Әлем • 07 Қыркүйек, 2021

Қытай-Үндістан: Олимпиада нәтижесінің айырмашылығы

329 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

НЬЮ-ДЕЛИ. Токиода өткен Олимпия ойындары аяқталды. Жапон халқы мен үкіметі терең тыныс алса болады. Дүбірлі дода кезінде спортшылар ауылында коронавирус өршіп, не басқа да оқыс оқиға өткен жоқ. Үндістанда найза лақтырудан елдің алғашқы алтын медалін мерекелеу, Олимпиададағы ең үздік көрсеткішін тойлау әлі де басылар емес. Бірақ біздің үздік көрсеткішіміз қаншалықты табыс­ты деп айта аламыз?

Қытай-Үндістан: Олимпиада нәтижесінің айырмашылығы

Осыдан он шақты жыл бұ­рын көпшілік Үндістан мен Қы­тай туралы бірегей пікірде еді. Ға­сырлар бойы Батыс елдерінің өркен­дегенінен кейін екі ел жаһандық аренаға шығуға үміткер болатын. Олар Батыстағы экономикалық табысқа Шығыс тарапынан жа­уап беруі тиіс-тұғын. Кейбіреулер тіпті Chindia (China және India деген екі сөздің қосындысы – А.А) деген ұғым да енгізіп, ол халықаралық қиялға айналды.

Мұндай жұптасудың дәле­лін іздегендер Токио Олимпиа­дасының медальдар санына қарау керек. Қытай 38 алтын медаль иеленіп, екінші орынмен мақтана алады. Бірінші орындағы АҚШ-тан бір алтыны аз және барлығы 88 медаль бұйырды. Енді төмен қарай түсіңіз. Беларусьтен өтесіз, Грузия, Багам аралдарын да көзіңіз шалады. Тіпті Үндістан тәуелсіздігін мойындамаған Косово да тізімде жоғары тұр. Содан кейін ғана Үндістан бір алтын, екі күміс және төрт қола медальмен, жалпы саны жетінші жүлдемен 48-орынға жайғасқан.

Шындығында, бұған таңға­лудың реті жоқ. Қытай бірнеше жыл оқшауланғаннан кейін әлем­дік спорттық жарыстарға қайта қатысып, олимпиадалық табысқа жетуге жүйелі түрде ұмтылды. Үн­дістан спорттық шеберлігінің жоқ­тығына тоқмейілсіп жүре бер­ді. Қытай Олимпиадаға қайта қа­тыс­қаннан кейін жиырма жыл өткен соң ғана жазғы Олимпия ойындарын өткізу құқығын ие­ленді. Бірақ Үндістан 1982 жы­лы Делиде Азия ойындарын өт­кіз­генін табыс санап, алға ұм­тылмады. Енді Олимпия ойын­дарын өткізу мүмкіндігі 40 жыл бұ­рын­ға қарағанда әлдеқайда төмен.

2008 жылғы Бейжің ойындары қарсаңында Қытай Олимпиада медальдарының санын арттыру үшін билік тарапынан арнайы әзірленген бағдарлама «119 жобасына» кірісті (бұл сан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында жеңіл атлетика, жүзу, ескек есу, па­рус және каноэ мен байдарка се­кілді спорт түрлеріне берілген ал­тын медальдар санын білдіреді). Үн­діс­­тан керісінше он медальдық ме­же­ден аса аламыз ба деп қам жеді.

Қытай байдаркада ұсынылған медальдардың санын көріп, осы уақытқа дейін елде танымал емес бәсеке саналған спорт түрінен команда құруға шешім қабылдады. Бірақ Үндістан өздері жақсы меңгерген, 1900 жылғы Олимпия ойындарынан кейін қайта дүбірлі додаға енбеген додалар – кабадди (топтық күрестің бір түрі), поло немесе крикет секілді спорт түрлерін де насихаттамады.

Дәл сол секілді, Қытай үстел теннисі мен бадминтондағы үстемдігін сақтай отырып, стенд ату секілді басқа да дәстүрлі емес спорт түрлерін дамытуға күш салды. Үндістан керісінше жасанды төсеніш енгізілгеннен кейін допты хоккейдегі даңқының жеңіліссіз сериясын үзіп алды. Ал ерлер командасының Токиодағы қоласы елді үлкен қуанышқа бөледі. Спорт туралы сөз қозғалғанда Chindia естен шығу керек, екі ел бір сөйлемге әрең сияды.

Олимпиададағы жетістік екі елдің жүйесіндегі негізгі айырмашылықты көрсетеді. Метафоралық түрде айтсақ, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатында керемет хореографиялық би мен барлығы ән айтатын, билейтін Болливудтың шығармашылық хаосын салыстырғанмен бірдей.

Қытай коммунистік автократ жүйесіне сәйкес, Олимпиадада үстемдік етуге әскери тәртіппен жоғарыдан төмен қарады. Мақсат қойылды, оған жету бағдарламасы жасалды. Мемлекеттің қомақты ресурстары жұмсалып, соңғы технологиялар сатып алынды. Әлемдік деңгейдегі жаттықты­рушылар шақырылды. Үндістан керісінше Токио Олимпиадасына әдеттегі байрақты бәсекеге дайын­далғандай қарады. Дилетанттық, бюрократиялық біліксіздік, жартылай тәжірибеге сүйеніп бейберекет түрде ұйымдастырды.

Бірақ бұл біздің болмысымыз. Егер Қытай билігі алты жо­лақ­ты жаңа автокөлік жолын сал­ғысы келсе, оның жолындағы кез кел­ген ауылды бульдозермен тап­тап өте алады. Егер Үндіс­танда екі жолақты жолды кеңейт­кіңіз келсе, өтемақы талап­тары бо­йынша он жыл бойы сот­тасуға тура келеді. Қытайда ұлт­тық басымдықтарды үкімет бел­гі­лейді, содан кейін мемлекет қар­жы­ландырады. Үндістанда сан­сыз мүдделер арасындағы шек­сіз пікірталастар мен дау-дамай­дан кейін ғана анықталады. Қаражат та табылатын жерден табылуы ке­рек. Қытайдың спортшылар­ды тек Токио ойындарына дайын­да­луға бөлген қаражаты Үндіс­тан­ның соңғы 70 жылда барлық олим­пиадалық спорт түрлеріне жұм­саған шығынынан асып түседі.

Осылайша, Үндістанда жүйе­нің шектеулеріне қарамастан жеке тұлғалар жетістікке қол жеткізсе, Қытайдағы жеке жетістік жүйенің өнімі. Үндістандықтар жеке талантқа ерік берілген кез келген жерде озып шығады. Үндістаннан әлемдік деңгейдегі компьютер саласындағы ғалымдар, математиктер, биотехнологтар, кинорежиссерлер мен жазушылар шықты. Бірақ жоғары деңгейдегі ұйымшылдықты, қатаң тәртіпті, күрделі жабдықты, жүйелі дайын­дықты, серпінді бюджетті талап ететін мәселеде үнділер абдырап қалады. Бәлкім, сондықтан шығар үндістандықтар кейінгі жылдары бильярд пен шахматтан ғана әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Токиода әлемде ең үздік саналатын үнді нысана көздеушілеріне бірде-бір медаль бұйырған жоқ. Бұған әлем чемпионы ретін­де келген спортшымыздың тапан­ша­сының шүріппесі істен шығып, сәтсіздікке ұшырағанын қосы­ңыз. Үстел теннисінен әйел­дер арасындағы ең үздік ойын­шы жаттықтырушысының кеңесін тыңдамады, сөйтіп, жауапкер­ші­лікке тартылды. Әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған садақшы қызымыз іріктеу кезеңінен өте алмады.

Үндістанда халықтың көпті­гіне қарамастан, спорт саласында таланттар аз. Елдегі түрлі қиын­дық­тар мен кез келген мүмкін­дікке талас салдарынан санаулы ғана адам спорт саласында же­тіс­тікке жетуге уақыт пен көңіл бө­леді. Жүйе елдегі спорттық талант­ты ашуға арналмаған. Ал таланты барлардың әлемдік деңгей­ге шығуға денсаулығы жарамайды, азық-түлігі тапшы, спорттық ин­фра­құрылым мен жаттығу жасауға мүмкіндігі жоқ.

Шаши ТАРУР,

БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары, Үндістанның бұрынғы сыртқы істер министрі және адам ресурстарын дамыту жөніндегі мемлекеттік министрі, Үндістан ұлттық конгресінің депутаты

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org