
Қалам қасиеті қанға бітетінін біз көбіне ескере бермейміз. Шамахайұлының шығармашылығына үңілмес бұрын оның арғы ата-тегін айрықша атап кеткен дұрыс. Өз жұрты да, нағашы жұрты да сүйектеріне сөз сіңген қаракөк тұқым Қуандық Шамахайұлы дала даналығына жастайынан қанған қаламгер. Қазақтың қаймағы бұзылмаған қастерлі сөзін қаламына серік еткен оның әр жазған мақаласында ұлт мұраты андағайлап тұрар еді.
Қаламы жүйрік журналист ретінде қоғамның тамыршысындай өткір мәселелерге өзіндік көзқарасын әрқашан тайсақтамай білдіріп, тап басып отыратын ол үнемі шындық жағында болды. Қуандық қаламы журналистік жазбалардан бөлек, жазушылыққа да өнімді еңбек етті. Оның өршіл мінезі, ақты ақ, қараны қара дейтін ақиқатшыл ұстанымы әрқашан дараланып тұратын.
Мінберге ең алдымен өзінің бас пайдасын емес, ұлттық мүддені бірінші алып шығатын бірегей журналист ретінде де Қуандық Шамахайұлы көп қатарластарынан қара үзіп тұратын.
Белсенділігін ешқашан бәсеңдетпеген күйі ол бұл фәни жалғанды бір-ақ күнде тәрк етіп кете барды...
Ажалға араша түскен кім бар, Шамахайұлының шамырқанған қаламынан ендігәрі қазақтың қамын жейтін қайсар мақалалар тумайды... Өкінішті, орны толмас қайғы! Алайда оның соңында қалған еселі еңбектері ел кәдесіне мәңгі жарай береді.