31 Наурыз, 2010

ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАДАҒЫ ТҰСАУКЕСЕР

601 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жуырда Алматыдағы Ұлттық кітап­ханада Қазақстан Жазушылар одағы бас­қар­масының мұрындық болуымен Жазушылар одағының 75 жылдығы аясында белгілі қарт жазушы-публицист Сапабек Әсіпұлының “Қауқарсыз қазақ мәселесі” атты кітабының тұсаукесері болды. Басқосу тізгінін алған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма тө­ра­ғасының бірінші орынбасары, Ха­лық­аралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай жасы сексеннің сеңгіріне көтерілген қарт қаламгер Сапабек Әсіпұлының шы­ғар­машылығына, қоғам өміріндегі белсен­ділігіне, әсіресе, ұлт тағдырына қатысты мәселеде айрықша қызмет жасап жүргеніне тоқталды. Алқалы жиындарда жас ұрпақтың келешегі, жер, басқа да өзекті мәселелер төңірегіндегі өткір де ойлы пікірлерін ашық білдіре алатын қайраткерлік қасиетін атап өтті. Қарт қаламгердің иығына күллі әріптестерінің атынан шапан жауып, құрмет көрсетті. Белгілі ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Аманхан Әлім С.Әсіпұлының шығармашылығы жөнінде мазмұнды баяндама жасады. Содан соң жаңа туынды туралы, сондай-ақ, Сапабек Әсіпұлының ақсақалдық, азаматтық, қайраткерлік қасиеттері туралы көптеген ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері өзекжарды ой-пікірлерін білдірді. Тұсаукесер рәсіміне қатысушылар Ұлттық кітапхана әзірлеген Сапабек Әсіпұлының шығармашылығына арналған кітап көрмесін тамашалады. Серікжан ҚАЖИ, Қазақстан Жазушылар одағының аға референті.  Алматы.