100 • 15 Қыркүйек, 2021

Тігінші – креативті тұлға

642 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қарағандылық Виктория Пак – отандық Avishu униформа және киім брендінің негізін қалаушы. Сондай-ақ ол биылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы. Жалпыұлттық жобаның «Бизнес» бағыты бойынша топ жарған кәсіпкердің осы күнге дейін жүріп өткен жолында өзгелер үлгі аларлық өнеге көп. 

Тігінші – креативті тұлға

Бір қызығы, Виктория әуел­де «100 жаңа есім» жал­пы­­ұлттық жобасына ұсы­ныл­­ғанын білмепті. Сөйтсе, ұсын­ған өз ұжымы екен. Оны осы жобаға лайық көргендері ғой.

– Маған тосын сый жаса­мақ болыпты. Шынымен де, то­сын сый болды, – дейді ке­йіп­керіміз. Ол мұны өзінің емес, ұжымның жеңісі санайды. Өйткені дәл осы жеңіс жаңа жетістіктерге жол ашып, ортақ іске жұмылған ұжымды одан сайын біріктіре түскен.

– Табысты өнеркәсіптің кілті – мықты ұжым, – дейді Виктория.

Айтуынша, тігіншілік ке­йіп­керіміздің қанында бар. Анасы тоқсаныншы жылдар­дағы тоқырау кезінде дәрі­гер­лік қызметінен бөлек, тігін­шілікті де кәсіп етіпті.

– Сол жылдары тігіншілік біздің әулеттің негізгі табыс көзіне айналды. Қиын­шы­лықтан құтқарды. Оны меңгерген адамның далада қалмайтынын сол кезде-ақ түсінгенбіз. Бұл – уақыт тегер­шігі қалай айналса да, адам баласына қажет мамандық, – дейді ол.

Университетті бітірген соң, үш жылдай есепші болып жұмыс істеген Виктория киім-кешекке қатысты бизнес бағытында бақ сынап көруге бел байлайды. Сөйтіп, Қытайдан, Түркиядан тауар әкеліп, сата бастайды.

– Саудамыз жаман болмады. Тәп-тәуір табыс тап­тық. Бірақ үнемі бірдеңе жетіс­пей­тіндей болып тұратын. Кейін тігін шеберханасын ашып, өндіріске ойысу туралы идеямен «ауыра» бастадым. Бірнеше сәтсіз жобадан кейін, яғни 2015 жылы жаңа кәсіпке кірістік. 500 мың теңге көлеміндегі бастапқы капиталға екі тігін машинасын, үтік, үстел секілді қажетті құ­рал-жабдықтарды алдық. Бірақ бұл негізгі жұмыстың басы ғана екен. Алда бірнеше күрделі мәселемен бетпе-бет ұшырасуға тура келді, – дейді В.Пак.

Бірінші мәселе – орынжай. «Қарағандының қақ ортасынан орын таптық. Рас, онымыз – көпқабатты үйдің жертөлесі. Сөз жоқ, орналасқан жері тамаша. Бірақ кейін шеберхананы «жертөледен ашқан дұрыс емес» деген ойға кел­дік. Себебі тігіншілер онсыз да таңнан кешке дейін ма­шинаға үңіледі де отыра­ды. Ал жертөлені қанша жарық ет­кеніңмен, еңсені басып тұра­ды. Ауа да тазармайды. Біздің бірінші жіберген қателігіміз осы болды», дейді ол.

– Орынжайдан да үлкен мәсе­ле бар екен. Бұл – білік­ті кадрлардың жоқтығы. Ше­берхананы аша салысы­мен, алып-ұшып маман іздедік. Тәжірибелі кадрлар жылы орнын суытып, енді ашылған компанияға келгісі келмеді. Түрлі хабарландыру бердік. Бұл бойынша келгендер­­дің кемшілігі көп болды. Оқу орын­дарын аралап, үздік деген мамандарды тартуды жөн санадық. Бұдан да нәтиже шықпады. Ақыры кадрларды өзіміз оқытуымыз керек деп шештік. Міне, үш жылдан бері тігіншілерді тегін оқытып келеміз. Ынтасы бар адамдарды жұмысқа қабылдаймыз. Тығырықтан осылай шығуға тура келді. Кадр мәселесі әлі де өзекті. Сондықтан бола­шақта корпоративтік оқыту орталығын ашқым келеді, – дейді Виктория.

Ісін енді бастаған кәсіп­керге матаны таңдау да едәуір қиындық тудырыпты.

– Шеберхана ашылысымен сөрелерде сықиып, самсап тұрған маталарды жөнді-жөнсіз сатып ала беріппіз. Мұнымыз бұрыс екен. Қандай киім тігетінімізді дұрыс жос­парламаппыз. Кейін тапсырысты қабылдап алып, мата іздейтінді шығардық. Бұл да дұрыс емес екен. Қазір қандай мата керегін жақсы білеміз және оны Түркиядан, Оңтүстік Кореядан арнайы алдырамыз. Техника таңдауда да шалыс басыппыз. Сөйтсек, тігіншілік жеңіл өнеркәсіптің ауыр түрі екен. Бұл жерде жоспарлау маңызды. Құрал-жабдықтар қымбат. Тұтынушыға сапалы киім ұсыну үшін жақсы мата керек. Нарыққа зерттеу жүр­гізу шарт. Қаржы да жет­­кілікті болуға тиіс. Ең бас­­тысы, таңдап алған кәсі­бің­ді шексіз сүю керек. Сон­да ғана жетістіктің ауылы жа­қын­­дайды. Мұндай бизнесте көлдеңең адамдардың болмайтыны да сондықтан, – дейді кейіпкеріміз.

2018 жылға дейін тапсы­рыс­­пен киім тіккен шебер­ханаға біртіндеп бизнес тарапынан да қызығушылық туа бастайды. Сөйтіп, компания В2В, яғни «бизнес үшін бизнес» форматына көше­ді. Униформа тігуге кіріседі. Бүгін­де клиникалар, ауруханалар, медициналық орталықтар, мейрамханалар, бью­ти индус­трия өкілдері – ком­панияның негізгі клиент­тері. Виктория бастаған тігін­шілер тобы олар­ға арнап униформа тігеді.

– Біз қазір екі бағытта жұмыс істеп отырмыз – жеке шеберхана және өндірістік кәсіпорын. Бұған дейін униформалар шетелден әкелінген екен. Біз бұл істі қолға алған ал­ғашқы отандық компания болдық. Ауыр жұмысқа ар­нал­ған арнайы киім тігетін фабрикалар бар. Ал униформа тігетіндер жоқтың қасы. Болашақта тігін шеберханасы мен өндірістік кәсіпорынды жеке-жеке бөліп дамытуды көздеп отырмыз. Әйтпесе, бұл екеуінің бір-біріне кедергі келтіретін кезі көп, – дейді Виктория.

В.Пактың бизнесі былтыр­ғы карантин шектеулері ке­зінде түрлі сынақтан өтті.

– Әдетте, киім өндіру­шілер мен сатушылар үшін қаңтар-ақпан – тыныштық айы. Бұл ара­лықта сауда аса қыза қой­майды. Көбі бюджет бекітіліп, тұр­ғындар киім-кешегін жа­ңар­туға да­йын болатын нау­рызды кү­теді. Алайда был­тыр­ғы нау­рыздың қалай бас­талғаны бәрімізге белгілі. Каран­тин­ шектеулерінің сал­дары­нан мейрамханалар мен кли­­никалардың жұмысы тоқта­ды. Тапсырыс күрт азайып кетті. Қолда бар қаржымен жұмысшылардың жалақысын төлеп, бизнесті доғарайық деген ойда жүрдік.

Кейін медициналық бетперде тігуге көштік. 5 мыңдай бетперде саттық. Дегенмен бұл өнімсіз шаруа екен. 10 бетперде тіккенше, бір көйлек пішкен жақсырақ. Осылайша, үш аптадай тынымсыз жұ­мыс істедік. Қызметкерлердің жал­ақы­сына жетерлік қаржы да жинақталды. Жұмыс­ты енді доғарамыз деп тұрған­да, дезинфекциялық кілемше­лерге тапсырыс түсті. Әуелде мұның не екенін де білмедік. Қаладан шығу мүмкін емес. Шектеу қойылған. Сондық­тан Қарағандыда бар материал­дарды пайдаландық. Әлбет­те, жеткізушілер бағаны шарықтатып жіберді. Дезин­фек­циялық кілемшенің іші­не салынатын негізгі мате­риал – полиуретан табу қиын­ға соқты. Бетперде сатудан жинал­ған ақшаның бәріне полиуре­тан алып, үлкен тәуекел­ге бар­дық. Сөйтіп, 5 мың­дай де­з­инфекциялық кілем­ше тігіп, саттық. Кейін дезин­фек­циялық костюмдер шығара бастадық. Қысқасы, 2020 жылдың наурыз-шілдесінде демалыссыз жұмыс істедік. Пандемия ұжымдық рухтың қаншалықты маңызды екенін аңғартты, – дейді кәсіпкер.

Викторияның пікірінше, киім өндірісіне бет бұрған кәсіп­кер ұтылмайды. Өйт­кені бұл салада өнімділік жо­ғары. Сән үнемі өзгеріп тұра­ды. Тиісінше, сұраныс да азаймақ емес. Дегенмен әр компанияның қаржылық тұр­ғ­ыдан өз «қауіпсіздік жас­тықшасы» болғаны абзал.

­– «Қауіпсіздік жастық­шасы» кедергіге тап болған ком­панияның кем дегенде үш-төрт ай үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек. Банктер мен қорлардың бизнеске несие бергенде алғашқы алты айға дейін төлем сұрамайтыны сон­дықтан. Ұжымдағы әр адам­ды қаржылық тұрғыдан ғана емес, моральдық, эмо­цио­налдық тұрғыдан да демеп отыру маңызды. Сосын қоғамның тігіншілерге деген көзқарасы өзгеруі керек. Көп­шілік тігіншіге жұмысшы ретін­де қарайды. Шын мәнін­де, тігінші – креативті әрі шы­ғар­машыл тұлға. Ол үнемі із­деніс үстінде жүреді. Бір құ­лаш матадан түрлі киім тігу айтуға ғана оңай. Сондықтан мемлекет тігіншілікке, жалпы жеңіл өнеркәсіпке барынша көңіл бөлуі керек, – дейді ол.

Бүгінде отыздан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің жоба-жоспары көп. Ол өндірісті да­мытып, айналым көлемін ұл­ғайтып, ТМД нарығына шы­ғуды көздеп отыр. Қазірдің өзін­де Ресей тарапынан азды-көп­ті тапсырыстар түсіп тұра­ды екен. Ішкі нарықтағы фи­лиал­дардың қатарын көбейту де – негізгі міндеттің бірі.