13 Наурыз, 2010

КИЕ ТУРАЛЫ ӘФСАНА

1315 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Менің қолыма таяуда жазушы Жолтай Әлмашұлының “Күлкі мен көз жасы” деген роман-дилогиясы тиді. (“Арыс” баспасы, Алматы, 2007 ж) Көлемі әжептеуір, бес жүз беттен асып жығылады. Бірақ қай кезде де кітап көлемі сапа көр­сеткіші бола алмаған, болмайды да. Әйтсе де екі кітаптан тұратын бұл романды қолыма ұстай отырып, аз-кем ойланып қалдым. Бүгінгідей кітап оқуға ықылас тым төмендеп тұр­ған алмағайып заманда осын­шама көсілу, төгіле сілтеу қажет пе еді? Аз көлеммен де көп нәрсені аң­ғартуға болмас па! Қаламгердің лық­сып төгілген, бір беттен екінші бетке еріксіз ауысып отыратын қандай соны, өзгеше ойы бар? Не туралы жазды? Нені айтпақ болды? Кітапты қолыма ұстағанда мені осы ойлар толғандырды. Оқи бастадым. Бастадым да, аяқтау, түгел оқып шығу керек екен дедім. Кітаптың соңғы бетін жапқан сәтте түсінгенім, жазушы әдебиет әлемінде ешкім айтпаған, ешкім жазбаған соны оқиға іздеп, бас қа­тыр­маған. Бәрі де белгілі жәйт. Сонау 1916 жылғы ұлт-азаттық кө­те­ріліс кезеңінен бастап, 1937-1938 жылдардағы репрессия сойқаны сол қалпымен шығармаға өзек етіп алынған. Былайша қарағанда, жаңа­лық жоқ деуге де болатындай. Бірақ үңіле қарасаңыз, Жолтай өзі таң­даған кезең шындығын басқа­ларға еліктемей, өзінше түйіндеген. Жазушының, ең алдымен, бөліп айтарлық ұтымды концепциясы мы­­нада. Ол Қаратау мен Сыр бойында алаңсыз күй кешіп жатқан бай­лар әулетінің мамыражай өм­і­­ріне кенеттен Кеңес төңкерісінің келіп килігуін өз кейіпкерлерінің жан қиналысы мен азабы арқылы әдемі кестелейді. Роман кейіп­кер­лері өзіне дейінгі жазылған бірқатар романдардағыдай төңкерісті, жаңа қоғамды қол соға қарсы алған жоқ, қайта үрке қарады. Қостауынан гөрі күдігі басым болды. “Жаңа, жайлы өмір бұлайша байларға, дү­ниесі бар кісілерге қысым жасау ар­қылы, қорлық көрсету арқылы ор­намауы керек” деп ойлайды осындағы басты кейіпкердің бірі – жас мырза Жасыбай. Осылайша әрі-сәрі күйде не жаңа үкіметке біржола беріліп кете алмай, не басқа бір айла істей ал­май басы қатып жүрген бай әулетінің жас легі “елден кету керек, әйтпесе, бұлар бізге бұдан да зор­ды көрсетеді” деп күңіренеді. Ал екінші топ, ересек топ “жоқ, туған жерден кетуге болмайды” деп келелі кеңеске шақырады. Осындай екіұдай көңіл-күймен басталған психологиялық тартыс бір сәт те бәсеңсімей, романның аяғына дейін жалғасып жатады. Ал енді романдағы негізгі же­лілер туралы тоқтала сөз етер бол­сақ, оның саласы сан алуан. Бөлек-бө­лек, тарау-тарау ойлар кесек-кесек болып көрінеді. “Байлықтың буы” атты бірінші кітапта төрт бөлім, “Қарашаның қаһары” атты екінші кітапта төрт бөлім болып тарқатылып, жалғасын тапқан да, әр бөлімге өзінше жүк артылған. Ең бастысы, роман ширатыла өріл­ген тартысқа құрылған. Оған мысал етіп аларлық жайлар да баршылық. Ең алдымен – жазушы өз ро­манында әке мен бала тақырыбына бара отырып, оны өзге қырынан баян еткен. Таптаурын ойдан, оқи­ғадан, тартыстан қашқан. Айталық, романдағы бас кейіпкерлер Нарша бай мен оның ұлы Жасыбай екеуі­нің бейнесі барынша анық айшық­талады. Елуден енді асқан бай Нар­­ша бүкіл дүние-мүлік пен жиған байлықтан бірте-бірте бас тарта бастайды. Онысын жасырмай, ашық айтады. Тіпті өзі тұрғылас бай­лар Қосай, Шарай, Делеулер оны түсіне алмай қиналады. Қосай: “Дәулеттен қашып, ырысты үркітіп жүр­сіз” деп кінәлайды. Бірақ Нарша өз дегенінен айнымайды. Бұл – бай мен бай арасындағы пси­хологиялық қақтығыс. Бірі – байлықты бақ санайды, ал екін­ші­сінің – халықты екіге жарған сол шірік дүниеден жүрегі айниды. Міне, осындай себеп-салдармен Нарша мен Қосай атты байлардың арасына сызат түседі, екеуі екі бағытқа бұрылып, аралық байланыс күрделеніп, арты тартысқа ұласады. Ол ол ма, бұл аз десеңіз, енді бірте-бірте роман ортасында бай Нарша мен оның ұлы Жасыбай екеуі арасында түсініспеушілік бой көрсете бастайды. Жасыбай “Әке, сіз маңдай терімізбен жиған бай­лықтан бас тартамын дейсіз, осы дұрыс па” деп қиғылық салады. Нарша ұлына кісі байлықпен қай мұратына жеткен, ол өзіңе қасірет болып төнсе, енді не істеу керек деп өзіне қарсы сұрақ қояды. Әке мен бала арасындағы көз­қа­рас алшақтығы осылайша бас­талып, ушыға береді. Бірі дәулеттен тазаруды, екіншісі оны қалайда сақтап қалуды ойлайды. Елде Кеңес өкіметі орнап, колхоз­дас­тыру науқаны қызу қолға алынды. Байлардың малын тізімдеген һәм күштеп алуды көздеген кәмпеске науқаны килікті. Шолақ бел­сен­ділер (Тақыр, Бадырақ, Бейсен) осы жағдайды пайдаланып, бұ­рыннан өші бар Нарша ұрпағына тырнақ батыра бастайды. Ар-на­мы­сына тиеді. Міне, осы кезде намысқой Жасыбай әкесіне “жоқ, біз бұл елде енді қала алмаймыз, біз басқа жаққа көшуіміз керек” дейді. Бай Наршаның: – Балам-ау, абақтыдан, тағы да бас­қа бір жерлерден қашуға б­о­ла­ды, бірақ туған жерден қашпайды ғой, – деген сөзінде ащы запыран жатыр. Бұл бір жағынан, амалсыз­дық­тың сөзі болса, екінші жағынан – елді, жерді қимау, туған топы­раққа деген ыстық іңкәрлік! Мен сөз басында туған жер қасиеті туралы, оны қай кезде де ұлт зиялылары қадір тұтқанын бе­кер айтып өткем жоқ. Жазушы Жол­тай Әлмашұлы осы ұлы идея­ны әуелете көтеріп, астарлай же­лілеп, бүкіл романның өн-бойына өзек етіп алыпты. Жүрек толқытарлық ең шешуші эпизод – бай Наршаны тыңдамай, өз дегенімен басқа ел асып кеткен ұлы Жасыбайдың ең соңында қор­­лық көріп, ет жақындарынан айырылып, әзер деп туған жерге құр сүл­десін сүйретіп жетуі. Орал­ған сәт­те туған топырақтан ке­шірім сұ­­райтын кезі. Жазушы осы кө­рі­ністі өте тапқыр, әдемі жым­дас­тырып, аяқтай білген. Оған кітап­тағы мына бір үзіндіні мысал етуге болады: “...Еһ, шіркін қолда барда алтынның қадірі жоқ” деген рас-ақ. Бар қазына алыста емес, өз әке­сінде екен. Соны көре тұрып, кө­ңілге түйе алмағаны... “Сіз ескінің ізімен жүресіз, біз жаңа жол ізде­у­шілерміз” деп кеуде қақты-ау оған. “Уақытқа, заманға үңіле білу керек” дегені ше! “Уақытқа үндесе ал­масаң, көш соңында қалып қоя­сың, ескі жырыңызды неге айта бе­ре­сіз” деп беттен алғаны ше!.. Әке қадірін, әсте, ешбір уақытта өз баласы түсінген емес. Ешқашан да... Түсінер еді-ау, оған өз кезінде құлақ түрер ұрпақ бар ма. Жастық желік дейміз бе, жоқ болмаса ба­сыл­маған көңіл дейміз бе, не керек, әке де арманда, бала да ар­манда... Өмір өстіп өте береді, өте береді. Сен әкеңді кеш ұғасың, ал сенің балаң сені кеш ұғады. Ал оның баласы оны кеш ұғады. Осылай. Өмір заңы осылай. Осы күні Жасыбайдың кеудесін әлдебір үрей билеп алған. Неге екені белгісіз, сәл нәрседен секем ала береді. Тіпті түс екеш, түстен де қорқатын болып жүр”. Әке мен бала арасындағы тар­тыс қазақ, орыс, тіпті әлем әде­бие­тінде де аз жазылған жоқ. И.Тур­геневтің “Әкелер мен балалар”, М.Әуезовтің “Абай жолы” ро­ман­дарында бұл сала, әсіресе, әдемі ай­шықталған. Әйткенмен, Жол­тай­дың әке мен бала тақырыбында өзіндік қолтаңбасы айқын сезіледі. Ақылы толысқан кісі көреген, ал жас адам қалай дегенде де қызу­қанды. Жасыбай – сондай бейне. Нарша – ойлы, салауатты, сезімтал қария. Және оның ойы мен сөзі түптің-түбінде дұрыстыққа айнал­ған. Ж.Әлмашұлының бұл кітабында тарау-тарау тақырыптар өзінің көтеріп отырған жүгімен көрініп, дамиды. Жақсы мен жаман, өтірік пен шындық, екіжүзділік пен әділ­дік іспетті кісінің әрқилы қасиет­тері әрбір кейіпкер арқылы өзінше өрбиді. Енді жазушының стилі туралы екі ауыз сөз. Романда салқынқанды баяндау мен оқтын-оқтын кейіпкер мінезіне орай шалқып, төгіліп кететін тұстар баршылық. Оның өзі оқиғамен кірігіп тұр, еш артықшылық байқалмайды. Әсіресе, қадап ай­тар­лығы – Жолтай сөз сиқырын түсінеді. Сөзге жан бітіре алады. Сөзді ойната біледі. Оның мұндай ерекшелігі – кейіпкерлер арасын­дағы диалогтарда тез-ақ байқалады. Жалпы, қаламгердің образ сомдаудағы көркемдік тәсілі де өз алдына сөз етуге тұрарлық. Әсіресе, романның екінші кітабындағы жарқырап көрінетін Қалдан балуан бейнесі өте айшықты, өте на­ным­­ды. Туған жерден қашып шығып, Өзбекстанға, одан Тәжікстанға асып кеткен Жасыбайдың жолы ақыры кесіліп, ұлы Қалдан және екі-үш бауырымен қайтадан Қазақстанға, оның ішінде Қарлаг-ке келіп түседі. Міне, осы саяси жер аударылғандар мекеніндегі балуан Қалданның қазақы мі­нез­бен, батырға тән аңқау да албырт мінезбен, ашуға мінсе тау қопарар дөң мінезбен жарқырап көрінуі – тартымды оқылады. Осы кейіпкерді М.Әуезовтің “Абай жолындағы” Базаралы, Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен теріндегі” Кәленге де ұқсатуға болар еді, алайда жазушы Қалдан­ның қимыл-қозғалысына тек батырлық, балуандық мінез ғана емес, ақыл-парасатты да молынан араластырған. Сосын да Қалдан өзгеше образ. Оның іс-әрекетінен сенімді өмір суреті алдыңызға тартылады. Онда жазушының өзіне тән шеберлігі анық байқалып тұр. Тағы бір тоқтала кетер кесек бейне – ол Ақсырға. Мұндағы Ақсырға – ақыл-парасаты мол, қиын жерде жол бастай білетін ақылгөй, ашуды ақылға жеңдіре білетін мейірбан ана. Жазушы осы образ арқылы ХХ ғасыр басындағы қиын-қыстау күндердегі қазақ аналарының парасатты бейнесін өзінше сомдай алған. Онысы өз ретінде өте әсерлі, тартымды шыққан. Романды оқу барысында бай­қағанымыз – жазушы көркем дүние жазудың құпия кілтін жап-жақсы меңгерген. Біз Жолтайдың бұрын-соңды жарық көріп келе жатқан “Жетім жұлдыздар”, “Пенде мен періште”, “Найзашың” “Сұлуды сүю” іспетті әңгіме-хи­каяттар жинағымен де, “Оянған ұрпақ” романымен де аздап таныс едік. Ол шығармаларында да қаламгердің аяқ алысы, көркемдік тәсілі жап-жақсы көрініп тұратын. Ал мына романда сол жетіс­тіктер барынша жетілдірілген. Көркемдік биік дәрежеге көтеріл­ген. Нәтижесінде, өмірге тәп-тәуір көркем туынды келіп отыр. Жазушының бұл жаңа романы ел мен жер туралы һәм адамдар туралы толғау. Ол аз десеңіз, – бұл кітап жер киесі, ел киесі туралы ойландыратын, толғандыратын шерлі жыр. Бір сөзбен айтқанда – кие туралы әфсана. Киені ұмытуға болмайды, онда бә­рінен айырылғаның. Киесіз жыл­дар­ға килігіп, жаралы жүрекпен бү­гін­ге жеттік қой. Киемізді қайтара ал­дық па? Жолтайдың кітабының соңғы парағын осындай қиын сауалмен жаптық. Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.