Аймақтар • 19 Маусым, 2020

Қостанай облысында полицияны балағаттаған әйел сотталды

382 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денисов ауданының соты билік өкіліне тіл тигізген әйелге айыппұл салып, 40 сағат қоғамдық жұмыс істеуге мәжбүрлеу туралы үкім шығарды, деп жазады Egemen.kz

Қостанай облысында полицияны балағаттаған әйел сотталды

16 мамырда аталған азаматшаның үстінен Фрунзе ауылының тұрғындары учаскелік инспекторға  шағым түсірген. Әйел алаңқайда ойнап жүрген балалар айқай салып балағаттаған. Ата-аналардың ескертуіне құлақ аса қоймаған соң, тұрғындар жергілікті учаскелік инспекторды шақырған. 

Полицей оқиға орнына келіп, мән-жайға қаныққан соң, 38 жастағы әйелдің әрекетін ұсақ бұзақылық деп бағалап, ҚР ӘҚК-нің 434 бабы бойынша хаттама толтырып, сотқа жібереді.

Сол күні учаскелік инспектор сотқа шақыру қағазын тапсыру үшін әйелдің үйіне келген. Қызықтың көкесі осы жерде болады. Құқық бұзған әйел үйінен шыға салысымен, полицейге былапыт сөздің түр-түрін қарша жаудырады. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан келіншек қой дегенге көнбеген соң, полицей енді қылмыстық кодекске жүгініп, қызметтік міндетін атқарып жатқан билік өкілін қорлаған азаматшаның үстінен  қылмыстық іс ашады. Істі тексеру көпке созылмай аяқталып, сотқа жіберіледі. Сот жоғарыдағыдай үкім шығарып отыр.

Қостанай облысының ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақта жыл басынан бері билік өкіліне тіл тигізгендерге қатысты 43 іс қозғалып, оның 30-ы сотқа жіберілген. Билік өкіліне қарсы қара күш қолданғандар да бар. Мұндай азаматтарға қатысты 3 қылмыстық іс қаралып жатыр, 6 іс сотқа жіберілген.

 

Қостанай облысы