27 Наурыз, 2010

ЗАМАНА ПЕРЗЕНТІ

903 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ұлттың Қайта өрлеу дәуірі бо­латындай, мемлекеттің де өз жо­лында айрықша қарқынмен да­мы­ған, бел-белес жетістіктерге қа­рымдап емес, қарыштап ұмтылған кезеңдері болады. Әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізуде, саяси, экономикалық салаларда заманаға сай бейімдеп дамытуда сүбелі же­тіс­тіктерге жету Тұңғыш Прези­дент, Елбасының қажырлы еңбе­гінің нәтижесінде әлеуметтік мем­лекетті құрып, дамудың қазақ­стан­дық жолын қалыптастыра алдық. Бұл мақала – еңбек жолын қарапайым тергеушіліктен бастап Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, Жоғарғы Сот төрағасы дәрежесіне дейін көтеріліп, кейінгі жылдары өзінің үлкен арманы – ұс­таз болуға бет бұрып, Қазақ гу­ма­­нитарлық-заң университетінің президент-ректорлығын абыроймен атқарып келе жатқан белгілі қоғам қайраткері, заң ғылымдарының док­­­­торы, профессор Мақсұт Сұл­тан­ұлы Нәрікбаев туралы болмақшы. Мақсұт Сұлтанұлы соғыста Отан үшін шейіт болған қазақ жауынге­рінің баласы. Сараң тағдыр мен сарабдал тарих, көзін ашпай жа­тып, әкесі соғысқа аттанды. Қаң­қасы, сүйегі қайда қалғаны бел­гісіз (кейін тапты) қайран әкеле­ріміздің, жесір­ліктен жеркүйік боп кете жаздаған аяулы аналары­мыз­дың сұрапыл соғыс салдарынан же­тімдіктен көзкүйік болғаны бар­ша­мызға аян. Бесіктен белі шықпай жатып, іштегі мұңға сырттағы ала­пай ұласты. Қабырғасы қатпай жа­тып жоқтық, жетімдік көрді. Кө­кі­регіндегі зарды байқатпай, көзіндегі жасты көрсет­пей, қасарыса жүріп қайрат, алыса жүріп ақыл жиып өсті. Мақаң түскен еңіс қандай тұңғиық болса, ол жет­кен жеңіс сон­­дай тым биік. Өзінен басқа ешкім айтып жеткізе алмайтын өзіндік тағдыр-талайы бар, оның тұңғиығына тек өзі ғана бойлай­тын, өзіндік экзистенция, тылсым сырлары, мол өмірлік қоры мен та­биғи даралығы, талғампаздығы, ке­мелденген келбеті, даусыз мой­ын­далып отырған үлкен талант иесі. “Кемшілігі жоқ адам – адам емес”, деген екен Бауыржан Мо­мыш­ұлы. Кез келген адам кем­ші­лік­сіз емес. Қарақан басының қа­мы­мен ға­на келіп, соны түсінбедің деп өкпе­лейтіндер де, ештеңенің бабына бар­май байбалам салатын­дар да, әдейі жоқ жерден жау тау­ып, ілік іздейтін, аңысын аңдап, есеппен келетін алакөңілдер де болды. Мақсұт Сұлтанұлы осынау қилы-қилы көзқарастарды, түрлі тағдырларды салқынқандылықпен қабылдап, мәселенің мәнін, келген кісінің жанын түсініп, байыбына барып, дұрысын-бұрысын сараптап алып, шеберлікпен шешіп отырды. Мақаң қазақ саяси, құқықтық ойлау жүйесінің жаңа белестерін қамтитын сындарлы толғаулар мен салдарлы мақалалар жазды. Біз адамдардың кемшіліктерін көргішпіз де, жақсылықтарын мой­ындауға келгенде мүлдем сараңбыз. Мақсұт Сұлтанұлы Жоғарғы Сотқа төраға болысымен жиырма бес күннің ішінде барлық судъяларға мантия кигізген. Еліміздегі белгілі үлгішілер мен суретшілерді қатыс­тыра отырып, конкурс жариялап, судьялардың қазіргі киіп жүрген мантиясын таңдап шыққан. Астанадағы үш бидің ескерт­кіші, Алматыдағы “Фемида” алаңы да Мақаңның тікелей араласуымен жүзеге асқан. Мақсұт Сұлтанұлы ісімен ірі, әрекетімен айдынын асырған, жан-жақты көңілі жүйрік, көкжиегі кең, айналасындағылардан, уақыттан, уа­қиғалардан атын оздырып, беде­лін биіктеткен азамат. Жарық дү­ниені жарық деп білетін және оны жарық ететін жаны жайсаң адам. Зиялықтың үлгісін, саңлақ­тар­дың сабағын игерген Мақаң өзінің өсу жолдарында, биіктеу баспал­дақ­та­рында адам бағасын, маман қадірін, өмір мәнін, заман заңын саралады. Мемлекетшіл, Отанын ойлайтын, Елбасы саясатын қол­дай­тын және оны жан-жүрегімен мүлтіксіз орын­дайтын жансебіл жан. Замана үмітін ақтайтын, әрі өз қадір-қасиетін сақ­тайтын, жақсы­лық пен жаңалықты жақтайтын, халық мақтайтын тура, тұрлаулы, көпшіл, қамқор басшы. Ол “Әді­лет” партиясының көшбасшысы. Ұлттың ақыл-ой әлеуеті бүгінде бізде жоғары оқу орындарында жа­салады. Реформалардың өміршең­дігі сапалы білім беру қызметтерін ұсыну, мамандар даярлау, инно­вациялық қағидаларды енгізу және соңғы кезекте тиісінше заңдық қамтамасыз ету саласындағы жеке­леген мәселелерді шешуге тікелей байланысты. Білімсіз болашақ жоқ, елсізді елдіге, азды көпке, жоқ­ты барға теңгеретін білім мен ғылым. Қазақ жастары сапалы білім алып, өмір­ден өз ор­нын табуы керек. Жас­та­ры­мыз басқалармен тере­зе­міз тең болуы үшін те­рең білім алуға, ел игі­лігіне қызмет етуге тиіс. Жаhандану үрдісінен тыс қала алмайтын Қазақ­стан үшін бәсекеге қарсы тұрар жан-жақты даяр­лы­ғы бар, бі­лімді де білікті мамандар ке­рек. Елдің бо­лашағы со­лар­дың қо­лын­да. Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев: “Білім беру ре­форма­сы­ның басты өл­ше­мі тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген аза­­маты әлемнің кез кел­ген елінде қажетке жарай­тын ма­ман бо­ла­тындай деңгейге көтерілу бо­лып табылады”, – деп қадап айтқан. Қазақ гуманитарлық-заң уни­вер­ситетінің мазмұны мен фор­ма­сы, оның болмысы – Мақсұт Сұл­танұлы Нәрікбаевтың бүкіл елі­міз­ге, қазаққа салдырған, қалдырған ескерткіші. ҚазГЗУ түлеп, түрленіп, оның ғима­ратының өзі Астананың көркіне көрік қосып, жасанып шыға келді, оның әрі мен мәнін қоса келтірді. Аста­на­ның дастаны сөз болғанда біз ең ал­ды­мен ба­тырларға тән батыл қадамға барып, ұлы қалалардың бой көтеруіне ұшан-теңіз үлес қосқан азамат­тар­ды еске алып, соларға ерек­ше тағ­зым еткеніміз абзал. Сарыар­қа­ның сайын дала, сағымды бел­дерінде, Аста­намызда Мақаң зәулім оқу орнын салды. Астананың сәні мен мәнін, мазмұны мен тұрпатын сал­та­натты, күмбезді, мұнаралы са­рай­­лар, алып ғимараттар, тарихи тұл­­ға­ларға арналған ескерткіштер, гүл­зарлар, саябақтар, субұрқақтар әше­­кейлесе, соның бірегейі – біздің ҚазГЗУ. Ұлы көште жаңа Астанаға Ма­қаңның өзімен бірге келген, сенімді серіктері шапағатына бөленді. Бә­рі­мізді қамқорлыққа алып, туыс­қан­дай бау­лып, көңілдің қыбын, істің жігін табуға, қиын түйіндерді шебер ше­шу­ге ұмтылды. Ол жақ­сыны көріп сүй­інгенін, жаманды көріп күйін­генін жасырмайды. Мақаң жүрген жер өмір талғамы, ол сөй­ле­ген сөз ке­мелді ойдың ұйыт­қы­сына айналады. Мақсұт Сұлтанұлы Қазақ­стан­ның түкпір-түкпіріндегі талантты ұстаздарға әдейі іздеу салды, Алма­ты мен Қарағанды, Шымкент пен Ақтөбе, Талдықорған мен Қы­зыл­ордадағы тарландарды жинады. Ма­қаң бәріміздің рухани қамқор­шымыз бола білді, жоғары білім жүйесін, заң ғылымын өте жақсы біледі, басшы­лық, ұйымдастыру­шы­лық қабілеті, адамгершілік қа­сиеттері, ұстаздық таланты, уни­вер­ситет ұжымының жағдайын, оқу-тәрбие жұмыстары­ның сапасын бақылап, талдап, оқу бөлімдеріне көмек көрсетіп отырады. ҚазГЗУ-да студент үшін барлық жағдай бар. Еркіндік, тәуелсіздік, студент үшін қажетті ақпарат та, дерек те, мәлімет те жеткілікті. Бү­гін­гі студент білім алумен қатар, бел­сен­ді өмірлік ұстанымы, өзіндік көз­қарасы бар, адами құнды­лық­тарды бағалайтын, мәдениетті, па­расатты азамат болып қалыптасуы тиіс. Мақаңның қамқорлығымен бі­лім жүйесінде көптеген жастар өсіп жетілді. Олардың ішінде көрнекті қай­раткерлер, ірі ғалымдар, заң ор­ын­­дарының, ғылыми-зерттеу ор­та­лықтары мен оқу орындарының же­тек­шілері бар. Көптеген шетел­дерге шы­ғады, олардан жинап-теріп әкел­ген жаңалықтарын елек­тен өт­кі­зіп, саралап, ең маңыз­дыларын ҚазГЗУ білім жүйесіне енгізіп отырады. Мақсұт Сұлтанұлы алдына кел­ген адамнан ақыл-ойын аямайды. Ой-өрісі кең кәсіби маман, үлкен қайраткер, білікті басшы, жоғары мектептің ірі ұйымдастырушысы. Ол қарапайым, кішіпейіл, өте таза, адал, қайырымды. Әділдікті сүйеді, барлық мәселелерді әділдікпен ше­шуге ты­рысады. Оның адами бол­мысы, ат­қарған қызметі, тындыр­ған тірліктері кейінгі жастарға үлгі болады, үлкен тәрбиелік мәні зор. Мақсұт Сұлтанұлын ерекше толғандыратын мәселе – ұлттық мүдденің қайнарында жатқан құн­дылықтар – ана тіліміздің бүгінгі күйі. Әлбетте, тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы бағытында көп нәрсе жүзеге асты. Егемендіктің алғашқы жылдары мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміз 1995 жылы кон­с­титуциялық шешімге ие болды. Ол тіл туралы заңда нақтылана түсті. Мұны жүзеге асыру бағытында Үкіметтің арнайы қаулы-қарарлары мен мемлекеттік бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Көптеген жылдар теперіш көрген тіліміз кеңістігінде оң өзгерістер орын алып, жаңа бағыттар қалыптасты. Мақаңның тіл тағдырын, діл дегбірін, дін тағылымын ұштас­тырған ұлағатты пікірлері мен ұр­ым­тал ойлары жүрекке ұялайды. Ол өз тілін, дінін, ұлтын өте жақсы көріп құр­мет тұтады. Қазақ тілінің майын та­мызып сөйлеп, жазғандағы сауа­тының өзінен біздер тәнті бо­лып, тағ­ылым алып жатамыз. Ол “Жа­зушы” баспасынан шыққан “Неміс жазушыларының повестері” атты жинақтағы екі повестің тәржіма­шы­сы. “Тергеуші” атты повесін жаз­ған. Сазгер. “Жетісу-жерұйы­ғым” және тағы бірқатар ән­дердің авторы. Спорттық хоббиі – теннис, жеңіл атле­тика, шаңғы, гольф, атқа шабу. Ка­бинеті де, үйі де жиналған кітап­тарға толы. Олар жай кітаптар емес, бүкіл энцик­ло­пе­диялық, көздің жауын алатын әлемдік інжу-маржан туындылар. Сонымен бірге, қазақ­тың класси­калық ақын-жазушыла­рының көр­кем әдебиет­тері де жи­нақталған. Кітаптарды жинап қана қоймай, оларды оқып, үнемі ізде­ніс­те өз қажетіне тиімді пайдаланады. Қазақтың қамын жейтін, елдің мүддесін ойлайтын, еліміздің егемендігін талмай насихаттайтын, азаматтық, қайраткерлік, қабілет-қарымы, болмыс бітімі адам таңыр­қарлық перзенттік махаббатпен аялаған әке бақытты. Мақсұт Нә­рікбаев сынды қамқор әкесі болған балалар қандай бақытты, со­нымен бірге Талғат, Қанат сы­қылды тәр­биелі, әрі дарынды ба­ла­лары бол­ған әке де қандай ба­қыт­ты. Сүйікті әкенің шынайы аза­маттық, әрі адами келбетін ұғыну, оның ерекше қасиеттеріне үңілу, өмірінің ма­ңыз­ды да, қызғылықты сәттерін ба­ғамдау, әкенің бітім-болмысынан, дүниеауи бейнесінен, өмірлік экзистенциялық филосо­фия­сынан нәр алу қандай бақытты. Әке мен бала арасындағы жүрек елжіретер қарым-қатынас бұл. Мақсұт Сұлтанұлы – тереңнен толғар пайыммен, қоғамға, ортаға, адамға деген қырағы көзқарасымен, шыншылдығы мен шынайылығы, көк семсердің жүзіндей байыпты, ны­саналы сөзімен халқымызға та­ныл­ған замана перзенті, қазақтың бітімін толықтырып, сапасын арт­тырып, қуатын шарықтырып тұрған Мақсұт – дәйекті құбылыс, фе­номен, өшпес қазына, асыл мұра боларлық тұлға. Замана сырын жан-жүрегімен сезіну, халық тілегін терең оймен барлау – Мақсұтқа тән қасиет. Мақсұт – маңдай ал­дыңнан туып, жолыңа жа­рық тү­сіріп тұрған, адастыр­май­тын – мақсат, замана нысаны. Шерхан ағамыз: “Алпыс – тал түс екен” десе, Әбіш ағамыз: “Тал­түстен кейін сары бесін келмеуші ме еді. Ендеше, жетпіс жердің түбі емес, сол айтқан сары бесін. Алыс жолдағы жолаушының аз-маз ат шалдырып алып, қайтадан атқа қо­натын кезекті аялдамасы”, – деген. Халқына бергенінен берері әлі көп, жолыңыз, яғни жасыңыз ұзақ, саралы сапарыңыз сәтті болғай, Мақсұт аға! Нұртас ИМАНҚҰЛ, философия ғылымдарының докторы, профессор.
Соңғы жаңалықтар

Алматыда екі қабатты қоймада өрт шықты

Төтенше жағдай • Бүгін, 14:18

Панфиловке баратын жол жаңарды

Инфрақұрылым • Бүгін, 12:40