Руханият • 04 Қазан, 2019

Детективтің дарабозы

530 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған көрнекті жазушы Кемел Тоқаевты еске алуға арналған «Дидары дүниенің – детективте» атты кеш өтті.

Детективтің дарабозы

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиын барысында сөз сөйлеген филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов: «Кемел ағамыздың шығармалары өте жақ­сы қабылданды. Агата Кристи мен Шекспирден кейін ең көп оқылатын­дар­дың қатарында. Бұл жанрды бүкіл әлем, әсіресе жастар көп оқиды», – деді. Ал жазушы Баянғали Әлім­жан К.Тоқаевтың кітабын кезекке тұрып алатынын еске алып: «Сағат Әшімбаев ағамыз бір күні детектив жанры жөнінде мақала жазуды тапсырды. Оқырмандардың 60 пайызынан астамы көркем шығармалардан гөрі, детективтік жанрдағы шығармаларды оқитын көрінеді. Бірінші кезекте Кемел Тоқаевтың шығармасы тұр екен. Ол кісінің повестерін талдап, салыстыра отырып, көлемді мақала жазып шықтым», деп ойын ортаға салды.

«Кемел Тоқаевтың киноға шығара­тын кемел бейнесі бар. Жазушының бейнесі арқылы, бір тамаша кино түсіруге болады. Маған бір ой келіп отыр. Әрбір шығармашылық кездесулерде жұрттың ықыласы менің жанымды тебірентеді. Адамның қасиеті болмаса, жазушы болмас еді. Маған Кемел ағаның «Соңғы соққы» романы ұнады. Сызып тұрып, өте қызы­ғып оқыдым. Бір қалыпты, ұстамды жазылған шығарма», деп жалпы қауымға ұсыныс айтқан филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай автордың алдағы болар жүз жылдығын атап өтті.