Қазақстан • 27 Шілде, 2020

Білімі кемел елдің болашағы зор

1641 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

2007 жылы 27 шілдеде Республика азаматтарының білім алуға конституциялық құқын қамтамасыз етуге арналған, 68 баптан, 12 тараудан тұратын Білім туралы заңы қабылданды. Бұл Заңда білім беру саласындағы қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін, білім процесі субъектілерінің құқықтары мен міндеттері, өкілеттілігі мен жауапкершілігі белгіленген.

Білімі кемел елдің болашағы зор

Білім беру жүйесінің міндеттері көрсетіліп, осы сала ұйымдарының ережелері, бағдарламалары мен білім деңгейлері айқындалған. Заң бойынша білім жүйесі жеті деңгейден тұрады: мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім. ҚР-ның білім беру саласында мұнан басқа да жекелеген нормативті актілері бар.

Тәуелсіздік алған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қиындықтарға қарамастан Елбасымыз білім жүйесін нығайтуға көп күш салды. Білімді ұрпақ еліміздің болашағы екені ақиқат. Жаңа ұрпақ өсті. 8 млн астам адам (халықтың шамамен 50%-ы) тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келді. Біз қайтымсыз нүктеден өтіп, болашаққа ұмтылып келеміз. Сонымен өткенге көз жүгіртіп, білім саласындағы өте үлкен жаңалықтар мен жетістіктерге шолу жасасақ:

Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ)

2004 жылдан бастап Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) енгізілді. Ол мектептегі білімнің қорытынды аттестациясы және жоғары оқу орындарына түсу емтиханы қызметін қатар атқарды. ҰБТ-ны енгізу мектеп түлектері үшін бірдей бастапқы мүмкіндік қалыптастыруда және елдегі жоғары оқу орындарына қабылданар кезде ашықтықты арттыруда маңызды қадам болды. ҰБТ механизмі педагогтер қоғамдастығымен пікірлесу жағдайында үнемі жетілдіріліп, өзгермелі уақыттың талаптарына сай жақсартылып келеді. Биыл пандемия жағдайында елімізде ҰБТ жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Назарбаев зияткерлік мектептері

Білім сапасының артуына жол ашқан негізгі шешімнің бірі – Қазақстанда білім берудің ең заманауи, инновациялық, көп тілді моделін қалыптастыру идеясы болды. 2009 жылы талантты балалармен жұмыс істеуге арналған бірегей жоба – Назарбаев зияткерлік мектептері дүниеге келді. Математиканы, физиканы, химияны, биологияны тереңдетіп оқытатын  зияткерлік мектептер елдің барлық аймағында құрыла бастады. Алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, бұл мектептер түлектерін үздік қазақстандық және халықаралық ЖОО-да білімін жалғастыруға дайындады. Нұрсұлтан Назарбаев зияткерлік мектептердің 10 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде: "Зияткерлік мектептер мемлекетіміздегі орта білім беру жүйесінің эталонына айналды. Бүгінде Қазақстанның барлық мектептері сіздерге қарап бой түзейді. Өскелең ұрпақтың қазіргі заманғы талаптарға сай болуы базалық білімге тікелей байланысты", деген еді, шын мәнінде, бұл – мектептегі білім сапасын үздік әлемдік стандарттар деңгейіне шығаруға бағытталған ұлттық орта білім жүйесінің локомотиві.

Жоғары білімнің жаңа белесі

Қазақстандық білімнің маңызды секторы жоғары мектеп. 2011 жылдың шілдесінде Қазақстанның бір топ жетекші жоғары оқу орнына ұлттық университет мәртебесі берілді. Жоғары білімді кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс ұлғая түсті.

Оқытушыларды қолдау мен олардың кәсіби деңгейін көтеру үшін 2005 жылы "ЖОО-ның үздік ұстазы" мемлекеттік стипендиясы белгіленді. Стипендия жылдық зерттеулерге арналған грант мәртебесін иеленді. Конкурстың өткізілуі ЖОО-ның өміріне ерекше қажет бәсекелестік рухын әкелді. ЖОО-ның академиялық еркіндігін, білім алушылардың жинақылығын, еңбек нарығының талаптарына сай мамандықтарын ауыстыру мүмкіндіктерін қарастыратын бакалавриат пен магистратура мамандықтары бойынша Мемлекеттік стандарттар жасақталды. 2005 жылдан бастап алдыңғы қатарлы оқу орындарында зерттеушілердің жаңа толқынын қалыптастыруға жол ашқан философия докторларын (PhD) дайындау бағдарламалары жүзеге асырыла бастады. 2010 жылы Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінен бірінші болып Болонья декларациясына қосылып, еуропалық білім беру кеңістігінің толыққанды мүшесі болды. Жоғары білім жүйесінде сапалы қадам жасалды. Болонья декларациясына қосылу халықаралық жоғары оқу орындары кооперациясы кеңістігінде ғажайып мүмкіндіктерге жол ашып, ұлттық жоғары білім сапасын көтеруге жаңа серпін берді.

Назарбаев Университеті

2010 жылдың 28 шілдесінде Назарбаев Университетінің ашылуы салтанаты өтті. Тәуелсіз Қазақстан жоғары мектебінің тарих сағаты жаңаша соға бастады. 2011 жылдың тамыз айында маңызды оқиға болды – бакалавриаттың үш мектебінде: Инженерия мектебінде (серіктесі – University College London), Ғылым және технология мектебінде (Carnegie Mellon University), Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде (University of WisconsinMadison) оқыту басталды. Университет толыққанды іске кірісті. Назарбаев Университеті қанатын кең жая отырып, республикалық білім жүйесіне – эталон, Қазақстанның барша жоғары оқу орындарына – әлемдік тәжірибені жеткізуші, озық ойлы жас қазақстандықтардың аңсар биігі, өз аясына озық оқытушыларды топтастырған зияткерлік-инновациялық кластер бола білді.

"Болашақ" бағдарламасы

1993 жылдан бастап Қазақстандық жастарға конкурс негізінде тағайындалып, шет елде білім алуға мүмкіндік беретін халықаралық стипендия. 2005 жылдың сәуірінде Үкімет "Халықаралық бағдарламалар орталығын" құрды. 2008-2012 жылдар аралығында мемлекет "Болашақ" бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңейте түсу жөнінде нақты шаралар жасады. Ғылыми тағылымдама бағдарламасы ашылды. Сондай-ақ жоғары білімнің ұлттық жүйесінің өскелең деңгейі ескеріліп, бакалавриат бағдарламасы тоқтатылды. Енді "Болашақ" бағдарламасы елге қажетті мамандықтар бойынша магистрлар мен докторанттарды дайындауға қайта бағытталды. Адам капиталының өсуіне қамқорлық жасау Қазақстанның тәуелсіздік алған сәтінен мемлекеттің басым міндеті саналып келеді. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін адам әлеуетін дамытуға күш салу әрекеті өз жемісін берді. "Болашақ" бағдарламасының арқасында мыңдаған дарынды жас қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің үздік университеттерінде жоғары деңгейлі білім алды. "Болашақ" жастар үшін шынайы әлеуметтік баспалдақ бола алды.

"Педагог мәртебесі туралы" Заң

Мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған тарихи шешім "Педагог мәртебесі туралы" заң дер едім. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 30 желтоқсанда заңға қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті. Жалпы заң жарты миллионнан аса ұстаздың жұмысына қатысты және 21 бап пен негізі төрт бағытты қамтиды:

Бірінші, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; Екінші, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту; Үшінші, материалды емес стимул тетіктері; Төртінші, материалдық ыңталандыру. 

Заңда ұстаздарға көптеген жаңашылдық қарастырылған. Біріншіден, 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіру және төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген.

Екіншіден, педагог өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартылудан қорғалады. Сонымен қатар, енді педагогтерді әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады. Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді. Заң бойынша педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беріледі. 

Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне де 2020 жылы жалақысы 25 пайызға өсіп, төрт жылдың ішінде екі есе арттырылады. Бұл санаттағы мұғалімдер міндетіне кірмейтін функцияларға тартудан қорғау және қарастырылмаған есептіліктен босату көзделген. Білім және ғылым министрінің айтуынша, Заң қаржымен толығымен қамтамасыз етілген. Жалпы, 2024 жылға дейін 5 триллион 3 миллиард теңге осы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінеді. Бұдан басқа, ілеспе заңда ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбасылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылған. Жаңа заң еліміздің тиісті деңгейдегі білім ордаларындағы ұстаздар мен білім алушыларға тиімді болып, еліміздің білім сапасын арттыруға көп мүмкіндік береді деп сенеміз.

Пандемия. Қашықтан оқыту

Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирус пандемиясына байланысты жаппай карантин шараларының енгізілуі барлық деңгейдегі білім беру жүйелерін  қашықтықтан оқытуға алып келді. Мемлекетіміз белең алған жағдайға байланысты бұл жүйемен бір-ақ күнде бетпе-бет келді. Әрине, туындаған мәселелер баршылық. Атап айтатын болсақ, барлық білім алушылардың бірдей интернет желісіне қосыла алмауы. Алыс шалғайдағы ауылдардың өзін айтпағанда, қала іргесіндегі ауылдарда интернет желісі нашар немесе ұстамайды. Ал интернет ұстаса, қолдарында пайдаланатын құрылғылары жоқ. Бұл мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс мәселе. Сондай-ақ, білім беруде тиімді деген қашықтан оқытудың бірнеше платформалары елімізде тиімді пайдаланды. Алдағы уақытта осындай бағдарламалардың жұмыс істеу алгоритмін үйрететін курстар болуы керек. Қазақстандық IT-мамандарды жұмылдырып, қашықтықтан оқытуда тиімді ұлттық платформаларды жетілдіру керек. Болашақ мектептің мұғалімдерін дайындайтын педагогикалық мамандықтарда қашықтықтан білім берудің әр пән бойынша әдістемесін үйрететін (сабақ жоспарындағы мақсаттар, сабақтың теориялық тұсының берілуі, тапсырмаларды дайындау ерекшелігі, оқушыға берілетін кері байланыстың формалары) таңдау курстарын немесе әдістемелік пәндердің күнтізбелік-тақырыптық жоспарына тақырыптар енгізу керек.

Алайда, осындай мәселелерге қарамастан, білім саласы қиын жағдайда қашықтан оқытуды сәтті ұйымдастыра білуде. Оның бір жарқын дәлелі қазіргі Білім және ғылым министрлігінің жұмысына халықтың оң баға беруі.

Сонымен, осы жылдар ішінде білім жүйесі біраз өзгерістер мен дамуды басынан кешірді. Елбасының білім беру жүйесіне үнемі назары, жүздеген мың мұғалімдеріміздің күнделікті зор шығармашылық еңбегінің арқасында білім беру жүйесі жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

 

Меруерт ТУЛЕБАЕВА,

саясаттанушы