Пікір • 05 Қараша, 2021

Аида Балаева: Қазақтілді оқырмандар саны артып келеді

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада өтіп жатқан қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылар Форумында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева баяндама жасап, іс-шараға қатысушыларды құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аида Балаева: Қазақтілді оқырмандар саны артып келеді

«Бүгінгі таңда, мемлекеттік БАҚ-дағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 78%. Оның ішінде телеарналардағы контент – 79,2%, баспа басылымдарда 84,50% және интернет-ресурстарда – 59,81%. Осыдан 10 жыл бұрын мемлекеттік тілде ақпарат тарататын  6 сайт қана болса, бүгінде жағдай мүлдем бөлек (2009 жылдың көрсеткіші: abai.kz, egemen.kz, jasqazaq.kz, qazaquni.kz, turkystan.kz, zamandas.kz.). Қазіргі таңда отандық интернет медианың шамамен 14% үлесін қазақтілді сайттар құрайды. Жылдан жылға қазақ тілді интернет порталдардың саны да, оқырмандар қатары да артып келеді. Соңғы 2 жыл ішінде жаңадан 46 сайт ашылды», деді Аида Балаева.

Сондай-ақ министр отандық медиада қазақ тілінде контент жасау – ақпараттық саясаттағы басым бағыттардың бірі екендігін айтты. Бұл саладағы атқарылған жұмыстың көлемі де, сапасы да жылдан жылға артып келеді.

«Әрине, мемлекеттік тілдегі медианың белсенді дамуы – бірінші кезекте қазақ тілді аудиторияның өсуіне байланысты. Себебі бұл қоғам талабы. Сұраныс әрқашанда ұсынысты тудыратыны белгілі. Дегемен сан бар жерде сапа мәселесін де ұмытпауымыз керек. Өкінішке орай, қазір арзан мәлімет таратуға әуес «сары басылым» деңгейінен өзгергісі келмейтін онлайн медиалар жетерлік. Қысқа уақытта мол қаралым жинауды басты мақсат ететін сайттар ақ-қарасын ажыратпай жалған ақпарат беруге, бір-бірінен көшіріп басатын сапасы төмен аудармалар мен бүкіл контенті тек қылмыс хроникасынан тұратын «жаға ұстатар жаңалықтарға» ғана әуес. Әрине, дәстүрлі басылымдардағы жазу тілі мен интернеттегі жазу стильінде айырмашылық бар. Көптеген ақпарат сайттары мәліметті қысқа әрі жеңіл жазуды таңдайды. Сондықтан бүгінде «Интил» («Intil») жазу формасы ұғымы пайда болды. Десе де жылдам ақпарат таратуды ғана ойлайтын сайттарда көп жағдайда тіл тазалығы болмайды. Мұның өзі, бірінші кезекте  қазақ тілін интернет арқылы оқып үйренетін өскелең ұрпаққа кері әсер ететіні анық», деді министр.

Аида Балаеваның айтуынша, қазір интернет сайттар – әмбебап хабар тарату құралына айналған. Бүгінде бір сайттың ішінен жазба ақпаратты да, аудио хабарламаны да, бейне-бағдарламаларды да табуға болады. Мысалы мемлекеттік қолдауға ие е-history.kz, аdebiportal.kz, el.kz, inform.kz, baq.kz сияқты сайттарда қазақ тіліндегі материалдар заманауи форматтағы бейне жазбалар, аудиоподкасттар оқырмандарға қолжетімді. Бүгінде жастар арасындағы ең сұранысқа ие қосымшалардың бірі – «TikTok» әлеуметтік желісі. Бұл ретте, е-history.kz порталы «Тиктокер тарихшы» парақшасын ашып, жастарға жеңіл әрі қысқа түрде еліміздің тарихын түсіндіретін ақпарат береді.