Қазақстан • 03 Наурыз, 2020

Қостанай облысында коронавирусқа қарсы арнайы штаб құрылды

186 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Төрткүл дүниені алаңдатқан жұқпалы  вирус туралы бүгін барлық жауапты сала басшылары қатысқан өңірлік жедел штаб отырысында сөз болды.

Қостанай облысында коронавирусқа қарсы арнайы штаб құрылды

Аудан, қала әкімдері мен облыстық басқарма басшылары түгел бас қосқан селекторлық жиында коронавирусқа қарсы тосқауыл шаралары жан-жақты талқыланып, жұқпалы дерттің облыс көлемінде таралуына жол бермеу жолдары пысықталды. Жиын барысында облыс әкімі А. Мұхамбетов басқарма басшыларына жағдайды қатаң бақылауда ұстауды қадап тапсырды. Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы О.Бекмағамбетовтың айтуынша, облыста дерттің алдын алу мақсатында бірқатар сақтық шаралары жүзеге асырылған. Бүгінде облыстың емдеу мекемелерінде 622 емтөсек дайын тұр. Өңірдегі әуежай мен теміржол вокзалын қосқанда, облыстың барлық аймақтарында 168-ден астам оқу-жаттығу шаралары өткен. Коронавирус тіркелген елдерге сапар шегушілер санын шектеу мақсатында 20 шақты туристік фирмаға түсіндіру, сақтандыру семинарлары өткізілген.

Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы В.Дудник өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Қытайдан 159 адам оралғанын, олардың 153-і  облыс тұрғындары, ал алтауы шет ел азаматтары екенін айтты. Тәж вирусы тіркелген елдерге тиесілі шекара бекеттерінен өткен 5217 адамның бәрі дәрігерлер бақылауына алынған.  Өңірде науқастарды оқшаулауға арналған  15 бокс, тәж вирусын жұқтырғандарды емдейтін 1 оқшаулау капсуласы бар.  Қосымша 65 көлік бөлінген.

Тәж вирусы инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында өңірге Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қосымша қаражат бөлініп отыр.  Таяуда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірыңғай тасымалдаушымен 18,6 млн теңгеге 20 түрлі дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдарды жеткізу жөнінде шарт жасасқан. Сатып алу, жеткізу шарттарын ресімдеу әлі де жалғасуда.

- Қостанай облысына дәрі-дәрмектің 30 түрі мен басқа да медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға 35,7 млн теңге бөлініп отыр. Бірақ дәрі-дәрмектің жартысы ғана жеткізілген. Қалғанын сатып алуға әлі бір ай уақыт керек. Тіпті, «Жол картасын» да дайындамағансыздар. Бұлай арқаны кеңге салуды қойыңыздар. Ертең түске дейін маған «Жол картасын» тапсырыңыздар. Қанша және қандай дәрі түрлері жеткізілді, қалғаны қашан жеткізіледі? Нақты жауабын беріңіздер, — деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.

Жиын соңында аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне, басқарма басшылары мен сала мамандарына тиісті шаралар мен бақылауды күшейтіп, өңірлерде де арнайы штаб құруды міндеттеді.

 

 

Қостанай