31 Наурыз, 2010

МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ

990 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың жетекшілігімен білім беруді дамытудың жай-күйі мен болашағына қатысты дүйсенбіде өткен Үкімет сағаты отырыс залы дәлізіндегі көрмені тамашалаудан басталды. Мұнда негізінен арнайы әкелінген стендтер мен білім ордаларына сатылып алынатын аппараттар көпшілік назарына ұсынылды.Алдымен баяндаманы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев жасады. Министр өз баяндамасында білім саласындағы жетістіктерге ерекше ден қойды. Атап айтқанда, еліміз үстіміздегі жылдың 11 наурызынан бастап еуропалық білім беру кеңістігінің (Болон процесі) толыққанды мү­шесі болып табылады. Адами даму индексі бойынша 2009 жылы Қа­зақстан алғаш рет адам әлеуеті жо­ғары деңгейде дамыған елдер тобына енді. Жансейіт Қансейітұлы бұл жетістіктерді былай сипаттады: “Біздің оқушылардың жеңісі Қа­зақ­станға ең беделді интеллектуал­ды жарыстың – 2010 жылғы шіл­деде Астана қаласында өтетін ма­те­матика пәні бойынша 51 халық­аралық олимпиаданың эстафета жалауын алуға мүмкіндік берді”. Сондай-ақ білім беруге қаржы былтыр оның алдындағы жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға (702 миллиард теңге) өсіп, ішкі жалпы өнімнің 4,2 пайызын құраған. Яғни, бір оқушыға кететін шығын 1,3 есеге артыпты. Осы ретте министр 2011 жылды “Білім жылы” деп жариялау туралы көптеген ұсыныстар түсіп жатқандығынан хабардар етті. Соңғы үш жылда 254 жылпы бі­лім беретін мектеп салынып, Тұң­ғыш Президенттің 3 интеллектуал­ды мектебі ашылған. Осындай мек­теп­тер желісі 2013 жылға дейін бар­лық өңірлерде ашылатыны белгілі болып отыр. Министрдің сендіруін­ше, 2020 жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толық қамтамасыз ету жүзеге асы­рылатын бо­лады. Алда “ақша мұ­ға­лімнің соң­ы­нан ереді” қағидаты бойынша бі­лік­тілікті арттыру жүйе­сі­н ваучерлік қаржыландыру ен­гі­зілмекші. Бұдан басқа ағылшын тілін қолданатын мұғалімдер саны 2015 жылы 15 пайызға, ал 2020 жы­лы 30 пайызға артады деп күтілуде. Ал қазір мек­тептерде орташа есеп­пен 18 оқушыға 1 компьютерден келеді екен. Кең жолақты интернет желісіне мектептердің 34 пайызы қосылыпты. Қосымша баяндама жасаған Әлеу­меттік-мәдени даму жөніндегі комитет төрайымы Динар Нөкета­ева 2007 жылы қабылданған білім заңының олқы тұстары көп бол­ған­дығын ерекше айтып кетті. Қазіргі кезде “Қазақстан Республикасын­дағы білім беру туралы” Заңға ө­з­герістер мен толықтырулар енгізу жә­не ғылымға қатысты заң жоба­лары жан-жақты пысықталу үстінде көрінеді. Алайда осы кезге дейін заңдық құжаттар арасында тиісті байланыстар болмапты. Соның салдарынан ғылым саласында нәтижелерге қол жеткізілмеген. Осы ретте депутат мектепке дейін оқыту жеке меншік құзырына тап­сырылса, көптеген ата-аналардың оған төлейтін қаржысы жеткіліксіз екеніне назар аудартып, 12 жылдық орта білім беруді 2020 жылға ысы­рудың салдары мен себебін егжей-тегжейлі зерделеуге шақырды. Ко­митет төрайымының пайымынша, 9 сыныптан бастап мектеп оқушы­ла­рын гуманитарлық, жараты­лыс­тану, математика бағыттары бой­ын­ша және арнайы кәсіптік-техни­калық білім беру негізінде оқытуды қолға алған жөн. Сол кәсіптік-тех­никалық білім беру ошақтарының жанынан өндірістік орталықтар ашу да назардан тыс қалмауы тиіс. Қа­зақ тілін үзіліссіз оқыту мәсе­лесіне де ерекше көңіл бөлінуі керек. Депутаттар министрдің назарын электронды оқулықтарды қаржы­лан­­­дырудың өте мардым­сыздығы­на, интернет желісінің елімізде әл­ем­дегі ең қымбаттығына, мұғалім­дер мәртебесінің сын көтермей­тін­дігіне және өзге де келеңсіздіктерге аударды. Ж.Түймебаев осы ретте бі­лім берудің жай-күйін талдау мен оны ары қарай дамыту 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді да­мытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасында жан-жақты қамтылған­дығынан хабардар етті. Отырысты Палата Төрағасының орынбасары Ж. Кәрібжанов қоры­тын­дылады. “Бірінші мәселе – мұ­ғалім­дердің мәртебесін, дәрежесін, олардың еңбекақысын көтеру мәселесі. Екінші мәселе – мемле­кеттік басқару жүйесін ары қарай дамыту. Егер де Үкімет сондай ұсы­ныс­тар берсе, оларды депутаттар қол­дайды”, деді Жәнібек Сәлімұлы. Кәсіптік-техникалық білім беру әлі де қанағаттанғысыз. Қазіргі уақытта Президент Жолдауына байланысты индурстриялық-инновациялық бағ­дар­лама жасалып жатыр, оны орын­дауға қажетті кадрлар керек. Төраға орынбасары білім мен ғылым сала­сын жаңа өлшемге, жаңа тұжырым­дамалы дәрежеге көшірудің қажет­тігіне ерекше екпін түсірді. Бірақ оған қалай көшуге болады. Сол сияқты балабақшадан бастап мек­теп, жоғары оқу орны, тіпті жұмыс істейтін қыз­меткерлерге қазақ тілін оқыту, білім саласындағы жемқор­лықпен күрестің алдын алу аса көкейкесті проб­лемалардың бірі болып табылады. Нәтижесінде, ұсынымдар жо­ба­сына депутаттардың айтқан пікірлері мен ұсыныстары енгізіліп, білім бе­ру саласын жетілдіруге қатысты те­тік­тер туралы ойлармен толық­ты­ры­латын болып шешілді. Жан-жақ­ты пысықтаудан өткен ұсынымдар Үкімет пен тиісті мем­лекеттік органдарға жолданатын болады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.