31 Наурыз, 2010

ТАҢДАУ ҰЛЫ ЖАМБЫЛҒА ТҮСТІ

562 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астананың Киевтегі күндеріне қатысып, сол туысқан екі елдің бас қаласының мәртебелі де ұмытылмас мезеттерінен сыр тарқатқан мақаламыз “Егемен Қазақстан” газетінің 2007 жылғы 26 қыркүйегінде “Днепр дірілдеп, Есіл елжіреген күн”  деген атпен бір бетке жайылып шыққан еді. Соның бір тақырыпшасы “Т. Шевченко... Бізден кім?” деп аталған-тын. Ондағы көтерілген әңгіме төркіні мынандай. Киев қалабасы Л.Черновецкий: “Біздің ұлттық батырымыз Тарас Шевченко ғой. Осы ұлттық батырымызға сіздердің астанада ескерткіш ашылса деген тілек бар”,– деп ұсыныс тастады. Одан әрі қарсы жақтың сөзін күтпестен, іле жалғап: “Ал біздің Киевте сіздерден қандай ұлттық батырдың ескерткішін қоюды, әрине, өздеріңіз шешесіздер ғой”,– деп салмақ сала түйді ойын. Осы бір сезім тербеген тұс аталған мақаламызда былай баяндалыпты: “...Тағы батыр мен ақын сөзін алмастырып алған шығар деп қобалжығанымызбен, өзімізше іштей ұсыныс әзірлей бастаған секілдіміз... Абай, әлде Бауыржан, әлде Жамбыл, Қайсенов... жүлгеленіп кетіп барады.... Әрине, мұндай таңдау біздің құқығымыздағы іс емес. Түсінеміз. Бірақ кім, бізден кім лайықты, Астанаға орнығатын Тарас Шевченко сияқты Киев төрінде қазақ атынан “таққа” жайғасатын, бәтір-ау”. Сол жолы делегацияны бастап барған елорданың бұрынғы әкімі А.Мамин “түпкі ойымызды” кейін мәлімдейміз дегендей, үнсіз бас изеумен құтылған. ... Міне, енді Украина астанасынан жақсы хабар алып отырмыз. Баяғы өзіміз көріп, сөзін тыңдаған, ұсынысына разы болған қалабасы Леонид Черновецкий арнайы қаулыға қол қойып, Киевтегі Қазақстанның Украина елшілігінің алдындағы “Нивки” саябағына Жамбыл Жабаевтың ескерткіші қойылатынын ресми жария етіпті. Сүйсінбеске амалың жоқ. Бұған тағы бір қосарымыз, 2008 жылы Киев қалалық кеңесінің шешімімен бұрынғы Кузьминская көшесі Жамбыл көшесі болып қайта аталғанынан хабардар едік. Сондай-ақ былтыр қазақтың ұлы ақынына Киевте ескерткіш-тақта орнатылып, көңіліміз бір демделген-тін. Ендігі жаңалық әлгіндей. Екі жарым жылға созылған таңдау ұлы Жамбылдың ескерткішіне түсіпті. Дұрыс таңдау. Қазақтың жүрек-ұсынысын дөп басып, қуаттап қолдаған бұл украиндық таңдауды қос халық қуана құптап отыр! Ал Т.Шевченкоға Астанада ескерткіш орнатуға қатысты дерек көзін жөндемдеп қаузай алмадық... Қайсар ӘЛІМ, Астана.