Оған еліміздің Қарулы Күштерінің әскери түрлері мен тектерінен, өңірлік қолбасшылықтар мен жоғары әскери оқу орындарынан 14 команда бойынша 140-тан астам әскери қызметші қатысуда.
Жарыс бағдарламасына «офицерлік үш сайыс» (Макаров тапаншасынан ату, жүгіру және жүзу) және «әскери үш сайыс» (Калашников автоматынан ату, Ф-1 гранатасын лақтыру кедергілер жолағынан өту) кіреді. Әр сайыс белгілі бір шеберлік пен жақсы дене шынықтыруды қажет етеді. Жүзуде күш пен техника, жүгіруде – төзімділік пен жылдамдық, атуда-қолдың дәлдігі мен қаттылығы қажет.
-2017 жылы «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілді. Оның негізінде нормативтік-спорттық біліктілікке сәйкес әскери қызметшілерге әскери – қолданбалы спорт түрлері бойынша «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы, төрешілерге – «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт төрешісі», «жоғары санатты ұлттық спорт төрешісі» беріледі, - деп түсіндірді ҚР ҚМ СК-АОСК төрағасының міндетін уақытша атқарушы, жарыстың бас төрешісі подполковник Еркебұлан Түсіпханов.
Офицерлік және әскери үшсайыс ТМД-ға қатысушы мемлекеттер армиялары спартакиадасының бағдарламасына және Дүниежүзілік әскери спорттық ойындарға (CISM) енгізілді. Сайыста қазақстандық әскери қызметшілер тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болады.