Экономика • 03 Желтоқсан, 2021

БЖЗҚ төрағасы ең төменгі күнкөріс мөлшері неге өзгергенін түсіндірді

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 2 желтоқсанында Қазақстан Республикасының «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына қол қойды. Заңда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ұлғайту көзделген, деп жазады Egemen.kz.

БЖЗҚ төрағасы ең төменгі күнкөріс мөлшері неге өзгергенін түсіндірді

Ең төменгі жалақы қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейеді. Сонымен бірге, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері мен өзге де әлеуметтік көрсеткіштер өсті.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңда «зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі - міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған, ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес ең төмен мөлшері»,  деп белгіленген.

Ең төменгі жеткіліктілік шегі (ТЖШ) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 2 қазанындағы №1042 қаулысымен бекітілген Әдістемеге (2021 жылдың 6 қаңтарындағы өзгерістерімен және толықтыруларымен) сәйкес жыл сайын қайта есептеліп отырады және БАҚ-та жарияланады.

«Бекітілген Әдістемеге сәйкес, ТЖШ мөлшері әрбір жас ерекшелігі үшін анықталады және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін ескереді. Есептеуде ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты ТЖШ мөлшері аталған көрсеткіштердің жыл сайын өсуін ескере отырып есептеледі», деді БЖЗҚ төрағасы Жанат Құрманов.

Бұл көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты Үкіметтің қолданыстағы қаулысына сәйкес 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ТЖШ қайта есептелді.

«ТЖШ асатын сомасы бар азаматтар өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделуге ақы төлеу, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалана алады», деді Жанат Құрманов.