Экология • 20 Қыркүйек, 2021

Тынық мұхиттағы аралдар жойылып барады

1100 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаһандық жылыну Тынық мұхиттағы аралдарға үлкен қауіп төн­д­іріп тұр. Климаттың өзгеруіне байланысты өңірде су деңгейі көте­ріліп, нөсер жауын көбейіп, долы дауыл жиілеген. Ға­лым­дардың болжамына сүйенсек, келесі ғасырда әлемдегі ең үлкен мұ­хит қоршауында жатқан бірнеше ел мүлдем жойылып кетуі мүмкін.

Тынық мұхиттағы аралдар жойылып барады

Расында, климат өзгеруі Ки­ри­бати, Фиджи секілді атолда­ры көп арал-мемлекеттерге оңайға соғып отырған жоқ. Бірін­­ші­­ден, жаһандық жылыну салда­рынан су деңгейі көтерілді. Ал Тынық мұ­хиттағы аралдың көбі теңіз дең­гейіне жақын. Сон­дық­тан олар­дың су астында қалу ықти­мал­­дылығы жоғары.

Екіншіден, жаһандық жылыну салдарынан алыстағы аралдарда дауыл мен жел көбейіп, биік-биік толқындар жергілікті бағ­бандардың бақшасын шайып кетіп жатыр. Мәселен, екі жыл бұ­рын Кирибатидегі үш арал мүл­дем жойылып кетті.

Үш аралды көп жылдан бері мыңдаған тұрғын мекендеп келген еді. Бірақ өткен ғасырдың ая­ғында, 70-ші жылдардан бас­тап су деңгейі көтеріле бастады. Сөйтіп, мұхит онда орналасқан үйлерге жақындай түсті. Соның салдарынан сәл күн күркіреп, жел тұра қалса, шапшыған толқындар жа­ғаға емес, үйлерге соғылатын бол­ды.

Кирибати – осындай 32 атолдан құралған мемлекет. Аталған ел кейінгі уақытта жаһандық жы­лы­нудың салдарын бір адамдай тартып отыр. Су деңгейінің кө­те­рілуі салдарынан байырғы тұр­­ғындар мекенін тастап, қоныс ауда­рып жатса, екінші жағынан та­сыған толқындар егістікті шайып кетіп, тұщы су көздеріне теңіз­дің ащы суы толып, ішуге жарамсыз болып қалды.

Ғалымдардың болжауынша, теңіз деңгейінің осылай көте­ріл­­уі жалғаса берсе, келешек­те Ки­рибати секілді Тынық мұхит­та­ғы аралдар шетінен су астына кетуі ықтимал. Бұл бір жағынан қоршаған ортаға, яғни сол жерді ме­кендеген жануарлар мен да­мыл­­дайтын аң-құстарға зиян ти­гі­зсе, екінші жағынан жергілікті тұр­ғындардың өміріне қауіп төн­ді­реді.

Кейінгі бірнеше жылда жоға­лып кеткен аралдар саны мұны­мен бітпейді. 2019 жылы Арк­ти­ка­ны спутник арқылы бақы­­лаған ғалымдар қызық құбы­лыс­ты байқаған. Франц-Йосиф жері архипелагында орналасқан атол­дар­дың бірі – Перламутр мүл­дем жоқ болып шыққан. Осыған бай­ланысты мәселенің анық-қаны­ғына көз жеткізу мақсатында Сол­­түстік мұзды мұхитқа арнайы экс­­педиция барды. Сөйтіп Пер­лам­утр аралының су астына кет­ке­ні анықталды.

Ал 2018 жылы Уалака атты алапат дауылдан кейін Гавайдағы бір арал су астында қалған еді. Сон­дай-ақ Жапонияда да осыған ұқ­сас жағдай тіркелді. Гавайдағы арал­дың жойылуының теңіз эко­­жүйе­сіне тигізетін зияны ерек­ше. Аталған жерде теңіз мы­сы­ғы дамыл­дап, жасыл теңіз тас­ба­қа­лары жұмыртқалайды.

Гавайдағы жасыл теңіз тасба­қа­ларының жартысы осы аралды мекендеген. Сондай-ақ осы өңірге тән теңіз мысығының жетіден бірі тек жоғалып кеткен аралда өмір сүрген. Өкініштісі, аталған екі те­ңіз жәндігі де жойылу қаупі бар аң­дар санатына кіреді.

Жаһандық жылынудың Тынық мұхит аралдарына тигізетін зардабы бұдан да көп. Көмірқышқыл га­зының ауаға көптеп таралуы мұ­хит суына әсер етіп, соның сал­дарынан теңіз маржандары азайып, онда мекендейтін жән­дік­тердің жо­йыл­уына әкеліп соғып отыр. National Geographic деректеріне қа­ра­ған­да, кейінгі он жылда Тынық мұхиттағы бірнеше үлкен маржан рифтері жойылып кеткен. Мұның «домино эффектісі» бар. Яғни аралдардың айна­ласын­дағы рифтердің жойыл­уының сал­дарынан мұхит толқы­ны­нан бұрынғыдай қорғану мүмкін емес.

Оның үстіне, Тынық мұхит­та­ғы аралдардың көбі жал­пақ, теңіз деңгейімен шамалас. Мәселен, Маршалл аралдары орта­ша есеппен су деңгейінен 1,8 метр биікте жатыр. Мұндағы ең биік атолл – Ликиептің биіктігі 10 метр ғана. Тува­лудағы жағдай да осындай. Атал­ған елдің ең биік нүктесі Ниу­лакита аралы небәрі 4,8 метр жоғары орналасқан. Алда-жал­да мұхит суы көтеріле қалса, атал­ған мемлекеттерге оңайға соқпайтыны түсінікті.

Кейінгі 35 жылда жер-жаһан күрт жылынған. НАСА-ның мә­ліметіне сүйенсек, XIX ға­сыр­­мен салыстырғанда Жер­дегі орташа температура 1 градусқа кө­те­рілген. Мәселен, 2010 жылдан бері әлем бес рет рекорд­тық деңгейде ысыған. Ға­лым­дар мұ­ның негізгі себебі – көмір­қыш­қыл газы мен жылыжай газ­да­рының ауаға көптеп шығарыл­уы екенін айтады.

«Жұт жеті ағайынды» демекші, жа­һандық жылынудың теріс әсері көп. Антарктида мұзы еріп, жылдан-жылға кеміп барады. Бастапқыда аз-аздан мүжілген мұз бүгінде кесек-кесегімен опырылып жатыр. Өйткені климаттың өзге­руі мәңгі мұз жапқан аймақ­тағы судың да жылынуына әкеліп соғып отыр. Ал судың мүжі­мей­тін нәр­сесі жоқ екені белгілі. Арк­тика мен Антарктида ма­ңын­дағы жы­лынған су мұздар­ды бұ­рын­ғы­дан да жылдам еріте түсті.

1980 жылдан бері Арктикада 2,5 млн шаршы шақырым мұз жойылып кетті. Бұл шамамен Қазақ­с­танның аумағына тең. National Geographic зерттеу­ші­ле­­­рі­­нің мәліметтеріне қарағанда, 2050 жылға қарай Арктикада 520 мың шаршы шақырым мұз ғана қал­уы мүмкін.

Антарктида да жаһандық жы­лы­ну­дың зардабын тартып отыр. Қазіргі таңда ондағы мәңгі­лік мұздар үгітіліп, еріген су мұхитқа құйы­лып, теңіз деңгейі көте­ріліп барады. «Ақ құрлықта» жүр­­­гізілген зерттеу мәңгілік мұз­­­­дардың астын теңіз сулары үң­гіп жатқанын анықтады. Жағ­дай осы бетімен кете берсе, «ақ құр­лықтағы» мұз жабыны еріп, түгелдей мұхитқа құйылады. Ал­да-жалда Антарктидадағы Туэйтс мұздығы түгелдей ерісе, әлем­дік теңіз деңгейі 1 метрге көтеріледі екен.

Арктикада да жағдай мәз емес. Солтүстік полюске экспеди­ция жасаған ғалымдар жазда он­­дағ­ы мұз көлемі мүлдем азайып кет­­кенін анықтаған. Мәселен, Арк­ти­кадағы Беринг теңізіндегі қысқы мұздың ауқымы 2018 және 2019 жылдары бұрын-соңды кездеспеген ең төменгі деңгейге түскен.

Оған қоса, теңіз мұзының кө­лемі ғана емес, оның қалың­ды­ғы да жұқарып кеткен. Қатқанына ұзақ уақыт болған мұздар мұз қаба­тының 1 пайызын ғана құ­рай­ды. Есесіне бір жыл бұрын қатқан мұздар Солтүстік полюсте өте көп. Демек теңіздің ақ жабыны тез ериді. Ғалымдар алдағы 10-20 жылдың көлемінде Арк­ти­ка мұхитында жаздың аяғын­да мүл­дем мұз қалмайды деп болжап отыр.

Бұған қоса, Гренландия мұз жа­бынының жағдайы да мәз емес. Мұнда жылыну жаһандық жы­­лынудың орташа есебімен салыс­тырғанда екі есе тез жүріп жатыр. Кейінгі жиырма жылда Гренландиядағы мұздың еру деңгейі үш есе өскен. Алдағы он жылда бұл үрдіс жалғаса бермек. Осылайша, теңіз деңгейі 7 метрге дейін көтеріліп, жағалаулардағы қалалар су астында қалуы мүмкін.

Мұның салдары өте ауыр бол­мақ. Өйткені Арктика мен Антарктида Жерді күн радиация­сынан қорғауға үлкен үлес қосады. Ақ түсті мәңгілік мұздар күн сәу­лесін кері шағылдырады. Сөйтіп, Жер­­де­гі температураны бір­қа­лып­­ты ұстауға көмектеседі. Ке­ле­­шекте мұз жабындары азайса, жер-жаһан бұрынғыдай өзін өзі «сал­қындатып» отыра алмайды. Сөй­тіп, жаһандық жылыну одан сайын күшейе түспек.

Сондай-ақ мұздардың еруі атмос­­фераға 1 трлн тонна көмір­қ­ы­шқыл газын бөледі. Мұның көлемін салыстыру үшін мына деректерге назар аудара­лық. Өнер­­кә­сіптік революция бас­тал­­ған­нан бергі 270 жылдың ішін­де ауаға 2,4 трлн тонна көмір­қыш­­қыл газы бөлінген. 1949-2016 жыл­­дар аралығындағы мұз­дың кемуі климаттың жылынуына Арк­ти­ка­ның қосқан үлесін 30 па­йыз­ға ұлғайтты.

Арктика мен Антарктиданың осыншалықты еруі келешекте те­ңіз деңгейін көтеретіні айтпаса да түсінікті. Бұл әсіресе, Ты­нық мұхиттағы аралдарға қа­уіп­ті. Қазірдің өзінде аталған аймақта әлемнің басқа бөлігіне қарағанда су деңгейі артып барады. Мәселен, Сүлеймен аралдары мен Папуа Жаңа Гвиней маңында жыл сайын мұхит 6 миллиметрге жақындап келеді. Самао мен Кирибатиде бұл көрсеткіш 6 миллиметрден асып кеткен.

Климаттың өзгеруінің эколо­гия­лық зиянынан бөлек, Тынық мұхиттағы аралдарға тигізетін эко­но­микалық зардабы да зор. Жо­ғарыда айтып өткеніміздей, күрт көбейген толқындар егіс­тік­терді шайып, бұлақтар мен тұ­ма­ларды тұзды сумен был­ғай­ды. Мысалы, Фиджидегі осындай тасқыннан жыл сайын келетін зардаптың көлемі 52 млн долларды құраған. Бұл елдің ішкі жалпы өнімі көлемінің 4 пайызына тең. 2015 жылы Вануатуда болған Пэм циклоны кесірінен ел экономикасы үлкен шығынға ұшырап, оның құны 1,4 млрд долларды құрады. Бұл елдегі ішкі жалпы өнім көлемінің 64 пайызын құрайды.

Ғалымдар жаһандық жылыну мәселесін айтып, дабыл қағып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Әзірге үлкен құрлықтарда орна­ласқан мемлекеттер оның зардабын тікелей тартпаса да, Тынық мұхиттағы аралдар қиын жағдайға тап келіп отыр.