30 Наурыз, 2010

БИЗНЕС ҚАШАН БІЗДІҢ ІС БОЛАДЫ?

871 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Немесе өндіріс өркенділігі төңірегіндегі ойлар Баяғыда көлденең өтіп бара жатқан бір адам көше бойында атын доғарып, өзі ар­басының үстінде ұйықтап жатқан арбакешті көріп “Ау, бұл не жатыс? Босқа уақыт өт­кіз­генше тынымсыз еңбек етіп, ақша тап­пайсың ба”, депті. Арбакеш болса “Сонда ол ақшаны не істеймін?” деп сұрайды. Анау адам “Ол ақшаға жаңа арба мен тың ат сатып алып, бұрынғыдан да гөрі өнімдірек жұмыс істейтін боласың”, дейді. “Содан соң не істеймін?” деп сұрайды арбакеш тағы да. “Содан соң өзіңе патша сарайындай үй салып аласың”, деп жауап береді жаңағы адам. “Содан кейін не істеймін?”. “Содан кей­ін шалқайып тұрып жата­сың”. Сөйтсе “Сенің ойыңша мен қазір не іс­теп жатыр­мын?” деген екен әлгі арбакеш өзі­не ақыл үйреткен адамның бетіне қарап тұрып. Осы бір тәмсіл кейде біздің қазақстандық кәсіпкерлерді көзге елестетеді. Өйткені, олар да жаңағы арбакеш сияқты тіршілігіне жете­тін қаражатын жинап алып, коттедж­дерін тұрғызып, автомәшинелерді қос-қосынан сайлап, содан соң бір аяқты бір аяққа салып қойып көсіліп жатқандай көрінеді. Қазақ­станның нарықтық қатынастарға көшкеніне едәуір жылдың жүзі болды, осы уақыт ішінде өздерін кәсіпкерлерміз деп атайтын белгілі бір топ та пайда болды. Ресми мәлі­меттерге жүгінер болсақ, елдегі ша­ғын және орта кәсіпкерлікпен айналыса­тындардың қатары 1,8 миллион адамға жетіпті. Шағын бір мемлекеттің халқы деуге тұрарлық сан. Жарылқаса түбі осылар жарылқайды деп халық та олардан көп үміт күтті. Өкінішке қарай, дәл қазіргі таңда ол үміт ақталды деп айтуға ауыз бара қоймайды. Олай дейтініміз, әзірге қазақ бизнес­мендерінің басым көпшілігі “ала дорба” ар­қалаудан, дәлірек айтқанда, алыпсатарлықтан әріге ұзап кете алмай тұр. Қытайдың арзан тауарларын әкеледі де, бағасын 4-5 есеге дейін өсіріп сатып, нәпақасын содан табады. Ал тұрмысқа қажетті өнім өндіріп, ел игі­лігіне еңбек етіп жатқандар некен-саяқ. Оның да өзіндік “сыры” бар. Біріншіден, сауда-саттықпен айналысу үлкен ақылды, білімді, ол аз десең, тіпті басы артық бейнетті де қажет етпейді. Екіншіден, шикізатты қай­дан аламын, мамандарды қайдан табамын деп бас қатырмайды. Үшіншіден, тауарын дорбалап әкеліп сатып жүрген адамға бан­кротқа ұшырау қаупі деп төнбейді. Жалпы, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру әдеті біз үшін ешқашан таңсық болған емес. Сол дәстүр ХХІ ғасырда да қыр соңымыздан қалмай келеді. Қазақ қашаннан етті жақсы көреді, ал сол етті салатын табақты өзгелер жасап береді, қазақ терлеп-тепшіп шәй сорап­тағанды да ұнатады, шәй ішетін шыны аяқ пен кесені де өзгелер жасап береді. Ең қызығы, бүкіл ғұмыр бойына мал бағумен шұғылданған, тек қана малмен өмір сүрген халық қолдарына еркіндік тиіп, кәсіппен айналысуға мүмкіндік берілген кезде сол малды бағып, өнімдерін ұқсатып, қажетіне жаратуға жарамсыз болып шықты. Сондық­тан да бүгінде Қазақстандағы еттің 40 пайы­зы сырттан тасымалданады, сондықтан да дүкендерде ірімшік пен қаймақ жеткіліксіз, барларының өзі ұнтақ сүттен жасалған және тапшы болғандықтан бағалары да қымбат. Сондықтан да қымыз, шұбат, жент сияқты ұлттық тағамдарды күндіз қолыңа шам алып іздесең таппайсың. Әйтеуір, құртты өзбек ағайындар жеткізіп беріп жақсы болып тұр. Абырой болғанда, (әлде өкінішке қарай ма?..) кешегі кеңестік саясаттың арқасында қазақ­тың ұлан-байтақ жерлері “тың игеру” деген желеумен жыртылып, сол жерлер бүгінде біздің бауырларымыздың нан тауып жеуіне жарап-ақ тұр. Шынын айтсақ, Кеңес өкіметі осы бір ауыр да ауқымды жұмысты атқарып бермегенде, осыншама жерді өзіміздің ағайындардың игеріп алуы екіталай еді. Сол өзгелер жыртып берген жерге егін өсіре ал­май, шаруасы шатқаяқтап қалған бір жігіттің пайда түсетін жерлердің бәрін шетелдіктерге беріп жатыр, егер бізге берсе, өзіміз-ақ бәрін қатырар едік, деп шіренгенін де естігенім бар. Мұндай кезде не айтарсың? Күлесің де қоясың... Әрине, ел кәсіпкерлерден мүлде ада деп ауызды қу шөппен сүртейін деп отырған ешкім жоқ. Егіншілікпен, мал шаруа­шы­лы­ғымен айналысып, жап-жақсы көрсеткіш­терге қол жеткізіп, халық мұқтажын өтеуге өз үлестерін қосып жүрген кәсіп иелері бар­шылық. Бірақ ұлан-байтақ Қазақстан үшін қазіргі барлардың азырақ екенін, оның үстіне олардың тек агроөнеркәсіп саласында ғана жұмыс істейтіндігін мойындауымыз керек. Әңгіменің ашығына көшсек, жаңағы ди­қандарымыз бен малшыларымыз үшін қажетті құрал-жабдықтарды жасап беретін де кәсіпкер керек-ақ. Осыдан үш жылдай уақыт бұрын базарда пластмассадан жасалған бұйымдарды сатып тұрған бір әйелдің түсі сұрықсыздау, сырты қолға түрпідей тиетін тұтқыр бір шараны көрсетіп, мынау өзімізде жасалған, бағасы қымбатырақ, бірақ абайсызда жерге түсіріп алсаңыз шытынап жарылып кетеді, ал мынау көрші республикада жасалған, бағасы да ар­зандау, сапасы да жақсырақ, деп өз тауар­лары туралы мағлұмат беріп тұрғанын көр­генім бар. Түсіне білген адамға осы бір болмашы жәйттің өзі көп нәрседен хабар беретін сияқты. Кәсіпкерлер үшін мемлекеттің жасап жатқан жақсылығы ұшан-теңіз. Тексерулерге тыйым салынды, салықтар азайтылды, бан­кротқа ұшырай жаздаған кезде кейбіреуле­ріне қаржылай көмек те көрсетілді. Сонда да болса біздің кәсіпкерлеріміз халіміз мүшкіл деп көз жастарын көл қылуларын, жәрдем сұрап алақан жаюларын қояр емес. Автомо­биль мен трактор шығару қиын шығар, ал жер жыртатын соқа мен тұқымсепкіш шы­ғарудың қандай қиындығы бар? Миллион­даған гектар жерге егін егіп отырған Қазақ­стан жаңағы аталған техниканы түгелдей сырттан жеткізеді. Сол үшін қыруар қаражат шығындалады. Батыстың кейбір дамыған елдерінде, мә­селен, Германияда кәсіпкерлік ел эконо­микасының 80 пайызын құрайтын көрінеді. Ал бізде ол әзірге 20 пайыз шамасында ғана. Егер жеке адам тұрғысынан алар болсақ, дәл осы Батыста бір шаруа 60 мың  доллардың өнімін өндіреді екен. Бұл көрсеткіш Қазақстанда әзірге 3 мың доллардың көлемінен аса алмай тұр. Бұл жағдайдың Қазақстан, Беларусь және Ресей арасындағы Кеден одағы толық күшіне енген кезде ел кәсіпкерлері үшін айтарлықтай проблемалар туындатуы мүмкін. Олар қазірдің өзінде біздің өнімдеріміз өтпейді, оның есесіне көрші мемлекеттерден жеткізілген өнімдер қазақстандық рынокты жаулап жатыр деп шу көтеруде. Осындай дауды алғашқылардың бірі болып конди­тер­шілер бастады. Арақ-шарап пен сыра өнім­дерін шығарушылар да сасқандарынан бар пәлені жарнаманың жоқтығынан, дәлірек айт­қанда, Қазақстанда ішімдікті жарнама­лауға тыйым салынғанынан көре бастады. Олардың пайымдауларынша, елдегі бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары халықты сыра мен спиртті ішімдіктерді сатып алыңдар деп күндіз-түні үгіттей бастаса, кәсіпкерлік жағдайы бірден жақсарып кететін көрінеді. Жарнама демекші, теледидарлар беріп жат­қан жарнамаларға құлақ түріп байқа­саңыз, қазақстандық өнімдерді көп кездестіре бермейсіз. Негізінен “памперстер” және ыдыс-аяқ пен кір жуатын құралдар. Отандық бизнесмендерің арақ-шарапты жарнамалауға рұқсат сұрап әлек болуының да бір сыры осында болса керек. Өйткені, әркім барымен – базар. Әңгіменің ашығын айту керек, кейде біздің бірқатар кәсіпкерлеріміздің өндіріспен айналысуға қабілетсіздіктеріне ғана емес, сонымен бірге сауатсыздықтарына да жиі-жиі куә болуға тура келеді. Өйткені, өз басым тауардың өтімділігін оның сапасы мен құнынан іздеп жатқан бірде-бір кәсіпкерді кездестірген емеспін. Бәрінің де айтатындары бізге жағдай жасалмайды, біздің өнімдерімізді сатып алмайды, жұмыс істуге кедергі кел­тіреді деген сол баяғы жаттанды сөз. Егер дүкен атаулының сөрелері қазақстандық тауарларға лықа толып тұрып, халық оларды сатып алмай жатса, кәсіпкерлер өкпесін түсінуге де болар еді. Бірақ, қайда сол тауарлар?.. Бізде, жоғарыда өзіміз айтып өткендей, сауда-саттық пен ресторан бизнесі жақсы дамып тұр. Ресторан қожайындары әйтеуір бір сылтау тауып апта сайын банкет өткізетін қазақ ағайындарға рахмет дейді екен. Өйт­пеген күнде көптеген мейрамха­нала­рымыз­дың (қазақша айтқанда) жабылып қалу қаупі де жоқ емес көрінеді. Өйткені, ана шеті мен мы­на шеті атшаптырым дәмханаларға баға­сы­ның қымбаттығынан халық көп бара бер­мейді. Оның үстіне қызмет сапасын да кісі қызығарлықтай деп айту қиын. Ал егер бағаға келсек, ол туралы мынадай бір назар ауда­рар­лық мысал келтіруге болады. Мә­се­лен, қызыл балықты жұқалап турап он үстел­дің әрқайсысына екі жерден қоятын бол­саңыз, ол сізге ресторанда кем дегенде 120 мың тең­геге түседі екен. Осындай жиырма тәрелке балық тағамын әзірлеу үшін 6 ки­ло­дай балық қажет. Егер сол балықты өзіңіз сатып алып үйде әзірлейтін болсаңыз, ол үшін сіз небәрі 12 мың теңге ғана шығындайсыз. Рес­торан дегеннің не екенін және олардағы баға жағ­дайын осыдан-ақ түсіне беруге болады. Бұл жәйтті біз әншейін көптеген кәсіп­керлеріміздің тек ақша табу үшін ғана жұмыс істейтініне, ақша таба отырып, сонымен қатар, халыққа сапалы қызмет те көрсету керек екендігін ескере бермейтініне мысал ретінде келтіріп отырмыз. Болмаса сауда-саттық пен ресторан бизнесіне тіреліп тұрған ештеңе жоқ, елді өркендететін де олар емес. Қазақстанға керегі – өнеркәсіпті дамыту. Сол үшін Мемлекет басшысының тікелей ұйытқы болуымен индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасы қабылданып, сол үшін де бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдар ұстанған өнімдер шығаратын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан елеулі жеңілдіктер қарастырылып отыр. Соңғы жылдары өзімізде ештеңе шық­пай­ды, не қажеттің бәрі сырттан тасымалданады деген сөздер жиі естіле бастады. Ал қазақ­стандық кәсіпкерлер қатары болса ай санап емес, күн санап өсіп келеді. Сондықтан шы­ғар сала-сала бойынша түрлі ассоциациялар пайда болып, олар өз адамдарының мүдде­лерін де қорғай бастады. Осындайда еске түседі, 2-3 жылдай уақыт бұрын құрылыс­шылар ассоциациясы басшысының пәтерлер бағасын рыноктың өзі реттейді деп ұялмай-қызармай қарап тұрғанын естігенім бар. Мені осындай жауапты қызметтер атқарып жүрген азаматтардың өтірік айтатыны (әлде сауат­сыздығы ма?..) таңқалдырды. Әйтпесе дәл біздің елде бағаны рыноктың реттеп жатпа­ғанын, оларды сол кәсіп түрімен айналысу­шылардың қалталарынан алып қоя салаты­нын ол білуге тиіс. Сол себепті де бізде бір тауардың құны қатар тұрған екі дү­кенде екі түрлі. Сол себепті де Қазақстандағы пәтер­лер­дің әр шаршы метрінің құны 1 мың дол­лардан асып кетіп отыр. Ең қымбат деген тұрғын үйдің бір шаршы метрін алып, соған кеткен материалдарды (негізінен қытайлық) және жұмыскерге төленетін (егер ол лайықты төленіп жатса) еңбекақыны есепшотқа қалай қақсаң да оның мың доллардың маңайына да бармайтынын бүгінде екінің бірі біледі. Ол туралы құрылыс саласының мамандары да талай-талай айтып жүр. Міне, бұл да біздегі бизнестің шынайы бет-бейнесін көрсететін мысал. Бәлкім, кәсіпкерлеріміздің өндіріспен шұғылдануға бет бұрмауы осындай оңай жолмен ақша жасауға әдеттеніп алғандықтан да болуы мүмкін. Айтты-айтпады, жеңіл ақша өздігінен келіп құйылып жатса, маңдай терлетіп не керек... Кәсіпкерлерге айтылып жатқан сөз, жасалып жатқан жағдай аз емес. Бірақ, баяғы жартас – бір жартас, өзгеріп жатқан дүние шамалы. Осындайда бизнеспен айналысушы­ларға деген көзқарасты өзгерту керек шығар деген ой да көкейге оралады. Мәселен, өнім шығармайтын, негізінен сауда-саттықпен айналысып жеңіл ақша табатындарға (“ресторан бизнесі” мен үй салып қымбатқа сатушыларды да осы санатқа қосу керек) мемлекет салықты көбейтсе. Сонда боса да халыққа пайда кел­тірмейтін олар, ең болмаса мемлекетке пайда келтірер еді. Ал енді баға өсіп кетеді дегенге келсек, мұның өзі әншей­ін сөз. Ақша санап үйренбеген біздің ағайын­дар да соңғы жылдары оңды-солды шашыла берудің орынсыз екенін аздап болса да ұғына бастады. Сондықтан да бұрынғы дүрбелең бүгінде жоқ. Кейбір күмәнді жолмен байыған нувориштер болмаса, табан ақы-маңдай тер­мен “мал тапқандар” әмиян­дарына ұқыпты­рақ қарайтын болды. Демек, бағаны өсіру ар­қылы үнемі ұшпаққа шыға бере алмайтын­дарын бизнесмендер де түсінді. Жалпы, бизнесмендерге жақсылық жасау дегенді көпшілік жұрт оң қабылдай қой­майды. Халық алыпсатарлықпен пайда тауып жүрген олардың өзгелерден несі артық деп ойлайды. Осыдан келіп “е-е, бизнесмен де­ге­ні­міздің дені шенеуніктер ғой, олар өз­деріне өздері жақсылық жасап жатыр ғой” де­ген сияқты пыш-пыш әңгімелер пайда бо­лады. Шынында да кәсіпкерлер үшін, онда да нақты өнім өндіріп жатқандарға тым жоғары емес пайыздық өсіммен несиелер бе­рілсе, салықтан белгілі бір жеңілдіктер жа­сал­са жетіп жататын тәрізді. Нағыз кәсіпкер одан арғысын өзі-ақ дөңгелетіп әкетуге тиіс. Сөз жоқ, кәсіпкерлікті ойлағандай дә­режеде өрге бастыру үшін білім мен қабілет қажет. Бізде дәл осы мәселенің ақсап жатқаны баршаға аян. Өйткені, бұл іспен қазақстандықтар бұрын-соңды айналысып көрген емес. Ал білмейтін жердің ой-шұқыры көп. Осындайда “Болашақ” бағдарламасымен шетелдерден оқып келген жастар ойға оралады. Солардың білімдері мен әлеуетін неге пайдаланбасқа? Нарықтық қатынас­тардың қыр-сырын капиталистік елдерден оқып келген солар үйретпегенде кім үйре­теді? Әлде тамыр-таныстықтың арқасында білім алып келген олар елге оралған соң да сол тәсілмен жылы орындар іздей ме? Өйткен күнде олардан ел үшін қандай пайда бар? Оларды оқытуға жұмсаған қаржының қай­тарымы қайда? Осы тәріздес сауалдар бүгінде әркімнің де көкейінде жүр. Қалай де­генде де, “Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам...” дейтін Сұлтанмах­мұттардың ел үшін өте қажет болып тұрғаны күмәнсіз. Тоқсан ауыз сөздің тоқетеріне келгенде биз­нес қашан толыққанды біздің іс болады де­ген сауал бүгінде кім-кімді де мазалайды. Өкі­нішке қарай, нақты қайтарар жауап әзірге жоқ... Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.