттың көлемі қомақты емес. Сол үшін де бұл жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін үлестіріледі. Көбінесе мемлекеттің тегін көмек ақша­сын алатындар аспаз, тігінші, кондитер тағы сол секілді сервистік қызмет саласында жеке кәсібін бастауға ниет білдірген жандар. Олар бұл қаражатқа тиісті құрал-жабдықтар сатып алады. Айтпай кетуге болмас, грант қаржысы несие қарызын жабуға немесе басқа да кәсіпкерліктен өзге мақсаттарға берілмейді. «Судың да сұрауы бар» демекші, ертеңгі күні бұл қаражат үшін де сұрау болады. Егер заңсыз мақсатқа жұмсалғаны анықталса, мемлекетке кері қайтарылады, – деді басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова.

Бүгінгі таңда қалада жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында мүмкін­ді­гінше жайлы жағдай қарастырылған. Мәселен, мегаполистің 4 ауданында да жұмыспен қамту орталығының бөлімшелері жұмыс істейді. Тұрғылықты жердің азаматтары өздеріне қарасты бөлімшеге барып, жұмыспен қамту шараларының тиісті қызметтерін толық­тай ала алады. Жыл басынан бері ха­лық­ты жұмыспен қамту орталығына 27 мыңнан астам адам жүгінген. Олардың көпшілігі уақытша жұмыс орындарына жолданды. Келешекте барған жерінде штаттық кестеге сай жұмысқа алып жатса, орталық базасында тұрақты жұмысқа орналасқандар есебіне кіргізіледі.

Бір қуанарлығы, мегаполисте атау­лы әлеуметтік көмек алатындар саны жылдан-жылға азайып келеді. Жауапты мекеме басшысының айтуынша, бұл азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру арқылы мүмкін болып отыр. Мемлекеттің ұстанып отырған әлеуметтік саясаты – халықты масылдықтан арылтып, кәсіпкерлікпен айналысуға, біреуге алақан жаймай өз күнін өзі көруге ұм­тыл­дыру. Сандарды сөйлетсек, табы­сы күнкөріс деңгейінің кедейлік шегінен төмен 11 988 адамға биылғы І тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, ІІ тоқсанда осы көмекке мұқтаж аз қам­та­ма­сыз етілгендер саны 8 964-ке азайған. Атаулы әлеуметтік көмектен бөлек сәби жастағы балалары бар отбасыларға ке­піл­ден­дірілген әлеуметтік пакеттер беріліп тұрады.

Сонымен Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жос­­парының биылғы 6 айдағы көрсет­кі­­шіне үңілсек, 57 мыңнан астам адамға жұмыспен қамту шараларын көр­сету көз­делсе, бүгінге дейін 30 мың­­нан жоға­ры азамат жұмыспен қам­ты­лып үлгерді.

Ал 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде осы жылы 33 500 адамды жұмыспен қамту, оның ішінде 20 мыңнан көп тұрақты, 8 мыңнан аса уақытша жұмыс орындарына орналастыру белгіленіп отыр.

Жалпы, Шымкент қаласы азаматтарды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру бағытында республикалық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда екенін айттық. Мәселен, әлеуметтік жұмыс орындарына 90 адамды жолдау жоспарланса, бүгінде 123 азамат жұмыспен қамтылды. Яғни жоспар 136,7 пайызға артығымен орындалды.

Бұдан бөлек Премьер-Министр мен Шымкент қаласы әкімінің арасындағы түзілген меморандум шеңберінде 14 517 адамды тұрақты жұмыспен қамту белгіленсе, бүгінде осының аясында 12 мыңнан астам азамат тұрақты жұмысқа орналасып, жоспар 86 пайызға орындалып отыр.

 

ШЫМКЕНТ