Қоғам • 20 Қыркүйек, 2021

Урбандалудың жаңа қырлары

1406 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл және ауыл шаруашылығындағы халыққа қарағанда қалада тұратын және ауыл шаруашылығымен шұғыл­дан­бай­тын халық санының басым түсуі – қа­зір­гі урбандалудың басты ерек­ше­лік­те­рі­нің бірі.

Урбандалудың жаңа қырлары

 Әлемнің үш бө­лі­гінде – Еуропа, Солтүстік Америка және Аустралия мен Мұхит елдерінде ауыл­дағыларға қарағанда қала хал­қы әлдеқайда көбейе түсті. Латын Америкасында да осы үрдіс жедел өрбу үстінде. Ал халқының саны мейлінше көп Азияда (әлем халқының 60 пайызы тұрады) әзірге ауыл халқының саны басым. Сондай-ақ табиғи өсім көрсеткіші бәрінен жоғары тұрған (яғни бала туу жөнінен бірінші орында) Африкада да халықтың негізгі бөлігі ауыл­да қоныс теуіп отыр. Ғалымдар бұл екі құр­лықта ауыл халқының басым болу себебін Азияда халықтың көп шоғырлануымен, ал Африканың даму жағынан артта қа­луымен түсіндіреді.

Сонымен, урбандалу ең алдымен да­мы­ған елдерге тән құбылыс. Егер деректерге жүгінетін болсақ, осы үрдістің көш басында еуропалықтардың келе жатқанына көз жеткіземіз. Мәселен, Ұлыбританияда халықтың 91 пайызы, Швецияда 87 па­йызы, Германияда 85 пайызы қалалы жерлерге шоғырланған. Осындай үрдіс Дания (84 пайыз), Франция (78), Нидерланд (76), Испания (74), Бельгия (72), АҚШ (77), Канада (80), Израиль (89), Жапония (78), Аустралия (89), Жаңа Зеландия (85) елдеріне де тән. Дамыған елдердің тәжірибесі қала халқының саны 70 пайызға жеткенде урбандалу қарқыны төмендеп, 80 пайызға жеткенде тоқтай бастайтынын аңғартады. Әлемнің әр шалғайында халықтың негізінен ірі қалалық агломерацияларға шоғырлануы – осы замандық урбандалудың тағы бір белгісі. Агломерация, яғни латын тіліндегі agglomero сөзі – қосамын, шоғырландырамын, бірге қоршаймын деген мағынаны білдіреді. Яғни бір қаланың ірілену нәтижесінде өзінің бұрынғы шекарасынан шығып, айналасындағы елді мекендерді, соның ішінде ауылдар мен шағын қалаларды жұтып қоюы немесе тең дәрежедегі екі үлкен қаланың арасында бос жер қалмауына байланысты бір біріне қосылып кетуі – осы құбылыстың әсері.

Қалалық агломерациялардың пайда болуына көптеген әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және адами факторлар ықпал етеді. Өткен ғасырда АҚШ-тағы қала ор­та­лығындағы жер бағасының тұрақты түрде өсуі, көліктің көбеюіне байланыс­ты қаланың орталық көшелерінде жүру қиын­дығы, экологиялық проблемалардың етек алуы (көліктен бөлінетін көмір қыш­қыл газдар, тағы басқалар), оның үс­тіне көп пәтерлі үйлердегі сүреңсіз тір­ліктен, орталықтағы шулы өмірден қажы­ған адамдардың табиғат аясына қарай ұмтылысы агломерациялардың дамуына алып келді. Қала сыртында тұрмысқа қолайлы, айналасында шағын да болса жері бар бір-екі қабатты үйлер көптеп салынып, қаланың жалпы аумағы кеңейген үстіне кеңейіп, орталықтан мейлінше қашықтай түсті. Сөйтіп, 1950 жылы АҚШ-та 170 қалалық агломерация болса, 90-жылдардың соңында оның саны 400-ге жуықтады. Қазір бүкіл америкалықтардың тең жартысы ірі агломерацияларда өмір сүрсе, үштен екі бөлігі бір-екі қабатты жеке үйлерде тұрады.

Батыс Еуропа елдерінде де халықтың қала шетіндегі жеке үйлерге қарай шығуы Лондон, Париж, Гамбург, Вена, Милан секілді қалалардағы орталық көшелерде тұратын адамдар санының азая түсуіне, ал шеткі және қала маңайындағы аймақтардың дамып, жетілуіне алып келген. Ғалымдар бұл үрдіске «субурбандалу» деген атау берді.

Қазақстанда қазір қалалық агломера­ция­ның дамуы ең алдымен Алматы қаласының бет-бейнесінен байқалады. Бұл қала өзіне Талғар, Николаев, Қалқаман секілді бірнеше елді мекенді қосып алу арқылы барған са­йын қанатын кең жайып келеді. Енді бір адым аттаса, Қаскелеңге жетпек. Қапшағай қаласы да қол созым жерде тұр. Мамандардың айтуы­на қарағанда, Алматы төңірегі бір ядролы қалалық агломерация ретінде қалыптасып келеді. Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының қазіргі өсу, кеңею деңгейі де агломерациялану үрдісін байқатады. Елорда маңайындағы Көктал, Мичурин, Кірпішті секілді елді мекендерді өзіне қосып алды. Қосшы ауылына таяп келген тұста бұл ауылға облыстық деңгейдегі қала мәртебесі беріліп, мәселе басқаша шешім тапты. Қазіргі урбандалу, агломерациялық үрдістің бұл да бір жаңа қыры болып отыр.