Фрхат Молдағалиев режиссерлік еткен қойылымның басты ерекшелігі – ХХ ғасырдағы опера өнерінің жауһары бір ғана кейіпкердің тағдыры мен ішкі арпалысы арқылы сарапталуында. Айтулы моноопера Жан Коктоның пьесасы негізінде жазылған. Бір кейіпкердің сезім әлемін аша отырып, туынды көрерменге жалғыздық, махаббат, үміт пен қоштасу сияқты терең эмоционалды күйдерді сезіндіреді. Пуленктің музыкасы мінсіз психологиялық үйлесім мен нәзік драмалық шиеленісті үйлестіре отырып, тыңдаушыны кейіпкердің ішкі ойларына жетелейді. Әр нотасы мен әр демі адамның рухани күресін, өмір мен өлім арасындағы нәзік шекараны көрсетеді.
«Толық адам. Ой толғау. Хәкім Абай» монооперасы
Сахнадағы драмалық образды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп сомдайды. Ол тек актерлік шеберлігін ғана емес, вокалдық мүмкіндігін де дәл осы қойылым арқылы көрерменіне тарту етеді. Оның орындауындағы драмалық бай дауыс бояуы мен эмоциялық дем көрерменді кейіпкердің ішкі дүниесіне терең бойлатары сөзсіз. Операға Қанат Омаров дирижерлік етсе, Т.Әбдірашев атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі музыкамен сүйемелдеп, туындының көркемдік деңгейін арттырады.
Қойылымның қазақ тілінде сахналануы – отандық өнер үшін үлкен жаңалық. Көрермен классикалық туындыны ана тілінде тыңдап, кейіпкердің ішкі дүниесін түсініп, эмоциялық байланыс орната алады. Бұл қазақ опера өнерін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, тыңдарманына шынайы сезім мен эстетикалық ләззат сыйлары сөзсіз.