Аймақтар • 07 Тамыз, 2021

Амангелділік шаруалар Маңғыстау облысына екі вагон шөп жөнелтті

1489 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жердің пейілі тарылғанымен, елдің пейілі тарылмақ емес. Биылғы қуаңшылық қатты ұрған Маңғыстау облысындағы ағайынға еліміздің әр өңірінен көп көмегі мен шөп қорегін жөнелтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Амангелділік шаруалар Маңғыстау облысына екі вагон шөп жөнелтті

Жұрт болып жабыла атсалысып жатқан шарапатты істен Қостанай облысының тұрғындары да тыс қалған жоқ. Арқалық, Амангелді өңіріндегі шағын шаруалар бірігіп, 6 тамызда түбектегі елге екі вагон түктелген шөп тиеп жіберді.  

Ел азаматтарын ұйымдастырып ортақ істің басы-қасында, жан салып жүгіріп жүрген жанның бірі - амангелділік шаруа Бақытжан Жұмабаев. Айтуынша, Амангелді төңірегінде көктемде өзен суы жайылған жерлерде шөп бар. Бірақ биылғы құрғақшылық Арқалық пен Торғай жағына ауырлау соғып тұр.

- Соған қарамастан, әр өңірден жігіттерМаңғыстаудағы ағайынға көмек беріп, бірлік пен бауырмалдыққа үндеп, жанталасып жатқанда, жағдайды көріп-біліп тұрып жайбарақат жата алмадық. Шыдай алмай кеттік. Амангелдінің маңайындағы шағын шаруа қожалықтары мен жүк тасымалдап жүрген жүргізушілер бар – солардың басын қосып, қолымыздан келгенше  шөп жинап, Арқалыққа дейін жеткізіп бердік. Осындай қысылтаяң кезеңде бір ауыз сөзге келместен қолдау көрсетіп, қолындағы барымен бөліскен Аманкелді ауданының жеке кәсіпкерлері Мырзағали Тұрмағанбетов, Дастан Мусин, Әсет Әбдібеков, Сағдат Дауғарин, Мэлс Бөжентаев, Серік Қайырбеков сияқты азаматтарға алғысым шексіз. Жиналған шөптің бас-аяғы 21 тоннадай болады. Оны жергілікті жүргізушілер - Серік Шұбатаев, Марат Алтынбаев, Сәбитжан Жармағанбетовтер өздерінің жүк көліктеріне тиеп, Арқалыққа дейін жеткізіп берді, - деді Б. Жұмабаев.

 Арқалық вокзалына келген шөпті вагонға тиеу қол күшін қажет етеді. Бұл міндетті қалалық жастар ресурстық орталығынан шыққан 20 еріктіатқарды.

- Жергілікті шаруалар болып әлеуметтік желіде «Маңғыстауға көмек»

деген топ құрғанбыз. Сол жерге фотосуреттерді жіберіп, бәріне 3-4 шаруа қожалығы бірігіп әрқайсы 350 кило тартатын 60 рулон шөп жібергенімізді хабарладық. Әлі де шөп береміз деп жатқан шаруашылықтар бар. Олардың көбі: «шөп бар, бірақ оны қажетті жерге жеткізіп беретін көлік болмай отыр. Осыны қалай шешсек екен? - деп жазып жатыр.  Көлік жағын ұйымдастыруға уақыт таршылық етіп қалды. Оның сыртында дәл қазір жүк көлігін табу қиынға соғып тұр. Өйткені қазір, өздеріңіз білесіздер, нағыз қауырт шақ, егін маусымы басталды. Сондықтан амандық болса, алдағы күндері батыстағы ағайынға тағы шөп жібереміз деп жоспарлап отырмыз, - деді игі іске ұйтқы бола білген Бауыржан.

Арқалық өңіріндегі елді мекендердің де біразы биыл ала жаздай шыжып тұрып алған аптап ыстыққа ұрынып, шабындықсыз қалған. Бұл ауылдар да қысқы мал азығын Амангелді ауданынан алып жатыр.

Облыстың солтүстік аудандарының біразында шөп қоры жеткілікті. Мұндағы шаруалар биыл шабындығы сұйылып кеткен Жітіқара, Денисов, Бейімбет Майлин аудандарына көмектесіп жатыр.  
Қостанай