31 Наурыз, 2010

КӨКШЕТАУДАН КӨМЕК

679 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
“Апат айтып келмейді” дегендей, Алматы об­лысындағы тосын апат ақмолалықтардың да қа­быр­ғасына қатты батты. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында су тасқынынан зардап шек­кендерге көмек ретінде 50  миллион теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында арнайы штаб құрылып, аудандар мен елді мекендерден киім-кешектер жиналып, ақша аударылуда. Қазірдің өзін­де бір вагон азық-түлік пен  қажет заттар жөнелтілді. Бұдан тысқары барлық мекемелер мен еңбек ұжымдары бір күндік еңбекақыларын аударып жатыр. Мәселен, облыстық соттың қызмет­кер­ле­рі 2 миллион теңге, “Қазпош­та­ның” облыстық филиалы 11 миллион теңге бөлді. “Диас” тігін фаб­рикасының, “Арман” тоқыма фабрикасы­ның, “КамАЗ-Ин­жиниринг” АҚ, “Көкше полиграфия” серік­тестігі, “Көкшетау минералды сулары”, “Есіл Агро” фирмалары, тағы басқа кәсіп­­керлік құрылымдары жомарттық танытуда. Ал, Көкшетаудағы “Қызыл крест” қоғамдық ұйымының өкілдері алғашқы күннен бастап қызылағаштық бауырлардың ортасында жүр. Облыста апат зардаптарын жоюға бағыт­талған көмек-қолдау жалғаса бермек. Сондай-ақ, шығысқазақстандықтарға да қолдан келген қолдау шаралары жасалатын болады. Бақберген  АМАЛБЕК, Ақмола облысы.