Қоғам • 20 Тамыз, 2020

Лингвистикалық ландшафт

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әбден жауыр болған тақырыпты қайта-қайта қозғай беруден мүйіз шықпас дейсің. Алайда «жыламаған бала» болмайық, мүмкін біреу-міреу естіп қалар деген дәмеден мақұрым емеспіз.

Лингвистикалық ландшафт

Жер-жаһандағы біраз мемлекеттің астаналарына табанымыз тиіпті. Оның ішінде өзгенің отары болғаны да, ешқашан тізесін ешкімге бүкпегені де, тәуелсіздікке біз сияқты соңғы 30 жылдың көлемінде қолдары жеткені де бар екен. Ал астана деген жай қала емес, сол мемлекеттің бетке ұстар мықты нышаны, келген мейманға ұлтының тарихы мен бет-бейнесін танытатын символы тәрізді. Оны әуежайдан түскен соң жол бойындағы көшелерге көз тастап-ақ аңғарып жатасың.

Бәрін тізбелемей, өзімізден онша алыс емес Бейжің, Дели, Бакуды алайық­шы. Үндістан ағылшындардың отары болғаны аян, алайда мұнда табанымыз тиген сәттен бастап Ескі Делиде де, Жаңа Делиде де үнді халқының ұлт­тық рухы менмұндалайтынын байқа­дық. Ал Баку – тәуелсіздікті бізбен қатар алған елдің астанасы. Бірақ Баку көше­лері сіздің қай елдің астанасында жүр­геніңізді еш ұмыттырмайды. Көшедегі көрнекі­ліктің бәрі, дүкендер мен мейманхана, мей­рам­ханалардың аттары дейсіз бе, тегіс әзербайжан тілінде. Ішіне енсеңіз, алды­ңыздан елдің ұлттық тағамы шығады.

Дели даңғылдарынан да, Бейжің көше­­сінен де, өз жазуларын, өз тіліндегі сөздерін көресіз. Осылардың қай-қайсысы да сырттан келетін қонақтардан кенде емес. Туристер де, былайғы іссапармен жүргендер де ағылып жатыр. Сырт көзге өз мәдениетін қарапайым ғана көрініспен байқата білгеніне еріксіз риза боласың.

Ал біздің астанамызда айналамызды қоршаған лингвистикалық ландшафт қандай? Өзіміз-ақ бір көз жүгіртейікші. Ірі ойын-сауық, сауда орындарының көбінің атаулары жақсы-ақ. «Хан Шатыр», «Сарыарқа», «Керуен», «Әлем», «Шапағат», «Рахмет», «Керемет», «Думан» сынды жазулар тілге жеңіл, көрер көзге сүйкімді. Бірақ ішіне енсеңіз, қазақша жазуы бар бутик таппайсыз ғой. ЭКСПО өткен аумақта «MEGA Silk Way» орталығы бар. Нанасыз ба, нанбайсыз ба, осы атшаптырым үлкен орталықтың ішін қанша араласам да «Алтын алаң» дегеннен басқа бірде-бір қазақ тілінде, қазақ әліпбиінде маңдайшасында жазуы бар, жүрекке жылы тиер дүкен таппадым. Латын әрпімен «Barys фан-шоп», «Balausa Jewelry», «Kazyna Gold» сынды үш-төрт аралас тілді жазуды қанағат тұтпасаңыз, өзгеге әуре болмай-ақ қойыңыз.

Елордаға келген адам соқпай кетпей­тін, сырт сәулетімен тартып тұратын «Хан Шатыр» сауда орталығында 182 бутик бар екен. Соның ішінде «Білезік», «Дидар» деген екі ғана қазақша жазу таптым. Бұл – қаладағы осындай сауда орталықтарының бәріне тән жағдай. Қысқасы, сіз тәуелсіз Қазақстанның астанасында емес, өзге мемлекетте жүргендей боласыз.

Сауда орталықтарынан шығып көше араласаңыз, «Ну панаехали», «Дорогая, я перезвоню» дегендер мен өңшең Еуропаға бет бұрған жат тілді атаулар арасында «Көксарай», «Дала», «Медеу», «Жібек жолы», «Qazan», «Жеті қазына» тәрізді бас-аяғы 30-40-қа жетер-жетпес мейрамхана, дәмхана, дүкен қалың нөпірге жұтылып, өзіңізді Қазақ елінің астанасында жүр деген әсерден алыстата береді.

Біз, сірә, әсіре еліктегіш халықпыз. Жоғарыда келтірілген мысалдардан нені аңғаруға болады? Билік тарапынан елор­дадағы ірі орталықтарға атау берілгенде ұлттық ерекшелік кәдімгідей ескеріледі екен. Ал ішіне кірсең, мазмұн басқаша. Бүгінгі заман – жекеменшіктікі. Бутик иелері мен мейрамхана, дәмхана, дүкен, мейманхана атаулының бәрінің қожайыны – жеке адамдар, өз ортамыздан шыққан кәсіп иелері. Ендеше, неге өз қолы өздеріне жеткен халық өз ерекшелігін сақтамайды? Бакуге барып әзербайжанның, Делиге барып үндінің патриоттығына қашанғы қызығамыз? Неге біздер ана тілімізді алдымен өзіміз құрметтеп, өзгені де санасуға үйретпейміз? Соған да Үкімет кінәлі ме? Жоқ, ар жағында әсіре еліктеп, ағылшынша, иә орыс тілінде жазсам беделдірек, жұртқа өтімдірек болады деген жалтақтық пен өз қағынан жерушілік бар. Мұны мойындау керек, әйтпесе бізді қоршаған лингвистикалық ландшафт өзгермек емес!