«Сыр бойы» басылымының хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы салдарынан №5 қалалық емхананың жедел медициналық көмек бөлімшесінің фельдшері Ж.Омарова мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Б.Маенов көз жұмды.
Тексеру барысында «Toyota Land Crusier» автокөлігінің жүргізушісі «орта» дәрежедегі масаң күйде болғаны анықталды.
Сонымен қатар, бұл азамат Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы қараша айындағы шешімімен 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 6-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан көп адам өліміне алып келген іс-әрекеттер) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
«Toyota Land Cruiser» автокөлігінің жүргізушісі Қызылорда қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау абақтасына қамалды.
Тиісті сараптамалар тағайындалған. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.