
Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан Орталық Азия өңірі мен ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Әлеуметтік-бағдарлы экономикалық бағыттағы бастамаларымыз заманауи, қарқынды дамушы мемлекет құруды қамтамасыз етті.
Осыдан 22 жыл бұрын Елбасы ел дамуының даңғыл жолын байыптайтын ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасын ұсынғаны мәлім. Салмақты құжатта өткен жолымыз бағамдалып, болашақ еншісіндегі іргелі істер межеленді. 1997 жылы осы бағдарламаны жария еткенде Елбасымыз: «Біз нені құрғымыз келеді, таңдаған мақсатымызға жеткізетін дамуымыздың траекториясы, магистралі қандай болуы тиіс, соны анық білуіміз және айқын түсінуіміз керек» деген еді. Айтқаны айнымай келді. Қазақстан халқы аянбай еңбек етіп, елдік әлеуметтік-экономикалық дамуы көш бастап келеді. Замана сын-қатерін ескерген «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасы жаңа белесімізді анықтады.
Қоғам мен әлемдік дамудың жаңғырумен елімізде табиғи сабақтастықтағы билік тансформациясы жүрді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда президенттік өкілеттігін өз еркімен тоқтатып, Ақорда елдік мінберіне осыған дейін талай саяси сыннан өткен халықаралық деңгейдегі қайраткер Қ.К.Тоқаев көтерілді. Nur Otan партиясының кезектен тыс өткен XIX съезінде осы тұлға алдағы Президент сайлауына түсетіні мәлім етілді. Сенім мен жеңіс таразының басын тең қылды. Бұл көрегендікті барша халық мойындады.
2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында өзінің алғашқы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Ертеңгі бағытын, жүретін жолын, өсу жолындағы мұратын анық білген елдердің қандай жеңістерге жеткенін тарихтан білеміз. Біздің еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп жатқанда алдағы 30 жылын ойласа, енді жүрісін дұрыстап, тынысын жөндеп алғанда сындарлы мұраттарды алға қойды. Сындарлы мұрат деген – халықтың жағдайы, ол – елдің өрлеуі, ол – жарқын өмірдің сабақтастығы.
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын баса айтты.
«Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз. Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлауалды бағдарламамның негізі болды. Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қасиетті Отанымызды дамыту жолында елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті темірқазық етіп алды. Әсіресе елімізді Еуропа төріне шығаруда Тұңғыш Президент еңбегі ерен. Бүгінде Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық қуаты күшті, маңызы зор мемлекет ретінде мойындалып отыр. Дәлелмен айтсақ, Азиада алауын жағуымыз, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, халықаралық саммит өткізуіміз, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуіміз, әлемдік дін қайраткерлері съезін тұрақты ұйымдастыруымыз, халықаралық ЕХРО-2017 көрмесін ұйымдастыруымыз – бәрі де зор мақтаныш, айрықша абырой.
Осы күнге дейінгі жетістіктеріміз Қазақстанның болашағын жаңаша межелеуге мүмкіндік беріп отыр. Келесі кезеңде, яғни 2050 жылға дейінгі Стратегияда инновация, өндірістік-экономикалық серпін темірқазық етіп алынады. Бұйырса, таяу болашақта халқымыздың өмір сүру сапасы орташа еуропалық деңгейге сәйкеспек. Елбасы мұны сеніммен айтты, халық елдік іске бір кісідей жұмылды.
Елі қадірлеген, әлем ардақтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бар қажыр-қайратын, парасат-пайымын мемлекетіміздің игілігіне жұмсап, уақыт көшінен алға озып, келер ұрпаққа жарқын өмірдің негізін қалап жүргенін халықаралық қырағы сарапшылар мен саясаткерлер жазып, бағалап келеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы желтоқсан айында өткен Қазақстан халқы форумында еліміздегі бірлік пен келісімнің ұйытқысы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы бастама көтерді. Бүгінде Ассамблея қызметі Елбасы үмітін ақтағаны елдегі береке-бірліктен көрінеді. Әр этнос өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тіршілік етіп, жасампаздық туын жоғары көтерді. Бұл ретте осы нәзік саланы ғылыми-әдістемелік жағынан қолдау үшін республикада тұңғыш рет арнайы кафедра Еуразия ұлттық университетінде ашылды. Қазір республика бойынша осындай кафедралардың саны 30-ға жуықтады. ҚХА кафедралары бірлік пен баяндылықты сараптайтын ғылыми-тәжірибе алаңдарына айналды.
Астана экономикалық форумы – Еуразия кеңістігінде жыл сайын өтетін салмақты шара екені белгілі. Осы жиынға әлемдік экономикалық қауымдастық өкілдері, қазіргі және бұрынғы мемлекеттер басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылым әлемінің ғұламалары мен ірі кәсіпкерлер келеді. Елбасы осыдан 8 жыл бұрын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы салтанатында Астана экономикалық форумының негізінде «G-global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Бүгінде осы сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қатысушыны біріктірсе, Қазақстандағы осы шараның бел ортасында Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары мен білім алушылары жүргенін мақтанышпен айтамыз. Келісім мен кешірім, үйлесім мен толеранттылық арқауын мақсат еткен Елбасы Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан президенттерімен бірлесіп, ұзақ мерзімді бейбітшілік пен бірліктегі өңір құру туралы декларацияға қол қойды. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің әрбір береке-бірлік қадамы да – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев назарында.
Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалалары – кеше де, бүгін де, болашақта да маңызын жоймайтын ізашар тұғырнама. Бұл тұлға еңбек арқылы нәтижеге жетудің жолын, жүйесін көрсетті. Мысалы, осыдан туындаған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы, оның бес жылға ұзартылуы, «Әлеуметтік бес бастама» халыққа берері өлшеусіз деп білеміз.
Елбасы тарихты саралап, Қазақ елінің мемлекетшіл мұраты – «Мәңгілік ел» деп ерекше айтқанда да, елдік береке-бірлікті, өңірлік достық және экономикалық қарым-қатынасты, дүниежүзілік өріс пен өрлеуді көздегенін ұмытпаған абзал. Бұл ретте айтқан: «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деген сөзі бүгін де, болашақта да әлемді, елді ұйыстырады деп есептейміз.
Ал «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаласы – ұлттық абырой бастауын нұсқайтын, елді өнеге өрісіне бастайтын жол, жаңғырған Қазақстанның баянды бағдары. Елбасының бұл мақаласын стратегиялық маңызы бар және ғылыми методологиялық мақала деп түсінуіміз керек. Бұл кездейсоқ шыға қалған мақала емес, бұл Елбасының жүйелі, мақсатты қызметінің жалғасы. Өйткені бұдан бұрын Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсынған болатын, содан кейін «Халық: тарих толқынында», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалары ұсынылды. Міне, осылай жүйемен келе жатқан бағдарлама. Сондықтан да Елбасының бұл еңбегін осы үлкен істің жалғасы деп білуіміз керек.
Әрбір мемлекеттің, әрбір облыстың, әрбір қаланың тарихында жауапты кезеңдер болады. 2018 жылы 19 маусымда Елбасы Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып түрленіп, оның орталығы ретінде Түркістан қаласы бекітілді. Елбасының бұл шешімі – Түркістанның қайта түлеп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын жаңа орталыққа айналуына жол ашты. Облыс орталығы атанған Түркістан қаласы ендігі жерде еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның, тұтас түркі әлемінің белгілі сауда-экономикалық және рухани-мәдени орталықтарының бірі болары сөзсіз.
Әр қазақтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялатқан Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына қасиетті әрі қадірлі мекен. Ақын Мағжан Жұмабаев «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп бекер жырлаған жоқ. Халқымызда «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа-Ахмет» деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Жарлыққа жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі», деді. Дара шешім. Дара шешімді дара тұлғалар ғана қабылдайды. Дара тұлғаны заман тудыратынын тарих әрқашан есімізге салып отырады. Ал тарихи тұлғаны өз заманындағы түрлі шешуші оқиғалардан мүлде бөліп қарауға болмайды.
Түркістан шын мәнінде екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған, тарихы тереңде жатқан шаһар. Нақтырақ айтқанда, Қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгіге жай тапқан қасиетті мекен. Бұл қалада ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қабылданған. Қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған хан, 30-дан астамы қол бастаған батыр, ауқымды сөз бастаған би екенін ескерсек, Елбасы шешімінің дұрыстығына тағы да көз жеткіземіз.
Қашанда тындырымды істер мен тиянақты нәтижелерді басты мақсат етіп ұстанған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттер санының артуына байланысты жаңа жатақхана салатын болады. Бес қабатты 2467 орынға арналған үш заманауи Студенттер үйі Ахмет Байтұрсынұлы мен Кенен Әзірбайұлы көшелерінің қиылысынан бой көтермек. Бұл Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы негізінде жүзеге асқалы отыр. Олай дейтініміз, Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында студенттерді жатақханамен қамтуды толықтай шешуді тапсырған болатын.
«Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді», деді Елбасы.
Бұл білім саласының басшыларын ғана емес, еліміздегі барлық студент-жастарды және олардың ата-аналарын қатты қуантты. Демек, 2019-2020 жыл жоғары оқу орнымыз үшін табысты жыл деуге негіз бар. Қазіргі таңда болашақта салынатын жатақханалардан бөлек, бас ғимарат пен оқу-зертханалық ғимараты арасынан заманауи спорт-сауықтыру орталығының құрылысы басталып кетті.
Алдымыздағы басты мақсат – еліміздегі қолға алып отырған жаңа реформаларға байланысты университетіміздегі білім беру мен ғылыми жұмыстарды әлемдік стандарттарға сай жетілдіру, оқу-әдістемелік бағдарламаларды жаңарту, жақсарту. Қазіргі инновациялық талаптарға сай сапалы мамандар даярлау жұмыстары жан-жақты жалғасын табады. Факультеттер мен кафедралардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, елімізге қажетті сапалы мамандар даярлап беру үшін білім берудің тереңдетілген оқу-әдістемелік жүйелері мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жаңа бағдарламаларын қалыптастыру басты стратегиялық бағыт-бағдарымыз болып қала бермекші.
Жалпы, тәуелсіздік дегенде ел санасында өркенді халқымыз бен Тұңғыш Президентіміз туралы таным-түсінік жаңғыруы тиіс. Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалаушы – Тұңғыш Президент, Елбасының болмысында ұлтымыздың асыл мұраттары мен әлемдік және ұлттық өркениет жетістіктері тоғысқан. Ол Қазақстан халқы үшін күн-түн демей жанын шүберекке түйіп, сол кемелдікке абыроймен жеткен жасампаз тұлға.
Тарихи қайраткердің қадау-қадау экономикалық, әлеуметтік, мәдени реформаларына әлем өз бағасын беріп үлгерді, ал қоғамның бар жігіне серпін берген «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық еңбектері ел рухын асқақтатып, ел тәуелсіздігінің жаңа мүмкіндіктерін айқындады.
Азаттықтың елең-алаңындағы Ордабасыдағы жиыннан кейінгі Түркістанның түлеуімен жалғасып, байтақ жеріміздің бар игілігі жаңа елордамен еселеніп Елбасы феноменінің баянды екенін көрсетті. Бұл – жақсылық пен жарасымдықтың үндесуі. Бұл – тарих толқынындағы білік пен биліктің, дәстүр мен жасампаздықтың үйлесімі.
Қорыта айтқанда, Тұңғыш Президент күні – Қазақстан халқының мәртебелі мерекесі. Бұл – тарихи таңдау күні, барша отандастарымыздың Елбасы төңірегіне топтасу күні.
«Ері жоқ болса, ел – жетім, елі бағаламаса, ер – жетім» дейді халық даналығы. Тәубе, бізде елін өрге сүйрейтін Ер де, азаматын құрмет тұтатын Ел де бар.
Мұны дүние жүзі сарапшылары айтады, біз оған мақтанамыз, қуанамыз.
Елдік мақтаныш, әлемдік мерей баянды болғай!
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі