
Міне, осы қарсаңда, 2020 жылдың, Ұлы Абай жылының Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласымен басталуы рухани, мәдени өміріміздегі айта қаларлық тұшымды оқиға деуге болды.
Мақаланың атының өзі өте салмақты жүк арқалап тұрғандай. АБАЙ – ХХІ ҒАСЫР – ҚАЗАҚСТАН. Мемлекет басшысы қоғамдағы күрделі сауалдарға осы үштаған арқылы жауап іздейді. Бұл орайда бір мәселенің басы ашық. Яғни, біздің қазақстандық қоғамның мақсат-мұраты Абайдың ақыл-ойымен, ілімімен, бағыт-бағдарымен толық үйлеседі. Демек, біз ХХІ ғасырда да Абаймен рухтаспыз, біргеміз, бүтін бітімбіз. Олай болса, Абай – біздің ұлттық кодымыздың, мемлекеттік саясатымыздың, қоғамдық идеологиямыздың алтын тұғыры. Ал енді осы тұжырымдамалық ниетті қалай жүзеге асыруымыз керек?! Абай идеясын, ұлы ойшыл ұлағатын күнделікті өміріміздің салтына қалай айналдырамыз?! Міне, Президентті де, барша қауымды да толғандыратын толғауы тоқсан тарау мәселе осы. Сол «тоқсан тараудың» ең арналы саласы Абай мұрасын қазір қалай игеруіміз керек, болашақта халық кәдесіне қалай жаратуға болады деген сауалдан бастау алса керек. Президент бұл мәселенің бір оңды бастамасы ретінде, өткен жылы Ләйлім деген бүлдіршін қызымыз бастап, Мемлекет басшысы қолдап барша жұрттың ақын өлеңдерін жатқа айту эстафетасына белсенді араласқанын өнеге етіп тартады. Әрине, бұл Абайды тануға серпіліс әкелген өнегелі оқиға болды. Дегенмен абайтану мәселесінің бұдан әлдеқайда терең, аса күрделі, үздіксіз, ғылыми жүйемен жүргізілетін жұмыс екенін Президент бірнеше тарауға жіктеп тарата баяндайды.
Әрине, уақыт өткен сайын абайтанудың өрісі кеңейіп, әдіс-тәсілдері мен технологиясы жетілдіріліп отыруы тиіс. Біз оған жаңа ғасырда тың көзқарас тұрғысынан келуіміз керек.
Міне, осы орайда, Президент мақаласында айтылған бағдарламалық ойларды нақтылай түсуге болады. Мәселен, мақаладағы «білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек» деген ойға сәйкес, Абай шығармаларын отбасында, балабақшаларда, мектептерде, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында оқыту мен үйретудің жаңа қалыптастыру әдістемесі керек. Ақын шығармаларымен балауса кезінен ауызданбаған ұрпақ, уызға жарымаған төл сияқты есейгенде рухани жарымжандыққа ұшырайды. Мерейтой кезінде өткізілетін көпшілік іс-шаралар өз алдына, қазір ең алдымен Абайды жас ұрпақ жүрегіне жеткізудің кешенді бағдарламасын жасап, оны жүйелі түрде жүргізудің нақты тетіктерін қалыптастыру керек. Шындығында, бұл мәселенің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Оған қоғамдық сараптама жасай отырып көз жеткізуге болады.
Екінші үлкен мәселе, Абайдан қалған асыл мұраны тәптіштеп жинақтау, жүйелеу, текстологиялық салыстырулар жасап ақын шығармаларының толық академиялық басылымын даярлап басып шығару.
Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дайындауымен 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 7000 данамен ғана басылған. Қазір жарық көргеніне 25 жыл болған бұл басылым библиографиялық сирек кітаптар қатарына қосылды.
Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы басылымды негізге ала отырып, ақынның бізге жеткен қолжазбалары мен 1909 жылы Санкт-Петербургте шыққан, кейіннен М.Әуезовтің өзі бас болып шығарған толық басылымдарын түгел қамтып, кеңінен салыстырулар жасап, терең текстологиялық зерттеулер жүргізіп, ақын қолжазбаларының факсимилесі мен транскрипциясын қоса бере отырып, Абай шығармаларының көп томдық толық академиялық жинағын әзірлеп басып шығару аса қажет. Оны әзірлеуге М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдары дайындық жұмыстарын жүргізу үстінде.
Абайдың биылғы 175 жылдық мерейтойында абайтану бұрынғы абайтанудан өзгеше болуы тиіс. Әсіресе Абай дүниетанымы әлемдік ақыл-ой арнасымен кеңінен салыстырылып, тәуелсіз көзқарас тұрғысынан қайта саралануы керек-ақ. Осы орайда, бүгінгі гуманитарлық ғылымда «Абай және Шығыс», «Абай және дін», «Абай мен Алаш», «Абай және қоғам», «Абай және әлеуметтік психология», «Абай және әлемдік философия», «Абай және әлемдік өркениет» деген сияқты тың тақырыптар кезегін күтіп тұр. Демек, абайтану әдебиеттанудың ғана еншісіндегі тар арнадан кешенді кең өріске шығуы тиіс.
Абайдың аманаты – ел мен жер тұтастығы, еркіндік пен бостандық, адамның рухани кемелдігі, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» ойлау, білім мен ғылым, өнер, адалдық пен әділеттілік, иман, «егіннің ебін, шаруаның қырын табу», ел билеу тағы басқа. Санап тауыса алмайтын сан қырлы Абай ілімі айтуға оңай, жүзеге асуы күрделі, шексіз, шетсіз әлем.
Соның ішінде, Мемлекет басшысы ойшылды «Мемлекет ісінің мүдделесі» санай отырып, Абай ілімін қазіргі мемлекеттік саясатпен тұтастыра қарайды. «Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті. Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады», деген ойдың астарында бүгінгі биліктің ерекше қаперге алып, күнделікті қызметінің бағыт-бағдарына айналдыратын Абайдың асыл мұраты жатыр. Демек, Абай гуманизміне қазіргі мемлекет қызметіндегілер ерекше ден қоюы тиіс.
Абай – ұлттық болмысымыздың биігі, бүгінгі рухани жаңғырудың нәрлі бұлағы, келешегіміздің адастырмас темірқазығы. Мақалада Абайдың «Жаңа қоғамның жанашыры» ретінде көрінуі де жарасымды жаңа ой деуге болады. Бұл орайда, автор жаңа қоғам дамуының алтын өзегі ретінде Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын көлденең тартады. «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек», деп есептейді.
Абайдың «толық адам» идеясындағы қаперге алатын асыл ойдың бірі: Абайдың ынтымақты, бірлікті, бауырластықты ту етіп көтеруі. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», деген ақын сөзінің астарында қаншама тереңдік жатыр. Мемлекет біртұтас болуы үшін қазақ әуелі өзі біртұтас болуы шарт. Бір идеяға ұйып, тұтас халық болып қалыптасуы қажет. Осыдан келіп Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» аталатын екінші ғаламдық идеясы шығады. Ол үшін адамға өз мүддесін адамзаттың мүддесімен бір деңгейде қоя білетіндей үлкен, биік парасат керек. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың «толық адам» ілімі бір-бірімен кешенді түрде байланысып жатқан тұтас жүйелі ілім екенін көруге болады.
Абай тағылымы – адамзат ақыл-ойына қосылған қазақы дүниетанымның арналы саласы. Бұл – қазақ мәдениетінің ешкіммен еншілеспейтін төл құбылысы. Ұлы дала төсінде туған осы төлтума ақыл-ой телегейі әлем назарын әзірге өзіне аударта қойған жоқ. Дүниенің назарын Абайға, қазаққа аударудың бірден-бір негізі алдымен оны өзіміздің тануымыз. Абай ілімін өміріміздің салтына, тірлігіміздің мәніне айналдырып, ұлттық рухымызды шырқау биікке көтере алсақ, әлем назарының Ұлы дала төсіне еріксіз бұрылатынына күмән жоқ.
Әлемге өзімізді Абайды тани отырып танытамыз. Абай мерейтойы осы ұлы мұрат жолындағы белесті кезең болмақ. Абай жылының алғашқы айында жарияланған Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы осы мақсат жолында жұмыла жұмыс атқаруға шақырып тұрғандай.
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы