Қазақстан • 16 Қараша, 2021

Өңірлердегі өзекті мәселелер республикалық деңгейде көтерілді – Ерлан Карин

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Карин атқарылған жұмыстар жайлы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өңірлердегі өзекті мәселелер республикалық деңгейде көтерілді – Ерлан Карин

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бес отырысынан бері кеңес мүшелері хатшылықпен бірге бірнеше бағытта жұмыс атқарған.

«Біріншіден, Ұлттық кеңес мүшелері тығыз қарым-қатынасты дамыта отырып, жаңа ұсыныстарды бірлесе пысықтады. Атап айтқанда, биыл онлайн форматта Ұлттық кеңес мүшелерінің және министрлердің қатысуымен 7 кездесу өтті. Онда көптеген ұсыныс талқыланып, соның нәтижесінде бірқатар мәселе оң шешімін тапты. Жуық арада тағы бірнеше министрмен онлайн кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз.

Екіншіден, мамыр айынан бастап Ұлттық кеңес мүшелері өңірлерге сапарға шыға бастады. Олар Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында болды. Сапар барысында аймақтағы белсенді азаматтармен, жергілікті қоғам өкілдерімен тиімді байланыс орнатылды. Соның арқасында өңірлердегі өзекті мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік туды. Дәл осындай кездесулер басқа да облыстарда өткізу жоспарлануда», деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар ол Ұлттық кеңес мүшелері мен хатшылық жаңа ұсыныстар топтамаларын әзірлей отырып, Президенттің реформаларының іске асырылу барысын үнемі бақылауда ұстап отырғандығын айтты.

«Ұлттық кеңестің әрбір отырысынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін арнаулы жоспар бекітіледі. Хатшылық осы жоспардың негізінде барлық бастаманы уақытылы және сапалы орындалуын қадағалайды. Содан кейін тиісті анықтамалық ақпарат тұрақты түрде Президент Әкімшілігі басшылығы мен кеңес мүшелеріне жіберіліп, ресми сайтта жарияланады. Осылайша, әріптестеріміз Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру барысынан үнемі хабардар болып, іске асырылған реформалар бойынша толық талдау жасай алады», деді Ерлан Карин.

Оның айтуына қарағанда, Ұлттық кеңес құрылғаннан бергі екі жарым жылдың ішінде кеңеске 19 адам жаңадан мүше болды. Сол арқылы кеңестің құрамы ғана емес, онда қаралатын мәселелердің мазмұны да толыға түсті. Мұның барлығы Ұлттық кеңес қызметі тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаспақ.