Қаржы • 16 Ақпан, 2022

Қазақстанда аудиторлық ұйымдардың жұмысына мониторинг жүргізіледі

445 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржы мониторингі агенттігі аудиторлық ұйымдардың қызметіне күмән келтірді. Ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдегендей, аудиторлық ұйымдардың жұмысына мониторинг жүргізілетін болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда аудиторлық ұйымдардың жұмысына мониторинг жүргізіледі

ҚМА түсіндіргендей, аудиторлық ұйымдар өз қызметтерін көрсете отырып, клиенттердің жұмысындағы олқылықтарды анықтау үшін олардың қаржылық қызметін тексереді, салық салу, кәсіпорынның есеп саясаты және т.б. мәселелері бойынша кеңес береді, сондықтан олар көлеңкелі схемалардың белгілі бір белгілерін, атап айтқанда салық салудан жалтаруды, бюджет қаражатын ұрлауды, қаражатты заңсыз шығаруды және оффшорға аударуды уақтылы анықтай алады.

«Осыған байланысты аудиторлық ұйымдар қаржы мониторингі субъектілерінің тізбесіне енгізілген және оларға кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңның барлық талаптары қолданылады», деп жазады агенттіктің баспасөз қызметі.

Қазақстанда 484 аудиторлық ұйым жұмыс істейді және олардың 418-і қаржы мониторингі агенттігінің қаржы операциялары туралы деректерді жинау жүйесінде тіркелген.

Ведомство атап өткендей, деректерді жинау жүйесінде тіркелген аудиторлық ұйымдардың аз бөлігі ғана шекті және күдікті операциялар туралы хабарламалар жібереді.

Агенттік өз кезегінде жоғарыда көрсетілген мәліметтерді кейіннен тексеру және қажетті шаралар қабылдау үшін аудиторлық ұйымдардың реттеушісі - ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жібереді.

Тексеру қорытындысы бойынша кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң талаптарының сақталмау фактілерінің анықталуы осындай аудиторлық компаниялардың іскерлік беделіне елеулі нұқсан келтіреді, деп атап өтті агенттікте.

Өз кезегінде АФМ қылмыстық ақшаны заңдастыруға қарсы іс-қимылда аудиторлық ұйымдармен диалог жүргізуге дайын екендігін білдірді.