Қоғам • Бүгін, 08:30

Қоныстой қуанышы

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – маңызды жұмыстың бірі. Сол тұрғыда Жетісу өңірінде баспаналы болсам деген тұрғындардың дені онлайн кезек арқылы пәтерге ие болды.

Қоныстой қуанышы

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК

Былтыр өңірде 412,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11%-ға артық. Биыл ауданда 60 пәтерден тұратын екі көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілді.

Жаңа үйлер Сарқан ауданына қарасты Сарқан қаласының жаңадан бой көтеріп келе жат­қан шағын ауданында орна­лас­қан. Бес қабатты тұрғын үйлер заманауи талаптарға сай салынып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті барлық жағдай қарастырылған. Үй­лерде бір, екі бөлмелі 30 пәтер, сондай-ақ үш бөлмелі, кең әрі жарық 60 пәтер бар. Баспаналар халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын азаматтарға берілді. Салтанатты іс-шара барысында жаңа пәтер иелерінің қуанышы мен ризашылығы ерек­ше сезілді.

Жалпы, Сарқан ауданында тұрғын үй құрылысы мұ­ны­мен тоқтап қалмайды. Атал­ған екі көпқабатты үйден бөлек, ауданның ауылдық елді мекен­дерінде 62 жеке тұрғын үй пай­далануға беруге толық дайын. Бұл бастамалар өңірде халықтың өмір сүру сапасын арттыру­ға, әлеуметтік тұрақтылықты қамта­масыз етуге бағытталған жұмыс­тың жүйелі түрде жүр­гізіліп жатқанын көрсетеді.

Облыс әкімі баспасөз қызме­тінің мәліметінше, өткен жылы кезекте тұрған 2166 азаматқа берілуге тиіс тұрғын үйлердің құрылысы тыңғылықты жүргі­зілді. Соның 1002-сі бүгінде жаңа қонысқа кіріп те үлгерді. Тұрғын үйді бөлу рәсімі «Отбасы банк» арқылы жүзеге асты.

Сондай-ақ Кербұлақ ауда­нының Сарыөзек ауылында «Самұрық-Қазына» инвес­ти­циялық холдингінің қаражаты есебінен салынған 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қоныс иелері қатарында көпбалалы, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған жанұялар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар, сондай-ақ мүм­кіндігі шектеулі азаматтар бар. Бұл – мемлекет тарапынан көрсе­тіліп отырған нақты әлеу­меттік қолдаудың айқын көрінісі.

Осылайша, Жетісу облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жүйелі жұмыс нақты нәтижесін беріп келеді. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қолжетімді әрі жайлы тұрғын үй ұсыну – өңірдің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар