Руханият • 30 Мамыр, 2022

Дулат Бабатайұлының 220 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

1947 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

26 мамыр күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ХІХ ғасырдағы аса көрнекті ақын, елдік пен еркіндіктің жаршысы, азаттық жырының ақтаңгері Дулат Бабатайұлының туғанына 220 жыл толуына арналған «Поэзиядағы Дулат Бабатайұлы дәстүрі және ұлттық тұтастық идеясы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дулат Бабатайұлының 220 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Нұр-Сұлтан қаласының және Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылған келелі жиынға Парламент депутаттары, еліміздің және Түркияның, Қырғызстанның, Татарстанның ғылыми қауымдастық өкілдері, жазушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

«Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов ақын жас буынға ұлттық дәстүрлерді, елдік пен бірлікті дәріптеген дара тұлға екенін жеткізді. Академиктің пікірінше, өзінен кейінгі Абай бастаған қазақ ақындарының шығармашылығына ықпал еткен Дулат Бабатайұлының жырлары – тағылым мен тәрбие мектебі.

«Қазақтың дүниетанымына тән отбасы тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрлер, Дулат Бабатайұлының шығармашылығында көрініс тапқан. Ақын сөз құдіретінің, көркем ойлау жүйесінің жаңаша үлгісін паш етті. Өз дәуірінде ұлттың әлеуметтік үнін жеткізіп, елдің бірлігін жырлады. Ал қазіргідей алмағайып заманда ұлт бірлігінің өзектілігі жоғары екенін баршаңыз білесіздер. Сондықтан біз бүгінгі іс-шараны Дулат Бабатайұлының саф алтындай жырларын жас ұрпаққа насихаттау үшін ұйымдастырып отырмыз. Оның өрімдей өріліп, таспадай таралған көркем туындылары қазақ әдебиеті тарихында темірқазық жұлдыздай мәңгі жарқырап, ғасырдан ғасырға жалғасын таба береді. Ақын халық санасында авторлық ауызша әдебиет пен жазба әдебиетті жалғастырушы алтын көпір тұлға ретінде мәңгі сақталады», деді Ерлан Сыдықов.

Ақынның меретойына байланысты конференцияға Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің құттықтау хаты жолданған. Онда «Ақын шығармаларының тамыры ізгі ұғымдарға, тағылымды да тәрбиелі жыр шумақтарына, жүйелі сөзге байланған. Кезінде Абай шығармашылығына ықпал еткен Дулат Бабатайұлының терең ойлы толғаулары, өткір мінезді жырлары Тәуелсіз Қазақстан жастарының рухани, интелектуалдық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне, адами кемелденуіне айтарлықтай ықпал етеді деп ойлаймын», делінген.

Конференцияға қатысушылар «Дулат Бабатайұлы және зар заман поэзиясындағы образдар жүйесі», «Арыстан жүрек дала шайыры», «Дулат Бабатайұлының қазақ әдебиеті тарихындағы орны», «Дулаттың тілдік тұлғасы», «Алаштың рухани мұрасындағы Дулат өсиетнамасы», «Дулат Бабатайұлы жырларының дәуірлік ерекшелігі» тақырыптарын кеңінен талқыға салды.

«Отарлық езгіге қарсы азаттық жолындағы ең ұлы поэзияны туғызған қазақ ақындары, қазақ жыраулары үнемі көлеңкеде қалып келеді. Осы ретте қазақтың үш ақынын бөліп атау керек: Дулат, Шортанбай және Мұрат. Тәуелсіздік алғанда байыпты түрде зерттеле бастады, алайда тереңіне жетіп болғанымыз жоқ. Осы орайда бүгінгі халықаралық конференцияның мән-маңызы айрықша деп білемін», деп атап өтті Мұхтар Мағауин.

Конференция барысында ЕҰУ телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы ақынның ұлтты ұйыстыруға бағытталған тағылымды ойларын жастарға жеткізу қажеттігіне тоқталды.

«Дулат Бабатайұлы даусыз дарын, дауылпаз ақын екенін бүкіл қазақ мойындаса да, әлі лайықты бағасын алған жоқ. Кеңес үкіметі кезеңіндегі зерттеулерде ақынға деген көзқараста біржақтылық орын алды. Сондықтан ақынның отты жырларын зерттеп, зерделеп, ғылыми талдап, елді бірлікке шақырған идеясын бүгінгі ұрпаққа жеткізуіміз қажет», деп атап өтті ол.

Ақын өз өлеңдерінде халқының мұңын мұңдап, сол замандағы ауыр ахуалды көрсете білген. Міне, осындай тұста Дулат өлеңдерінен «ел» сөзімен байланысты тіркестерді көп байқаймыз. Конференцияда ақын шығармаларындағы осы тұсты баяндамашылар барынша ашып көрсетті. Конференцияның мақсаты да сол, Дулат Бабатайұлының шығармашылық мұрасын насихаттап, қазақ әдебиетіндегі орнын айшықтау.

Заманында «Байғыз қарт» атанған ойшыл, «Көнелерден сұрасам, сөзін жинап, құрасам...» - деп көмейіне келген сөзді кімнен болса да тайсалмай тура айтатын шыншыл ақын Дулат Бабатайұлының шығармаларын қазақ халқына ғана емес, күллі түркі тілдес халықтарға насихаттап, қазақ әдебиеттінің өрісін кеңейтсек – нағыз құптарлық іс сол болар еді. Осы ойдың жетегімен Түркиядағы Муғла Сыткы Кочман университеті Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеті кафедрасының доценті Экрем Аян онлайн форматтағы пленарлық мәжіліске қатысты. Сөйтіп Дулат Бабатайұлының шығармаларын өз елінде кеңінен таныстыруға үлес қосатынын тілге тиек етті.

Аталған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға алаштанушы Тұрсын Жұртбай, белгілі тарихшы Тұрсынхан Зәкен, жазушы-драматург Роза Мұқанова т.б. зиялы қауым өкілдері, көрнекті ғалымдар мен ұлттық ән өнеріне еңбек етіп жүрген бірқатар белгілі азамат қатысты.

Пленарлық мәжілістен кейін конференция жұмысы «Дулат Бабатайұлы поэзиясындағы ұлттық мұрат тақырыбы», «Дулат Бабатайұлы тұлғасының зерттелуі және жаңа ізденістер» атты екі секция бойынша жалғасты.

Аружан Амангелді