07 Қаңтар, 2014

«Қаптаған кеніш жаналқымға алып барады»

364 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алдымен айтқанда, ауылдас­тары атынан бірнеше адам қол қойған мұндай шағым түскенге дейін де аталған өңірді жылдан-жылға өкпеден қысқан жағдайға таныс болатынбыз. Кезінде 60 мыңға тарта қой, 10 мыңнан астам жылқы өргеннің өзінде жайқалған жайылымы жапырылып көрмеген Арқаның ең бір шүйгін жерінің аяқ астынан азып-тозуы көз алды­мыздағы оқиға болып отыр. Үсті ғана емес, астының да бай болуы жергілікті тұрғындарға ойламаған тұстан сорға айналды.

Алдымен айтқандаауылдас­тары атынан бірнеше адам қол қойған мұндай шағым түскенге дейін де аталған өңірді жылдан-жылға өкпеден қысқан жағдайға таныс болатынбызКезінде 60 мыңға тарта қой, 10 мыңнан астам жылқы өргеннің өзінде жайқалған жайылымы жапырылып көрмеген Арқаның ең бір шүйгін жерінің аяқ астынан азып-тозуы көз алды­мыздағы оқиға болып отыр. Үсті ғана емес, астының да бай болуы жергілікті тұрғындарға ойламаған тұстан сорға айналды. Қоры аз-көбіне қарамастан, әйтеуір, жол беріліп тұрғанда асап қалуға асығып анталаған, аты да, заты да белгісіз ұсақ өндірісшілердің жан-жақтан кеніштер ашып, топырағын қопарып тастауы тыйылар орнына өршіп бара жатуы жазылған хатта енді ауылдың дәл іргесінен «Арап», «Сөрті 1», «Сөрті 2», «Сөрті 3» деген карьерлер ентелеп, қоршауында қалуы айтылады. Олардың айналасында үйілген тау-тау кен қалдықтары төбелерінен көтерілген шаң-тозаң онсыз да табиғаты жұтаң аймаққа одан сайын зардабын тигізе түсуі күйіндіреді екен. Бұған да көнбістік танытушы жұртқа бар тірек, тірліктің негізгі көзі мал болғандықтан, оны өргізетін жайылымның күннен-күнге тарылып, тіпті, алдағы аз уақытта мүлдем жойылып кету қаупі басқа да орындарға жеткізіліп бағыпты.

Біз бұл мәселені бұдан үш жыл бұрын көтерген едік. Амал не, үйреншікті үнсіздіктен құлаққа ілінуін-ілінбеуін біле алмадық. Енді білсек, ілінбепті. Талай жыл ел іші ырысы мен игілігінің құт-берекесі болған жер бүгін бар, ертең жоқ компаниялар қанжығасына байлануы ақырында оның асты-үсті астан-кестеңін шығарған еркінсуге тыйым салар дәрмен де шамалы жағдайға жеткізіпті.

Бұл күнде бұрынғы бейнесі елеске айналған Түгіскеннің төңі­регі «Жомарт», «Жәйрем», «Шы­ғыс қамыс», «Арман-100», «Қар­табай», «Түйебай», «Қара­би­дайық», «Қылжыр» деген байырғы жер атауларын жамылған кеніштерден аяқ алып жүргісіз десек, артық айтқандық емес. Жергілікті жұрттың наразылығына қарамастан, ашылған бұлардың кейбірінде кеннің алынуы екі-үш жылға да жетпей түгесіліп, жабылып қалған. «Қартабай» мен «Түйебайдың» орны қазір жал-жал үйінді. «Шығыс қамыстың» да қоры таусылғалы тұр. Осылар аз болғандай, бүгінде «Арап» деген тағы бір кеніш пайда болып, оның қожайындары, тіпті, ауылдағылардың орын босатуына дігір сала бастауда көрінеді. 2 мыңнан астам тұрғыны бар, ежелгі нәсіп – малдың арқасында тұрмыстары өсудегі ауылдың келешегі тосыннан қыл үстінде тұрғандай жағдайға ұшырапты қазір.

Ал түгіскендіктердің бұ­ған дейін ертеңгі күндеріне үміт­тері үлкен еді. «Жаңаарқа жылқы­сы­­ның қымызы мен еті-ай», деп там­сандыратын өңірдің бұдан бы­­лайғы тағдыры не болары бел­гісіз. Қымыз дайындау, қой етін қал­бырлау цехтары, мал борда­қы­лау алаңы, басқа да шағын өнді­ріс­тер құрылмақ болған жобалар қай­тер­сіз, енді түске айналатын сыңайлы.

Жалпы, бұл бір Түгіскен ба­сын­­­дағы ғана жай емес. Малы қора­­­лас, жаны аралас, іргелес Ера­лиев ауылы да жанындағы «Жа­лын» кенішінің за­лалын тартып келеді. Ашық далада үйілген көмір күл-тозаңы түлекке шұрайлы жайылымдарға бұрқырап шөгіп айналадағы табиғаттың бере­кесін кетіруде. Мұның да жұмысы ұзақ­қа бармай, отыны өтімсіз жатыр. Таяқ тастам тұста бір өзі жылы­на 8 миллион тонна көмір өндіру­ге қолы жеткен «Шұбаркөл» кеніші тұрғанда қосақтап екіншісін ашудың соншалықты не қажеттігі болды екен деп ойлайсыз.

 Хат түйінінде айтылғандай, ауылға керектіге қолдау көрсету, еңбеккерлері ұмтылысына еркіндік беру, шаруашылықтарын көтеру орнына, керісінше, мал жайылымын тарылтып, ой мен қырды қопартып, кеніштерді қаптату түсініксіз жай.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Қарағанды облысы.