Аймақтар • 07 Тамыз, 2021

Ақмола облысында мас жүргізуші полицияға қарсылық көрсетті

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысында полицейлерге қарсылық көрсетіп, олардың қызметтік көлігіне зақым келтірген жүргізуші куәлігі жоқ ер адам ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола облысында мас жүргізуші полицияға қарсылық көрсетті

Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин Facebook-тегі парақшасына полицейлерге қарсылық көрсетіп, олардың қызметтік көлігіне зақым келтірген жүргізуші куәлігі болмаған ер адамды ұстау барысындағы видеоны жариялады.

5 тамыз күні сағат 20:00 шамасында «Жақсы-Есіл-Бұзылық» автожолының 3-ші шақырымында «Mitsubishi Outlander» маркалы автокөлігінің жүргізушісі полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбай, қатты жүріп, қашып кетпек болған.

«Қуып бара жатқанда тәртіп бұзушы қызметтік көлікке зақым келтірді. Мәжбүрлі түрде тоқтатылғаннан кейін жүргізуші полицейлерге қарсылық көрсеткен. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, тәртіп бұзушы жеңіл дәрежеде мас болған. Дерекқорды тексеру барысында 2017 жылдың 9 қарашасы күні жүргізуші бес жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған болып шықты. Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1 бөлімі «Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған мас күйдегі адамның көлік құралын басқаруы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», делінген жазбада.

Арманбек Баймурзиннің айтуынша, биыл өңірде жүргізуші куәлігінен айырылған 243 жүргізуші көлік айдағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған.

Бұрын басқару құқығынан айырылған 74 жүргізуші мас күйінде көлік айдағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған. Мұндай фактілерді анықтау бойынша жұмыс күнделікті жүргізіліп жатыр.

«Аға лейтенант Қ. Қабиев пен лейтенант Қ. Толтанов ынталандырылады. Өз өмірлерін тәуекелге байлап отырып, олар басқа біреулердің өмірлерін аман алып қалған болуы мүмкін. Полицейлердің қырағылығы болмағанда, бұл оқиғаның немен аяқталары белгісіз», деп қорытты ведомство жетекшісі.