Қазақстан • 12 Қаңтар, 2022

Сын сағат: сабақ пен үміт

811 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа жылдың алғашқы күндерінде елімізде болған оқиғалардың себебі те­рең­де жатса керек. Оны тәптіштеп тек­серіп, сараптап, оған құқықтық баға бері­летін күндер алда.

Сын сағат: сабақ пен үміт

Елімізде соңғы 30 жылда табыстармен қатар кемшіліктер де болды. Сол қателік­терге көз жұма қарап, сападан гөрі сандық көрсеткіштерге көп мән беріліп кеткенге ұқ­сай­ды. Осы құбылыс өмірдің барлық саласын қамтығаны да белгілі. Оның, әсіресе, азаматтардың санасының улануына ықпалы зор болды. Одан басқа Батыстық либералдық демократиясының жымысқы әсерін де ұмыт­паған жөн.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығының салтанатты қорытындысы өткен жылдың соңында жасалса, оның шынайы және мазмұндық-сапалық бағасын, өкінішке қарай, террористердің шабуылына жол берілу фактісі беріп отыр. Осы ахуал Қазақстанның болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматқа басына жай түс­кендей әсер еткені рас. Бүгіндері халық кімге және неге сенерін білмей дал болып, бойларын үрей билеуде. Олар кешегі «гүлденген, тұрақты Қазақстанға ма, әлде бүгінгі күннің ақиқатына айналған «халықаралық деңгейде мойындалған жетістіктердің» көзден ғайып болып бара жатқан шындығына сенуі керек пе?

Олай болса, осыған дейін жүргізіліп кел­­ген мемлекеттік саясатты қайта қарап, «қоз­­ғауға болмайтын» тақырыптар мен сұрақ­тар­дың барлығының басын біржолата ашып, «көлеңкелі» саясаттың артында тұр­ған «қай­раткерлер» мен «суға батпайтын, отқа жанбайтын» делдалдардың шынайы бет­пер­десін ашатын мезгіл келді. Қоғамды адам­ға қарсы қара күштерден осылайша тазартпай тұрып жағдайдың оңалуы екіталай. Өйткені кешегі күнге дейін өзіміз куәсі болған екіұштылық пен немқұрайдылыққа, нәтижесіз және сапасыз әрекеттерге, шалағайлық пен ат төбеліндей азғандай топтың ығына жығылып, олардың халық үстінен күн көруіне көз жұма қараудың қисыны бола қоймас. Конституцияға сәйкес барлық азаматтардың заң алдында құқықтарының теңдігі қағидатын қатаң еске салатын кез де келді. Сонда ғана олардың демократиялық құқықтары мен бостандықтары сақталатыны сөзсіз.

Әлемдік демократиялық үрдіс көрсеткен­дей, Батыстың тығырыққа тірелген және беделінен жұрдай болған «қос стандартты» заңға емес, өздеріне ыңғайлап ойдан шығарылған, қоғам тұрмақ табиғат заңына кереғар келетін, қайдағы бір «ережелер» мен «құндылықтар» сымақта­рынан не қайыр. Анығында, бұл күштердің аңсайтыны Қа­зақстанды отқа орап, оның геостратегиялық маңызды кең-байтақ, асты мен үсті  қазба байлыққа толы жеріне ие болу арқылы елімізді қуыршақ мемлекетке айналдыру. Қол­дары қанға боялып, бүкіл әлемге аты шық­қан террористік идеологияны ұстанған ланкес­тердің Алматы және Қазақстанның басқа да қалалардағы қатыгездігі мен қолданып жат­қан тәсілдері осының нақты айғағы бола алады. Өйткені бұл ереуіл емес, нағыз соғыстың өзі.

Міне, осындай жағдайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ҰҚШҰ-ның көмегіне жүгінуі объективті қажеттілік және заңды шешім екендігін ескерген абзал. Себебі қалыптасқан ахуалды бейбіт шеру деп бағалау мүлдем мүмкін емес. Керісінше, бұл іс жүзінде, тәуелсіз Қазақстанның барлық территориясын дерлік бір мезгілде қамтып, бір орталықтан басқарылып, үйлестірілген, мұқият және арнайы дайындалып, алдын ала жоспарланған, шетелдік содырлардың қатысуымен ұйымдастырылған террорлық және қаскөйлік акт. Міне, осындай ашықтан-ашық еліміздің мемлекеттілігіне қауіп-қатер төніп, тәуелсіздігіміздің тағдыры сын тезіне түскен шақта ҰҚШҰ-ға арқа сүйегеніміз дұрыс болды. Мұндағы басты мақсат – елді­гімізді сақтап қалу, Тәуелсіздік пен мем­лекет­тілігіміздің тұғырын шайқалтуға жол бермеу. Ол қоғамда тыныштық пен тұрақтылық орнатып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, оның құқықтарын сақтауға мүмкіндік тудырады. Әлде бізге террористік шабуылдың зардаптарын еңсеруге көмектесемін деудің орнына, бүліктің шығу себептерін «шешуге» деп отырған АҚШ-қа арқа сүйеу керек пе еді? Жоқ, Қазақстан оған бара алмайды. Өйткені мұның артында адам құқықтары бұзылды деп бізді кінәлау мен санкция салу және т.б. жымысқы әрекеттердің тұрғандығы белгілі. Олай болса, Президенттің төңірегіне топтасып, халқымыздың бірлігін нығайту қажет.

Еліміздің жасандылық пен жалған жоспарлардан бас тартып, жаңа да жауапкершілігі жоғары, халық үніне құлақ асатын саясат жүр­гізуге кіріскені жөн. Жетістіктерімізді қай­та қарап, осал тұстарымызды анықтауға мүмкіндік мол. Бұл бұрынғы заманның бітіп, етек-жеңімізді жинаудың, Қазақстанның жаңа­руының бастауы болмақ.