Қоғам • 15 Тамыз, 2019

«Астаналықпын» дегенді ауыз толтырып айта алсақ...

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін урба­низа­ция деген сөзді естісек, оны тек ше­телдермен байланыстыратын едік. Біз­де ондай болмағандықтан, өзі­міз­ге қатысы жоқ сөзге балайтынбыз. Қа­зақша, жалпақ тілмен айтқанда ха­лық­тың қалаға ағыл­уы деп ұғылатын бұл процесс кейін өз басымызға да келіп, әлі де жүріп жатыр.

«Астаналықпын»  дегенді ауыз толтырып айта алсақ...

Бір кездері ауыл өмірінің сапасын қаламен теңестіреміз, барлық мәдениет ошақтарын ауылда да ашамыз деген ұрандар көтерілген. Бірақ өмір талқысымен, тұрмыстық талап­тың өзгеруімен ол орындалмады. Ауылда кәсіп болмаған соң халық қалаға ағылды. Халықты ауылда ұстайтын ең басты құрал  кәсіп екен. Кәсіп болмай, табыс көзі жабылған соң халықтың көшуіне тура келді. Тек мал өсіріп, егін егіп және оны табыс көзі­не айналдыруға қабілеті жеткендер ғана қа­зір ауылда қалды.

Әрине ауылдан қалаға көшкен халыққа салулы төсек, салқын үй жоқ еді. Сон­дық­тан халық қала маңына немесе оның шеткері аудандарына қоныстанып, жер алып, шамасы келгенінше баспана салып алды. Осындай баспаналардың көбей­ге­ні сондай, олар қала маңындағы елді мекендерге айналып, өздерінше аталатын да болды. Мұн­дай ерекшеліктер жалғыз бізде емес, дүние жүзінің үлкен қала­ларының бәрінде бар. Егер осындай мекендер шаруашылық, өнер­кәсіп, әлеуметтік-мәдени байланыстармен қосылған болса, оларды агломерация деп атайды. Қазір әлемде оның саны артып келе­ді. Ал бірнеше агломерацияның өсуі арқылы үлкен қалаларға қосылып кетуін конурбация дейді. Мәселен, қазір Жапония астанасында 7 агломерациядан тұратын Токио конурбациясы пайда болып, онда­ғы халық саны 27,6 миллионға жеткен.

ХХ ғасырдың ортасынан бері қолда­ны­лып келе жатқан мегаполис термині қала­ның өз тұрғындарына конурбация мен агло­ме­рацияның қосылғанын айтады. БҰҰ бұл терминді кем дегенде 5 млн тұрғыны бар шаһарларға қолданады. Әзірге бізде ондай мега­полис жоқ. Жуырда астананың жаңа әкімі Алтай Көлгінов қала маңындағы қоныстардың тыныс-тіршілігімен танысты. Қазір олардың саны 16-ға жеткен екен, ал тұрғындар саны 280 мыңнан асыпты. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының 25 пайызы деген сөз.

Мұндағы тұрғындардың бәрі де астана­лық­тар болып есептеледі. Алайда олардағы инфрақұрылымдардың сапасы талапқа сай емес. Кейбірінде тіпті жарықтың өзі жиі сөніп жатады. Таза ауыз суға да қол жеткізу қиын, халық көшедегі құбырлардан тасып ішеді. Кейбір мекендерде оның өзіне қол жетпейді. Ал қыста, күз бен көк­темнің лайсаңында адам мен авто­мобиль жолдары үнемі сын тезіне ілі­ніп, тұрғындар шағымданып жатады. Орта­­лық­тандырылған жылу жүйесіне қол жет­пеген кейбір тұрғындар жылдың суық мезгілдерінде бұрқылдатып пеш жа­ғады. Осындай жағдайда өмір сүріп жатқандықтан, олар өздерін «аста­на­лықпыз» деп ауыз толтырып айтуға да қорғалақтайтын сияқты...

Осы проблемаларды шешуге Мемлекет басшысының өзі назар аударып отырғаны қазір мұндағы тұрғындардың көңілін көтеріп тастады. А.Көлгіновтің сөзінше, пробле­ма­лар­дың шешімі 3 негізгі блокқа бөлінген. Қа­зір агломерацияға енетін мекендерге Өнді­ріс, Мичурин, Көктал, Интернационал, Пригородный және Железнодорожный қоныстары жатады. Олардағы 698 көшенің 245-іне әлі күнге тас жолдар төселмепті. Әкім алдымен жол мәселесінің шешіліп, абаттандыру жұ­мыстары қолға алына­тынын айтты. Сонымен бірге алты бала­лар алаңы салынып, жылы аялдамалар орнатыл­мақшы. Жылдың аяғына дейін 42 көшеге жарық беріліп, бірнеше аула абат­тандырылмақ.

Әрине жобасыз, жөнсіз түскен ғима­рат­тар мен үйлер де бар. Қаланы дамыту жос­па­рына олардың кесе-көлденең тұратыны да болады. Бірақ жоспар қатып қалған қағида емес, оны айналып өтіп, іскерлік таныта білген басшы болса, мұндай кедер­гі­лер сөз емес. «Көз қорқақ, қол батыр» деген емес пе, А.Көлгіновтің қаланың шет аудандарына қамқорлық көрсетуді бірден қолға алғанын қуанарлық бастама деп санаймыз.

Ел тұрғындарының қалаға ағылуы, яғни урбанизация процесі қала халқының үлесі 70 пайызға жеткенде тоқырайды екен. Қазақстанның аймақтарды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы 2020 жылы аяқталады. Оған дейін нұрсұл­тандықтар жоғары сапалы инфра­құ­ры­лым­дар­ға толық қол жеткізетін шығар деген үміттеміз.