
Ол кім? Бұл не?
Ғалымжан Ғабдрешов – қазақстандық өнертапқыш-ғалым. Кейіпкеріміз оқушы күнінен жаңа нәрсе ойлап табуды жақсы көріпті. Кейін бұл дағдысы кәсібіне айналды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ғылыми-зерттеу институтында темір жол саласына, Қорғаныс министрлігінде қорғанысқа, Денсаулық сақтау министрлігінде қатерлі ісікті емдеуге қажетті түрлі өнімдерді (құрал, құрылғы, жүйе) ойлап тауып, өндіріске енгізген. Бірақ бір қызығы Ғ.Ғабдрешов – тифлопедагогика саласының PhD докторы. Ғалым кенжелеп қалған саланы дамыту үшін осы бағытты таңдапты. Тағы бір ерекшелігі – оның көп зерттеушідей магистратура, докторантураны оқымағанында. Ол ғылыми өнертабыстарының нәтижесімен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде докторлық диссертациясын қорғап шықты. Ал бакалавр дәрежесін математика мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алды.
Кейіпкеріміздің біз сөз еткелі отырған өнертабысы – көзі нашар және мүлде көрмейтін балаларға арнап Брайль әліпбиін өздігінше үйренуге көмектесетін электронды әліппе. Өнертапқыш өзінің осы өнімін редакциямызға келіп таныстырды. Басында көргенде әлдебір техниканың қос алақанды қосқандай пішіндегі басқару пульті секілді деп ойладық. Қолға ұстамай тұрып бекер ұқсатпаппыз, аппараттың түймелерін саусақ ұшымен бассаңыз, пультке тигізгендей күй кешесіз. Әр түйме белгілі бір әріпті, цифрды немесе таңбаны білдіреді. Қайсысын бассаңыз, сонысы өз белгісін дыбыстайды.
Идея мұқтаждықтан туған
Әуелде балаларға арнап жасалғанымен, қазір оны зағиптарға арналған кітапхананың ересек оқырмандары да игілігіне пайдаланып жүр. Өнертапқыштың бұл аппараты SEZUAL деп аталады.
– Осыдан тура 4 жыл бұрын, яғни 2018 жылдың мамыр айында көзі нашар және мүлде көрмейтін оқушылары бар елордадағы №10 мектеп-гимназиясының әкімшілігі балаларға санау мен оқуды үйренуді жеңілдететін құрылғы жасауды сұрады. Мектеп өкілдері көру қабілеті терең бұзылған оқушылардың мектепке келгенде бірінші кезекте Брайльдің бедерлі-нүктелі қарпін үйренуден қиналатынын айтты. Мұндай балалар ерекше білім беруді қажет етеді. Дені сау баланың өзіне мектептегі жаңа тақырыпты үйге келгенде қайталап, бекіту керек. Оларға әріп танитын кез келген ересек көмектесе алады. Ал көзі көрмейтін оқушыға үйде кім көмектеседі? Олардың әрқайсысымен мектепте де, үйде де жұмыс істеп отыратын тифлопедагог жоқ қой. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында арнайы аппарат ойлап таптым. Өнім алдымен сол сұраныс білдірген, бірінші сыныптан бастап төртінші сыныпқа дейінгі зағип балалар білім алатын астанадағы №10 мектеп-гимназиясында тестілеуден өткізілді. Мектептің мамандары мен қолданушылар аппаратты өте жоғары бағалады, – дейді Ғ.Ғабдрешов.
Бір өкініштісі, елордалық емес, атыраулық мектептің оқушылары аппараттың алғашқы қолданушылары болды. Өйткені батыс өңірден демеушілер табылыпты, ал Нұр-Сұлтаннан жаны жомарт жан да, компаниялар да табыла қоймаған. Ғ.Ғабдрешовтің айтуынша, тіпті «Самұрық-Қазына» компаниясы, Елбасы қоры, «Болашақ» қоры қызығушылық танытқанымен, түптеп келгенде демеуші бола алмапты. Алайда өнертапқыш өзінің командасымен бірге демеуші іздеуді, өнімін таныстыруды тоқтатпады. Аппарат Қазақстан мамандандырылған кітапханалары жас кітапханашыларының I республикалық слетінде және Алматы қаласы білім басқармасының Н.Островский атындағы №4 Зағип және нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында таныстырылды. Сондай-ақ зағип балаларға арналған «Әлемді ашамыз және шекараны кеңейтеміз» атты халықаралық фестивалінде SEZUAL аппараты Түркия мен Әзербайжаннан келген халықаралық комиссияның жоғары бағасына ие болды. Аталған өнім осы саладағы жобаларға әдетте 3 жылдың көлемінде қауіпсіздігі, тиімділігі жөнінде құжат беретін швейцариялық ұйымның патентін жарты жылда-ақ алған.
Иә, қарап отырсақ, идея мұқтаждықтан туды, бірақ мұқтаждықтың бәрі қанағаттандырыла ма? Оны орындай алатындар бұған мүдделі ме? Әңгіме сонда секілді.
Өнертабысты өндіріске айналдыруға да жүрек керек
Жоғарыдағы салмақты сауалдан соң, өнертабысты өндіріске айналдыруға да жүрек керек екен ғой деп ойладық. Жай емес, жомарт жүрек керек екен. Кейіпкеріміз өзінің командасымен өнімді әзірлеуден кейін де көп ізденді. Тек 2020 жылы ғана олар батыс өңірден табылған демеуші - ТеңізШевройлдың қолдауымен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дыбыстай алатын 45 дана аппарат өндіріп, оны Атырау облысы білім басқармасына бағынысты Облыстық арнайы мектеп-интернатының зағип балаларына тапсырды. Осыдан кейін өнертапқыш аталған өңірден тағы да тапсырыс алды. Қазір кейіпкеріміз «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалына және Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына тапсыру үшін аппарат әзірлеп жүр.
Ендігі тапсырыстар шекара сыртынан түсіп жатыр. Себебі SEZUAL қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де қызығушылығын оятты.
– Алғашқы үлгілерін әзірлеу барысында қытайлық ұйымдардың өкілдерінен аппараттың қытай тіліндегі нұсқасын шығару туралы сұраныс түсті. Біз осы сұранысты орындауға бір жыл уақыт жұмсадық, ақыр соңында қытай тілінде Брайль жүйесін жасап шығардық. Неге ұзақ уақыт кеткенін айтайын, себебі қытай иероглифтерін Брайль қарпінің нұсқасына сәйкестендіру керек болды. Қытай тарапына өнімнің нәтижелерін ішінара көрсеткеннен кейін бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткіздік. Қытайда зағип балаларға келіп оқуға мүмкіндік беретін әлемдегі алғашқы қытайлық Брайль сыныптарын ашу жоспарланып отыр. Өйткені қазір Қытайда 10 миллионға жуық зағип жан өмір сүреді және олардың саны жыл сайын артып барады. Бұдан бөлек бізге Біріккен Араб Әмірліктерінің мұғалімдерінен «Брайль оқулығын араб тілінде Құранды үйренуге бейімдеу мүмкін бе?» деген сауал келді. Иә, шынымен де болады. Бұл жұмысты да біз бастап кеттік. Қазіргі уақытта Еуропа мен АҚШ-тың мамандандырылған мектептерін осы құрылғылармен қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Негізі алдымен АҚШ-қа жеткізуді көздеп отырмыз. Әлбетте олар біздің өнімді, еңбегімізді бірден мойындай қойған жоқ, әбден тексерді. Әуелде тіпті «Қандай ел? Бораттың елі ме?» деген сыңайдағы сөзді де естідік. Бірақ қазір бізбен мүлдем басқаша сөйлеседі. Америкадағы көзі нашар және мүлде көрмейтін балаларға арналған 46 мектептің өкілдері біздің аппаратты алуға ынталы. Осыншама мектептің өкілі және Америкалық кітапханалар қауымдастығы өнім туралы біледі, алдын ала тапсырыс бар. Бірақ дәл қашан және қанша сатып алатынын нақтылау үшін бізге АҚШ-қа бару керек. Себебі олар алдымен аппаратты көзбен көріп, қолмен ұстап көргісі келеді, – дейді Ғ.Ғабдрешов.
Кейіпкеріміз өзінің серіктестерімен осы жазда Америкаға баруды жоспарлап отыр. Бәрі де сол жақтан келетін ұсынысқа, алда белгіленетін ыңғайлы уақытқа байланысты болмақ.
Өнімнің өміршеңдігі мен өтімділігі неде?
Мамандардың айтуынша, бір баланың Брайль қарпін толық меңгеруіне бірнеше жыл кетіп қалады. Ал жаңа өнім арқылы мұны үйренушінің қарым-қабілеті мен осыған дейінгі дағдысына қарай бірнеше айға, тіпті аптаға дейін қысқартуға болады. Бұл әліпбиді үйренушінің де, үйретушінің де уақытын біраз үнемдейді. Бірақ мәселе мен аппараттың маңызы – тек уақытты үнемдейтінінде ғана емес, жұмыстың өнімділігін және нәтижесін арттыратынында. Өйткені көзі көрмейтіндерге арналған әліпбиді аз уақытта меңгерген бала өзінің білім қорын молайта береді, негізгі үй тапсырмасынан бөлек те өз бетінше танымын кеңейтеді, мүмкіндігі шектелмейді, керісінше арта түседі.
Өнімнің өтімділігіне тағы бір себеп қолданушылар ауқымының әуелдегі көзделгеннен кеңейгенінде секілді. Өнертапқыш аппаратты бастапқыда балаларға арнап жасағанымен, оны көзі көрмейтін ересек адамдар да қолдана алады, пайдаланып та жүр. Жоғарыда атап өткеніміздей, Атырау облысындағы арнайы кітапхананың келушілері үйіне алып кетіп Брайль әліпбиін үйренеді екен. Мұның да маңыздылығы жоғары.
Ойлап қараңызшы, басқа елді былай қояйық, біздің қоғамда адамдардың көру қабілеті көбіне туабітті емес, жүре келе, тіпті егде тартқанда бұзыла бастайды. Бірақ «алпыс – талтүс» демекші, зейнетке шығып, өмірінің жаңа парағын енді ғана ашып жатқандай күйде жүрген жан көзі көрмей қалса, оған оқу-жазу керек емес деп айта алмаймыз ғой. Ал алпыстан асқан адамды арнайы мектепке қабылдай ма? Әрине жоқ, егде жастағылар түгілі жастарды мектепке алмайды. Мектеп жасындағы балалардың өзіне орын жетпей жатқанда бұл мүмкін де емес. Өнертапқыштың өнімі Брайль қарпін адамға өз бетімен үйренуге мүмкіндік береді.
Мәселе
Әлбетте, аппарат – біраз адамға пайдалы, алайда қолжетімді емес. Жас ерекшелігіне қарамастан еліміздегі көзі нашар және мүлде көрмейтін барлық адамға қолжетімді болу үшін оған мемлекет пен қалталы кәсіпкерлер, ірі кәсіпорындар, арнайы қорлар мүдделі болуы керек, қаржыландыру қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылы қыркүйектегі Жолдауында: «Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты. Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді», деген еді. Кей кәсіпорындардың жылдық табысының 1 пайызы бірнеше миллиардты құрайды. Ондай қаражатпен бірнеше мектептің зағип оқушысын, арнайы кітапханалардың келушілерін құралмен қамтамасыз етуге болар еді.
Кейіпкеріміз бұдан басқа мәселенің екінші бір ұшын шығарғандай болды.
– Алматыда орналасқан Н.Островский атындағы №4 Зағип және нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында 250 орын бар. Бірақ онда 300 бала оқып жатыр. Демек 50 орынға артық оқушы білім алып жүр. Оған сыймай қалғандар тағы бар, қанша қаласа да олардың орналасуына мүмкіндік жоқ. Ал елордада, қателеспесем, көру қабілетінен айырылған балалардың саны 400-ден асады, – дейді тифлопедагог-ғалым Ғ.Ғабдрешов.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2017 жылғы деректері бойынша Қазақстанда 160 мың көру қабілеті нашар адам болса, оның 90 мыңы есепте тұр. Телефонға телмірген жас буынды көріп, «бұл санның көбеймесе азаймағаны анық-ау» деген ойға келесіз. Енді сол 160 мың адамның 10 мыңға жуығы – 18 жасқа дейінгі бала, оның ішінде 1,5 мыңға жуығы арнайы мектептерге баруға мүмкіндігі бар. Қалғандары мұндай мектептер жоқ елді мекендерде тұрады. Демек 8,5 мыңдай бала білім алу құқығынан айырылып отыр. Бұл – заңға қайшы. Себебі қолданыстағы «Білім туралы» заңда әр бала өзінің ерекшелігіне қарамастан сапалы білім алуға құқылы екені көрсетілген. Ал біз биыл «Балалар жылы» дейміз...