Аймақтар • 19 Сәуір, 2022

Жамбылда полиция ғимаратынан ұрланған автоматтар табылды

397 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облыстық полиция департаментінің ғимаратынан ұрланған қару-жарақтар табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбылда полиция ғимаратынан ұрланған автоматтар табылды

«Жақында Тараз қаласының тұрғындарынан 6 Калашников автоматы тәркіленді. Оның ішінде біреуі гранаталармен ату үшін жабдықталған. Бұдан басқа 4 жабдықталған оқжатар, дыбыссыз атуға арналған құрылғысы бар Макаров тапаншасы мен тегіс ұңғылы мылтық алынды. Олар Жамбыл облыстық полиция департаментінің ғимаратынан ұрланған», деді ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Департамент бастығының дерегінше, 7 қаңтарда Алматы-Ташкент автожолының бекетінде полиция қызметкерлері «Субару» автокөлігін тоқтатып, ішінен 10 бірлік аңшы мылтығын, бір пневматикалық тапанша және аңшылық керек-жарақтар тапқан. Көлікте болған 5 адамның да Жамбыл облысының тұрғындары екендігі және Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктер барысында аңшы дүкенін тонауға қатысқандары анықталған.

«Бес күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды», деді ол.

Сонымен қатар ол азаматтардың тәртіпсіздіктер барысында ұрланған мүлкін іздестіру мен табу жұмысы да жалғасып жатқанын айтты.

«Бүгінгі таңда полиция органдары азаматтардың сомасы 340 миллионнан артық теңгеге бағаланатын ұрланған мүлкін тапты», деді департамент бастығы.

Аяна Тоғанбек