Қоғам • 24 Сәуір, 2022

Камал Смайылов – ұлтымыздың руханияты мен мәдениеті үшін ұлы істер атқарған дара тұлға - М.Әшімбаев

1015 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев елі үшін еңселі еңбек еткен ерен тұлға Камал Сейітжанұлы Смайыловтың өнегелі өмірін кеңінен дәріптеу – баршамыздың азаматтық парызымыз деп санайды. Бұл туралы пікірін М.Әшімбаев өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Камал Смайылов – ұлтымыздың руханияты мен мәдениеті үшін ұлы істер атқарған дара тұлға - М.Әшімбаев

«Камал Смайылов – ұлтымыздың руханияты мен мәдениеті үшін ұлы істер атқарған дара тұлға. Бүкіл ғұмырын туған халқына қызмет етуге арнаған ағамыз қазақ әдебиеті мен журналистикасын және киносы мен телевизиясын дамытуға зор еңбек сіңірді. «Қазақфильм» киностудиясына басшылық жасаған жылдарда ұлттық кино өнерін бұрын-соңды болмаған жаңа биікке көтерді. Сол кезеңде «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Тақиялы періште» сияқты көптеген шедевр туындылар дүниеге келгені белгілі», дейді Сенат Спикері.

Камал Сейітжанұлы қандай қызметте болса да ұлтжандылығымен және табандылығымен танылды. Мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы бола жүріп, қазақ тіліндегі хабарлардың санын да, сапасын да арттыруға баса мән берді. «Қымызхана», «Тамаша», «Алтыбақан», «Айтыс» сияқты төл құндылықтарымызды дәріптейтін жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болды.

Камал ағаның жетекшілігімен түсірілген Р.Қошқарбаев, Қ.Қайсенов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин және тағы басқа батырларымыз туралы деректі фильмдер бүгінде қазақ телевизиясының алтын қорындағы қымбат қазыналардың бірі болып саналады.

«Камал Сейітжанұлы Тәуелсіздік алған тұста Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде егемен еліміздің еңсе тіктеуіне де үлкен үлес қосты. Үнемі елдік мәселелерді назарда ұстап, қайраткерлік пікірін білдіріп отырды. Шерағаңмен жазысқан хаттарының өзі халық пен билік арасындағы алтын көпірдің озық үлгісі екені сөзсіз.

Ағамыз өмірінің соңына дейін ізінен ерген жас буынға жол көрсетіп, шәкірт тәрбиеледі. Елі үшін еселі еңбек еткен осындай ерен тұлғаның өнегелі өмірін кеңінен дәріптеу – баршамыздың азаматтық парызымыз. Мұндай қадам жас буынды отаншыл, ұлтжанды болуға тәрбиелейтіні анық. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағытта игілікті істер көптеп қолға алынады деп сенеміз. Камал ағамыздың рухы шат болсын, мұрасы мәңгі жасай берсін!», деп жазды Парламент Сенатының Төрағасы facebook желісіндегі парақшасында.