Спорт • 14 Тамыз, 2020

Egemen-нің айтқаны тағы да дәл келді

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенсация: «Лейпциг» Чемпиондар лигасының жартылай финалына жолдама алды!

Чемпиондар лигасының ширек финалдық ойындары аясында «РБ Лейпциг» «Атлетиконы»  2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Турнирдің финалдық кезеңі Португалияда өтуде, – деп хабарлайды Egemen.kz.

Egemen-нің айтқаны тағы да дәл келді

Ойын басталмас бұрын Egemen.kz сайтына «Лейпцигтің» қандай жағдайда ғана жартылай финалға шығуы мүмкін екенін айтқан едік. «Соңғы бес ойында тек екі рет қана жеңіске жеткен «Бұқаларға» Ла Лигада өз қақпаларына ең аз гол жіберетін командалардың бірі «Атлетикоға» қарсы тұру қиынға соғады. Әйткенмен, Юлиан Нагельсманның шәкірттері бірінші болып гол соқса, испан командасын әбігерге түсіретіні сөзсіз. Өйткені «Атлетиконың» қарсылас командаға көп гол соға бермейтіні де бар».

Айтса айтқандай, ширек финалда «Лейпциг» бірінші болып есепті ашты. Ойынның 51 минутында Ольмо есеп ашып, командасын алға шығарды. Араға 20 минут салып «Атлетико» сапынан  Португалияның талантты жас футболшысы Жоау Феликс 11-метрлік айып добын сәтті орындап есепті теңестірді. Ал ойынның 88-минутында Адамс бұл кездесуге нүкте қойды. Сол қапталдан әдемі пас алған ол, еш ойланбастан қақпаға соққы жасады. «Атлетико» қақпашысы Облак соққыны қайтарар ма еді, егер де доп қорғаушылардың біріне тимегенде. Есеп 2:1, «РБ Лейпциг» жартылай финалда.

«РБ Лейпциг» жартылай финалда азулы ПСЖ командасымен кездеседі.

 

Ойын статистикасы:

«РБ Лейпциг» – «Атлетико»

Допты иелік ету – 56% – 44%; соққы – 10:9; дәл соққы – 4:3; бұрыштама – 3:7; офсайд – 1:2; сары қағаз – 3:2; ойыншы алмастыру – 4:3.

«Лейпциг»: қақпашы – Гуляши; қорғаушылар – Анхелино, Клостерманн, Упамекано, Хальстенберг; жартылай қорғаушылар – Лаймер (Адамс), Кампль, Забитцер (Мукиеле); шабуылшы – Ольмо (Шик), Поульсен (к), Нкунку (Хайдара).

«Атлетико»: қақпашы – Облак; қорғаушылар – Триппьер, Савич, Хименес, Ренан Лоди; жартылай қорғаушылар – Карраско, Сауль, Эррера (Жоау Феликс), Коке (к) (Фелипе); шабуылшылар – Коста (Мората), Льоренте.