
Пиреней түбегіндегі мемлекет қазіргі таңда коронавирустан қатты зиян шеккендер қатарында. Бүгінге дейін Испанияда 185 мыңға жуық адам COVID-19 вирусын жұқтырып, 19 мыңнан астамы қайтыс болды. Бүкіл ел аумағында карантин жарияланып, экономика тұралап қалды.
Дағдарыстың салдарын жеңілдетуге қатысты биліктің қабылдаған шешімдері сын көтерер емес. Сондықтан П.Санчес парламенттегі партиялардың бәрін ортақ мәмілеге келуге шақырып отыр. Премьер-министрдің сөзіне қарағанда, бұл қадам өткен ғасырда қабылданған атақты «Монклоа пактіне» пара-пар болмақ.
«Дәл қазір және келешекте де... вирустан басқа жауым болмайды. Ешкім бұл соғысты жалғыз жеңе алмайды. Біріксек қана вирусты ауыздықтап, оның келтірген зардаптарын жоя аламыз», деді П.Санчес парламенттегі партияларға жасаған үндеуінде.
Премьер-министр Педро Санчестің «Монклоа пактін» мысалға келтіруі бекер емес. Өткен ғасырдың бел ортасында Испанияда генералиссимус Франциско Франко билік құрғаны белгілі. Испания каудильосы (көсем) кезінде Пиреней түбегінде диктаторлық жүйе орнады. Алайда 1975 жылы Франко қайтыс болғаннан кейін таққа Хуан Карлос отырды. Дәл осы кезеңде Испанияның демократиялық жолы ретінде конституциялық монархия таңдалды.
«Монклоа пакті» – сол дәуірде қабылданған, тағдыршешті құжат. 1977 жылы парламентке сайланған бүкіл партия ортақ мәмілеге келіп, 40 жыл бойғы диктаторлық жүйені бұзуға, елді демократиялық бағытта дамытуға шешім қабылдады. Осылайша елдегі цензура жойылып, баспасөз еркіндігіне жол беріліп, оппозиция түрлі артықшылық иеленді. Келісімге премьер-министрдің ресми резиденциясында қол қойылғандықтан, «Монклоа пакті» деп аталды.
Бір жағынан, Испания премьер-министрінің әрекеті «суға кеткен тал қармайдының» әрекеті іспетті. Қазіргі таңда П.Санчестің Испания социалистік жұмысшылар партиясы Сенатта – 115, ал Конгресте – 120-орынға ие. 2019 жылы өткен парламенттік сайлауда социалистер басым дауыс иеленгенімен, көпшілікті құрау үшін Халықтар партиясымен(ХП) бірлесіп, үкімет құрған. Алайда ХП өзінің оппозициялық көзқарасын сақтап қалды. Испания парламентінің ерекшелігі – Конгресс көпшілік дауыспен жоғарғы палата – Сенаттың кез келген шешімін қайтара алады. Сондықтан П.Санчес үшін Конгресте көпшіліктің қолдауы өте маңызды.
Енді экономикалық дағдарыс пен пандемияның салдарымен күресіп, бірлесе жұмыс атқару үшін П.Санчес Халықтар партиясымен және Vox партиясымен келісімге келуі тиіс. Бұл екі партия былтырғы сайлауда тиісінше екінші және үшінші орындарға тұрақтаған-ды. Бірақ П.Санчес үшін олармен тіл табысу оңай соқпайтын сыңайлы.
Халықтар партиясының жетекшісі Пабло Касадо премьер-министрдің ұсынысын қабылдамайтынын, П.Санчес коронавируспен күресте жіберген кемшіліктерін бүкіл партияға артып қоймақ деп есептейтінін жеткізді.
«Бізге сценарий мен актерлерін білмейтін қуыршақтар қойылымын ұсынбаңыз. Сізге белгілісі – шымылдық түсірілгенде қателеріңізге бәрімізді жауапты етпексіз», деді П.Касадо премьер-министрге.
Сонымен қатар П.Касадо жаңа «Монклоа пактіне» қол қою үшін телефонмен сөйлесу немесе екіжақты кездесу жеткіліксіз деп есептейді. Оның айтуынша, үкімет денсаулық сақтау саласындағы олқылықтарды реттеуге, пандемиядан кейінгі экономикалық дағдарысқа әзірленуі керек.
П.Санчестің ұсынысы биліктің дәмін татқандарға ұнай қоймайтыны түсінікті. Өйткені партиялар ортақ мәмілеге келсе, қазіргі премьердің саяси салмағы арта түспек. Мәселен, бұған дейін премьер-министр лауазымын атқарған Хосе Мария Азнардың пайымдауынша, социалистер коалиция құрған солшыл Podemos партиясы өз ықпалын күшейтуді көздейді.
Ал Vox партиясы П.Санчестің ұсынысына үзілді-кесілді қарсы болып, үкімет тарағанда ғана келіссөз үстеліне отыратынын мәлімдеді.
Азаматтар партиясының жетекшісі Иньес Арримадас партиялардың ортақ келісімін қолдайтынын жеткізді. Оның пайымдауынша, жаңа пакт үш бөліктен тұруы тиіс. Біріншісі – ауруханалар мен орталықтарды қорғаныш маскасымен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Екіншісі – пандемиядан қатты зардап шеккен өндіріс ошақтарын қолдайтын экономикалық стратегия әзірлеу. Үшіншісі – қоғамның әлсіз топтарына әлеуметтік көмек көрсету.
Каталония аймағының президенті Куим Торра премьер-министрдің ұсынысына қатысты пікір білдіруден бас тартты. Оның айтуынша, Санчестің бастамасында нақты ештеңе көрсетілмеген.
Оппозицияның қарсылығына қарамастан, Испания халқының басым бөлігі парламенттің ортақ мәмілеге келіп, коронавирус салдарымен бірге күресуді қалайды. Әлеуметтік зерттеулер орталығы (CIS) жүргізген зерттеуге сүйенсек, сауалдамаға қатысқандардың 91,4 пайызы үкіметтің ұсынысын қолдайтынын айтқан.
Бірақ П.Санчес ұсынған жаңа «Монклоа пактін» партиялар бірауыздан қолдайтынына сену қиын. Әрі жаңа құжат кезінде қабылдаған құжаттан мүлдем бөлек. Біріншіден, «Монклоа пактін» Конгреске мүше бүкіл партияның бәрі қолдады. Екіншіден, ол құжатта атқарылатын жұмыс жоспары ғана көрсетілген жоқ. Онда күн тәртібіндегі мәселелер анықталып, оларды шешу жолдары келісілді. Үшіншіден, үкімет бүгінге дейін пандемиямен күрес үшін бірқатар нақты шешім қабылдады. Мәселен, оның қатарында баланы жалғыз тәрбиелеп отырған отбасыларға қаржылай көмек көрсету бар. Алайда 1977 жылы қабылданған пактіде алдын ала ешқандай іс-әрекет жасалған жоқ. Әуелі келісім жүргізіліп, содан кейін ғана нақты шаралар атқарылды.
Қысқасы, Испания парламенті тағдыршешті кезеңде тұр. Әлбетте, жаңа құжат кезіндегі «Монклоа пактіне» тең келмейтіні белгілі. Премьер-министрдің ұсынысын партиялардың бірі қолдағанымен, келесісі мүлдем қарсы екенін ескерсек, П.Санчестің бастамасының келешегі бұлыңғыр болып тұр.