Әдебиет • 29 Наурыз, 2022

Жазушының жазу үстелі

2171 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуықта Семейдегі Абай музейіне барғанымда, ол жерден хакімнің жазу үстелін көрдім, кешегі күннің көзіндей болған қоңыр үстел «бәрін мен білемін» дегендей көзге оттай басылады. Көрген адамның ойына ой қосып, өткен дәуірге жетелейді. Классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жаз» деген сөзі осындайда еске оралады. Шығармашыл адамдар үшін қағаз бен қалам қандай қажетті болса, жазу үстелі де сондай керекті.

Жазушының жазу үстелі

Құдды дүниеге жаңа есік ашқан сәбиді әлдилеп бесікке бөлеген секілді жаңа жазылған шығарманы да жазу үстеліне мәлім уақыт тастап қойып, суырмада ыстық-суығын басып суы­тып барып, оқырманға ұсынып жатады. Бұл әдебиет әдебиет болғалы бері қайталанып келе жатқан үрдіс. Ендеше біз жазушылардың жазу үстелін шығарманың бесігі деуімізге толық негіз бар. Әр жазушының жазу үстелі әртүрлі болған, тіпті кейбірінде жазу үстелі болмаған да.

«Шоу бұрышы»

Ағылшын әдебиетінің саңлақта­ры­ның бірі Джордж Бернард Шоудың есімі әлі күнге дейін жиі аталады. Бұған себеп, оның оқылымды, өмір­шең шығармалары. Ал, ол осы шы­ғар­ма­ларын қайда жазды? Осыған тоқталайық. Оның жазу үстелі тым қарапайым болғанын ол туралы дерек­тер дәлелдейді. Тіпті ол өзгелер сияқ­ты сәнқойлыққа салынып, шығар­машылық үйіне қымбат жазу үстелін қоймапты. Бар болғаны өз вилласының ауласына ағаштан шағын кабинет жасап, оны өзі «Шоу бұрышы» деп атапты. Аталған бұрышта ол әдебиетте ойып орын алған ірі шығармалар мен сахналық туындылар жазып, мол мұ­расын жұртқа ұсынған. «Шоу бұ­ры­шына» назар салсаңыз, таза ауада, жа­рық жақсы түсетін ортаға орна­лас­­қан, әрине, шығармашыл адам үшін осын­дай жайлы да тыныш мекен керек-ақ.

в

Хэм ағайдың кабинеті

Хемингуэй әдетте қалтасына дәптер мен қарындаш салып, кафе­лерде жазғанды ұнататын, ол өзінің әйгілі «Күн де көтеріледі» романының негізгі бөлімін осындай жағдайда жазған. Кейінірек Хемингуэй Фло­рида штатындағы Ки-Уэсттегі үйінде кітаптар мен газеттердің үйінділеріне толы жатын бөлмесінде бізге жеткен шығармаларын жазды. Оның жазу үстелі мен машинкасы Флорида штатындағы Ки-Уэсттегі Хемингуэйдің үйінде сақталған. Жазушының үйіндегі бірден-бір құнды мұра осы болмақ. Кең дүниені ай сайын аралап, әлемге саяхат жасауды өзінің әуесі санаған Хэм ағай үшін тар кабинеттегі жазу үстеліне көп отырудың да мүмкіндігі болмаған шығар. Бірақ жазушының «Африканың жасыл төбелері», «Бар мен жоқ», «Френсис Макомбердің бақытты өмі­рі», «Килиманджаро – қарлы тау» сияқты бірнеше шығармасы осы үйде тұрғанда, үстел басында жазылған.

а

Үйден мұражайға дейін

Джейн Остиннің мұражай үйінде оның жазу үстелі тұр. Осы үстелді көру үшін жыл сайын сан мыңдаған адам аталған музейге барады. Джейннің оқыр­мандар ұнатқан романдары мен есте қаларлық кейіпкерлері осы жазу үстелінің жемісі. Ол үнемі күнделік жазуды әдетке айналдырған. Сол үшін оның жазу үстелі терезе алдына қой­ыл­ған. Аталған үстел 1957 жылы оның тұрған үйінен мұражайға ауыс­ты­рыл­ды.

а

Роулингтің «көшпелі» үстелі

Ал ағылшын жазушысы Дж.К.Роу­лингтің жазу үстелінің өзіндік қызықты оқиғасы бар. Роулинг Хәрри Поттер сериясының соңғы кітабын жазатын уақыт келгенде, жұмыс істеу үшін тыныш орын табу қиынға соғады. Ол Эдинбургтегі The Balmoral қонақүйіне барып біраз уақыт шығармашылығын жалғастырады. Бірінші күннің сәтті өткені сонша, ол сол жерде тұра беруді жоспарлап, 2006 жылдың тамыз айында сонда «қоныс аударды». Бұл қонақүй бөлмесі қазір JK Rowling Suite деп аталады. Әрине, қонақүйдегі жазушының «уақыттық жазу үстелінде» Хәрри Поттердің соңғы нүктесі қойылды. Бұл да шығармашылық әлем үшін еске алуға тиісті жайттың бірі.

в

Жазу үстелі жанашыры

Луиза Мэйдің есімі өзінің клас­сикалық романы «Кішкентай әйелдер» арқылы күллі оқырманға жақсы таныс. Ол Orchard House-тегі жазу үстелінде әр шығармасын қолмен жазды. Көптеген жылдар бойы қолжазбалары дұрыс қабылданбағандықтан, баспагері оған қыздар туралы әңгіме жазуды ұсынды. Ол тапжылмай жазу үстелінде отырып екі жарым ай ішінде «Кішкентай әйелдер» атты романын өмірге әкеледі. Ол осы кітабын өмір тәжірибесіне сүйене отырып жазды. Бұл шығармада да жазу үстелінің рөлі ерекше болғаны шындық. 

ы