Экономика • 14 Шілде, 2022

Біз үшін КҚК төңірегіндегі мәселенің дұрыс шешілгені керек – Жақсыбек Құлекеев

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген эксклюзивті сұхбатында Каспий құбыр консорциумының жабылуы әлемдік нарыққа қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Біз үшін КҚК төңірегіндегі мәселенің дұрыс шешілгені керек – Жақсыбек Құлекеев

«Каспий құбыр консорциумына қатысты сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Сондықтан мұнай тасымалдау үдерісі де әзірше тоқтамады. Бәрі штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Әрине, консорциумның Қазақстан үшін маңызы зор. Былтыр әлем нарығына шығарған 67 млн тонна мұнайдың 54 млн тоннасын осы құбыр арқылы экспорттадық. Жап-жақсы көрсеткіш», деді экономист.

Жақсыбек Құлекеев қазіргі уақытта әлемдік нарықта мұнай тапшылығы жоқ екенін айтты.

«Егер консорциум жабылса, әлем нарығына өнім жетпей қалуы мүмкін. Яғни мұнай сатылымы азаяды. Бұл әлемдік нарықты теңселтіп, бағаның қымбаттауына алып келуі мүмкін. Меніңше, консорциумға қатысты шешімдердің жылдам қабылданып жатқандығының астарында басқаша мән жатыр. Бұл мұнай бағасының төмендеуіне қарсы жасалып жатқан әрекет секілді. Бағаның арзандауына G7 елдері басшыларының кездесуі де әсер еткен сынды. Алпауыт мемлекеттердің басшылары соңғы кездесуде бағаны қазіргі деңгейде ұстап, одан әрі көтермеуге уағдаласты. Мұның экономикалық негізі мынада: Ресей өз мұнайын нарықтағы бағадан 40 долларға арзан сатуда, салдарынан мұнайын өткізе алмаған Иран да бағаны арзандатты, енді өзге мемлекеттер де бағаны төмендетуге мәжбүр. Мұнай бағасының арзандауы дәл қазір Ресейге мүлдем қажет емес. Жалпы, қазіргі уақытта әлемдік нарықта мұнай тапшылығы жоқ. Каспий құбыр консорциумына қатысты сот шешімі осы тенденцияны бұзу үшін, яғни мұнай бағасын аздап көтеру үшін қабылданған секілді. Біз үшін Каспий құбыр консорциумы төңірегіндегі мәселенің дұрыс шешілгені керек. Өйткені мұнай өндіру әрі тасымалдау – үздіксіз жүретін үдеріс. Оны тоқтатуға болмайды», деді Жақсыбек Құлекеев өз сөзінде.