Саясат • 14 Шілде, 2022

Жастар саясаты дұрыс бағытта құрылуы қажет

373 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жас буынның мәселесін талқылау үшін Азия елдерінің сарапшылары елордаға жиналды. Олар жастар және студенттер алмасу бағдарламалары, жастардың радикалдануына қарсы іс-қимыл, суицидтің, есірткіге тәуелділіктің алдын алу шараларын талқылады.

Жастар саясаты дұрыс бағытта құрылуы қажет

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Жастар кеңесінің V отырысына Қатар, Иордания, Израиль, Палестина, Өзбекстан, Иран, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан, Тәжікстан, Тайланд, Бангладеш, Ирак жастар қоғамдастықтары мен мем­ле­кеттік органдарының және БҰҰ Даму бағдарламасы, ТүркПА халықаралық ұйымдарының өкілдері келді. Сарапшылар жастардың ғылым, білім саласындағы мүмкіндіктерін сөз етті.

Модератор, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов елдегі жастар бағдарламаларына тоқталды. «Бүгінде елімізде жастарды түрлі салаларда қолдау мен ынталандыру бойынша мемлекеттік жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Мәселен, «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы жыл сайын жүздеген маман әлемнің үздік оқу орындарында білім алып келеді. Сондай-ақ «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасы түрлі сала жастарын мемлекеттік қызметке келуіне жол ашып отыр. Бұдан бөлек саяси партиялардың сайлауалды партиялық тізімдеріне енген 29 жасқа дейінгі әйелдер мен жас­тар үшін міндетті 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл – жастарға үлкен көмек», деді вице-министр.

Сонымен қатар А.Данилов барлық облыста ашылып, жұмысы ақсап тұрған Жастар ресурстық орталықтарының қызметін қайта қарап, тиімді бағытта жандандыру қолға алынатынын жеткіз-ді.

«Қазір орталықтардың тиімді жұмыс істеу әдістерін ойластырып жатырмыз. Сондай-ақ әкімдер жанындағы Жастар саясаты жөніндегі жастар кеңестерін қайта іске қосу – алдымызда тұрған үлкен міндеттердің бірі. Формализмнен гөрі іс-әрекетке бейімді жастарды тартқымыз келеді. Оған қоса тағы да жас техниктерге, бизнесмендерге, қарапайым жастар жұмыс күштерінің одан әрі дамуына қажетті бағдарламалар қабылдап, жүзеге асыртуға ниеттіміз. Әрине, оны әлемдік тәжірибеден қарап, сарапшыларымен пікірлесіп жүзеге асырамыз», деді А.Данилов.

Бүгінгі таңда әлемдегі 8 млрд халықтың 2 млрд-тан астамын жастар құрайды. Сарапшылар жастардың елге «пайдалы» болуы мемлекет көрсеткен қолдауға тікелей байланысты екенін айтады. Мәселен, Өзбекстан әр саладағы жас мамандарға қажетінше қаржылық қолдау көрсетеді.

«Елімізде ЖОО-да оқу ақысын төлеуде қаржылық қиындықтарға тап болған дарынды жастарды қолдаудың жаңа жүйесі құрылды. Онда жеңілдетілген шарттар негізінде білім беру несиесін бөлу қарастырылған. Сонымен қатар максималды баллдың 75 пайызын жинаған жастардың халықаралық емтихан тапсыру шығындарын өтеу, сондай-ақ тұтынушылық несиелер бойынша пайыздарды өтеу жүйесі енгізілді. Елімізде Million Programmers атты бағдарлама жүзеге асырылды. Бұл ІТ саласының мамандарын қолдауға арналған. Осы бағдарлама бойынша сертификат алған­дарға қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін қажеттіліктеріне қарай қаржы бөлінді», деді Кеңесте сөз алған Өзбек­станның бүкіләлемдік жастар қауым­дас­тығы төрағасы міндетін атқарушы Истамжон Хамроев.

Жастар кеңесі Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалық еткен сәтінен бас­тап екінші рет өткізілді. Былтыр панде­мияға байланысты іс-шара онлайн фор­матта өткен еді. Кеңес негізінен жас­тар­дың өзекті мәселелерін әлемдік деңгейде талқылап, тәжірибе алмасуды көздейді.

«Жастар саясаты олардың барлық мәселені қамтуы қажет. Оқу-ағарту, жұмыспен қамту және әлеуметтік мәсе­лелер өте өзекті. Осы орайда әрбір ел осы салада қандай бағдарлама, әдіс­те­мелер қабылдап, жүзеге асырғанын тал­қыға салып, тиімді жақтарын ұсынса басқа елдерге үлкен көмек. Сондықтан жастардың өзекті проблемаларын әлемдік деңгейде талқылап, пікір алмасу, тәжірибемен бөлісу маңызды. Әсіресе Қазақстан жастар саясатын енді ғана қалыптастырып жатыр, осы орайда бұл кездесу таптырмайтын платформа болып отыр», деді АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай. 

Жалпы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Жастар кеңесі – консультативтік-кеңесші орган. Ол ұйымға мүше мемлекеттер қызметінің бағыттары шеңберінде жас­тар ұйымдарының, бірлестіктерінің, қозғалыстарының үйлестіру қызметін жүзеге асырады. АӨСШК шақыру туралы идеяны Қазақстан 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында бастамашылық етті. Бұл бастаманың қозғаушы күші – Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиімді әрі қолайлы құрылым құруға ұмтылу.

Отырыс қорытындысы бойынша қаты­сушылар АӨСШК-нің жастар ұйым­дарымен диалог пен әріптестік қатынас­тарын жандандыруға, сондай-ақ жастар арасындағы радикализммен, суи­цидтің жоғары деңгейімен және есірт­кіге тәуелділікпен күресуге, өзекті мә­селелерді шешуге жастар қоғамдас­тық­тарының қатысуын қолдауға келісті.