Аймақтар • 03 Маусым, 2021

Маңғыстауда жүргізушінің жолды неге жапқаны белгілі болды

440 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында 2 маусым күні сағат 18.00 шамасында әлеуметтік желілерге ақылы жолға наразы топ жолды жапты деген видеолар тарай бастады. Бұл ақпаратқа қатысты жағдайды Маңғыстау облысының полиция департаментінің өкілдері түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Маңғыстауда жүргізушінің жолды неге жапқаны белгілі болды

Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жалған ақпарат.

«Газ тасымалдайтын көліктің Ақтау қаласына қарай бұрылып, маневр жасаған сәті бейнежазбаға түскен. Газ тасымалдайтын көліктің жүргізушісі, Н. есімді Ақтау қаласының тұрғыны өзінің Мұнайлы ауданына қарай бара жатқанын және жарты жолда қалаға қайтуға шешім қабылдап, «Т-тәрізді» реттелмейтін қиылыста бұрылыс жасағанын жеткізді. Алайда, бұрылу маневрін жасау кезінде газ тасығыш көлік тоқтап қалып, соған байланысты жасанды кептеліс пайда болды», делінген хабарламада.

Кептеліс орнына келген полиция қызметкерлері санаулы минуттарда газ тасымалдайтын көліктің жүргізушісіне бұрылуға көмектесткен. Бұл ретте жүргізуші ешқандай жол қозғалысы ережесін бұзбаған.

Әлеуметтік желілерде таратылған бейнежазбада көрсетілген жолдың жабылуы туралы факт расталмады.