Аймақтар • 13 Тамыз, 2020

Пара алғаны үшін қызметінен қуылды

1583 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

СҚО Мағжан Жұмабаев ауданының жергілікті учаскелік полиция инспекторын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаментінің қызметкерлері 150 мың теңге пара алғалы жатқан жерінде ұстап, уақытша ұстайтын оқшаулағышқа қамалды, деп хабарлайды Egemen.kz

Пара алғаны үшін қызметінен қуылды

Ол параны әкімшілік бұзушылық жасаған адамнан талап еткен екен. Айыппұл салу туралы хаттама толтырмаудың құнын парақор осынша ақшаға бағалапты.   

Кеше облыстық полиция Тәртіптік комиссиясының отырысы болып, пара алған адам теріс қылық жасағаны үшін ішкі істер органдарынан шығарылып, арнайы атағынан да айрылды. Үстінен қылмыстық іс қозғалып, кейінгі тағдырын сот шешеді.

Оның тікелей басшысы – аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары да қызметінен босатылды. Сондай-ақ, полиция бөлімі мен облыстық аппараттың 11 басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

"Карантин кезінде өзінің әріптестері міндеттерін адал атқарып жүргенде, жас офицер өзінің іс-әрекетімен біздің қызметіміздің атына кір келтірді. Бұл факті халық арасында теріс ой қалыптастырады. Дәл осындай қатаң ұстаным қандай атақ пен лауазым болмасын кез-келген жемқорға қатысты болады және солай бола бермек. Әр қызметкерді бұйрықпен таныстырып, жағдайды жариялап отыру керек", деді Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев.