Үкімет • 17 Қараша, 2021

А.Мамин құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ВАК отырысын өткізді

187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) отырысында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

А.Мамин құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ВАК отырысын өткізді

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов және т. б. баяндама жасады.

2021 жылдың 10 айында Қазақстанда тіркелген интернет-алаяқтық фактілерінің саны 17,8 мыңды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2 есеге жуық көп. Интернет-алаяқтық Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында көбірек тіркелген.

Кибер-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері –  интернет-хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем не толық төлем алу (8,2 мың факті), микрокредиттік ұйымдардың сайттарында жалған онлайн-қарыз ресімдеу (2,7 мың), банктердің қауіпсіздік қызметтерінің атынан қоңырау шалу арқылы банк шоттарынан ақша ұрлау (2,3 мың), түрлі жобаларға, ойындарға және т. б. тиімді ақша салуды ұсыну (1,9 мың), жалған сілтемелер жіберу арқылы жеке деректерді немесе ақшаны иелену (1,3 мың) және т. б. Бұл ретте алаяқтар шығыс нөмірлерін қазақстандық ұялы операторлардың абоненттік нөмірлеріне ауыстыру бойынша хакерлік бағдарламаларды қолданады.

Интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелерін кадрлық және техникалық қамтамасыз ету күшейтілді.

ҚНРДА биылғы сәуір айында онлайн микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды сәйкестендірудің жаңа тәртібін енгізді. Сәйкестендіру үш тәсілдің бірімен жүргізіледі, атап айтсақ: ЭЦҚ арқылы, қарыз алушының биометриялық параметрлерінің сәйкестігін салыстырып тексеру, жеке деректерді екі факторлы тексеру және нақты уақыт режимінде тұлғаның бейнесін тексеру.

2021 жылдың 10 айында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында жүргізуші тәртібіне бақылау күшейтілді. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 20 мыңға жуық жүргізуші ұсталды, 5 мың қарсы қозғалыс жолағына шығу жағдайының жолы кесілді. 24,5 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды, оның ішінде 1,3 мыңы өмір бойы көлік жүргізе алмайды. 20 мың ереже бұзушы әкімшілік қамауға алынды. 220,5 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.