Қоғам • 31 Наурыз, 2022

Телеарналарға түбегейлі өзгеріс қажет

2507 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Интернет желісінің дамуы адамзатты ақпаратқа қарық қылды деп айтуға болады. Қазір ежелден дамып келе жатқан газет-журналдар да, бертінірек дамыған теледидарлар да осы интернет ішіне еніп отыр. Газет пен теледидар негізінен көп жағдайда саясатқа қызмет етсе, яғни белгілі бір мақсаттарға сәйкес әзірленетін ақпараттарды ұсынса, интернет адамға ақпараттарды таңдау құ­қын бе­реді. Сондықтан оның сипатын ха­лық­тық деп атауға болады.

Телеарналарға түбегейлі өзгеріс қажет

Әрине, интернетке кіру үшін ең бірінші кезекте қолыңызда смарт­фо­ны­ңыз немесе компьютеріңіз болу керек­ті­гі тү­сінікті. Смартфондар қазір әріп танитын баладан бас­тап, ақсақалды қарттың да қал­та­сында жүр. Бүгінгі өмірді смартфонсыз елестетудің өзі мүмкін емес.

Дегенмен қазақ халқы үшін теледидарды әлі де болса ақпараттың басты құралының бірегейі деп есептеймін. Әлі де болса көп адам теледидар көреді. Өйткені смартфон қарағаннан гөрі теледидар қарағанның жөні бір бөлек. Оның үстіне, мұнда ел өмірінің жаңалықтары, соның ішінде биліктің әрекеттері басқа ақпарат құралдарына қарағанда жедел беріледі. Адамды естір құлақ алдауы мүмкін, бірақ көрген көз алдамайды. Теледидар бәрін көрсете алады. Әрине, елімізде әлеуметтік желілердің дамуы қазіргі қоғамға үлкен сілкініс әкелді. Сондықтан халықтың көбі солай қарай бет бұрды. Бірақ ондағы хабарлардың шындығынан өтірігі көп болатынын, онда ақпарат тарату ісін еріккеннің ермегіне айналдырып, ешқандай жауапкершіліксіз, ойына келгендерін жүктей салатындар көп екенін кешікпей аңғардық. Негізінде, бұл – әлеуметтік желілердің міні емес, қоғамның міні. Әлеуметтік желілердің дамуы негізінен қоғамның саяси, мәдени, тіпті әлеуметтік тұрғыдан дамуын қалайды. Сол себепті оған өкпелеудің қажеті жоқ. Ал теледидар арқылы ақпарат тарататын телеарналарда кәсіби мамандар, қалыптасқан кәсіби ұжым жұмыс істейді. Олар өздері тарат­қан ақ­параттың рас-өтірігі үшін жауап береді. Теледидар осы үшін қымбат.

Соңғы он-он бес жылдың айналасында қазақ теледидарының бойында үлкен бір қоғамдық кесел пайда болды. Ол тек қана біржақты ақпарат көзіне айналды. Сөйтіп, шындық далада қалды. Бұл кесел, әсіресе са­­лық төлеушілердің қаражатымен жұмыс іс­тей­тін мемлекеттік телеарналардың эфирінен анық көрінді. Тарататын хабарларының бәрі біржақты деуге келеді. Көбінесе, мадақтау. Кейбір жағдайда сынаған болады. Ол сынның түпкілікті себебі ашылмағандықтан әдетте үстірт жағдайда қала береді. Қала берді, ток-шоулар ұйымдастыру, кино мен концерт көрсету, одан асса, әнші мен сықақшыны мадақтау, бесіктен белі енді шығып жатқан жас әншінің өміріне, әдетіне үңілу. «Қандай кофе ішесіз?», «Пәленшекеңмен неге ренжісіп жүрсіз?», т.т.

Соңғы бес-алты жылдың айналасында осындай жеңіл-желпілік, халықтың көкейіндегі сұрақтардан жалтарушылық белең алды. Мем­ле­кеттік телеарна жекеменшік телеарнамен жарысып, рейтинг қуатын болды. Рейтинг қуу деген не? Ол халықтың соңынан жүгіру деген сөз. Бұл жекеменшік телеарнаға жарасады. Себебі ол өмір сүруі керек, қаржы табуы керек. Сондықтан халықты күлдіруі керек, жы­латуы керек, әйтеуір көңілін табуға тиіс. Ал мемлекеттік телеарнаның мақсат-мұраты мүлдем басқаша болса керек-ті. Бұл кешегі Алаш арыстары аңсаған ағартушылық бағыт ұстап, халықтың көзін ашуы керек. Ненің жақсы, ненің жаман екенін ұқтыруы, халықты тойға емес, ойға шақыруы қажет. Тәуелсіздігіміздің жоқ-жітігін түгендеуі, осы жолдан қалт бастыратын кеселдермен күресуі, қысқасы, халықтың соңында емес, алдында болуы керек.

Мемлекеттік телеарналар мұндай биік мұ­рат­тарға қызмет еткенді қойып, соңғы бес-алты жылда қайнаған өмірдің өзін көрсетіп бере алмады. Анау таудың қолат-қойнауында мал бағып оңаша отырған шопанның ойында не бар? Ол нені аңсайды, қалай күн көріп жатыр? Кешегі аты дүркіреген кеңес шопаны мен бүгінгі тәуелсіз елдің белгісіз шо­па­ны­ның өмірінде қандай айырмашылық бар? Мал бағу ісінде қандай өзгешілік бар? Оны жеңілдететін қандай технологиялар өмір­ге енуде? Металлургтер, мұнайшылар, құ­ры­лыс­шы­лар­дың көкейінде тұрған қандай мә­се­ле бар?

Қазір түрлі жаңа мамандықтар ашылып жатқан заман. Менің ойымша, әншінің өміріне үңілгеннен гөрі сондай мамандықты игеру үстіндегі талантты жастар өміріне үңіліп, олар­дың алға қойған арман-мақсаттарын білу жұрт­шылыққа әлдеқайда қызықты болар еді. Пре­зи­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-тарды ашықтыққа шақырып, өте орынды мәселе көтерді. БАҚ-тар, соның ішінде бірінші кезекте мемлекеттік телеарналар түзелмей ештеме түзелмейді. Бірінші кезекте сөз түзелуі керек. Бұл – барлық істің басы.