13 Наурыз, 2010

КЕҢ ДАЛАНЫҢ КЕМЕҢГЕРІ

724 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Президенттік Мәдениет орталығында қазақтың ұлы ғалымы, ағартушысы, тарихшы, саяхатшы-географ Шоқан Уәлихановтың 175 жылдық мерейтойына арналған “Кең даланың кемеңгері” атты әдеби-шығармашылық кеш өтті. Оны Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сөз сөйлеп ашты. – Мен сөзімді ұлы даланың тең­дігін алтын тағында емес, ар­ғы­мақтың үстінде жүріп алып бер­ген Абылай ханнан бастасам дей­мін. Шоқан – осы айтулы тұлға­ның шөбересі. Атасы Уәли­де соң­ғы ресми ханда­ры­мыздың бірі бол­са, әкесі Шыңғыс білімді, бек­зат аға сұлтан атанған. Алғаш ауыл мол­дасынан хат таныған бала Шоқан 12 жасында Омбыдағы кадет кор­пу­сында білім алуды бастайды. Пар­талас досы, әйгілі этнограф-ға­лым Григорий Ни­колаевич По­таниннің ай­ту­ынша, екі жылдан кейін орыс тілін еркін меңгеріп, зеректігімен қатарлас­та­рын басып озады. Аққан жұлдыз секілді 30 жыл­дық қамшының сабындай қысқа ғұмырында ар­ты­на өлмес мұралар қал­дыр­ған да­ланың дара дарынының есімі еш­қашанда ескірмейді. Қазіргі таңда дүниенің тілі ағылшын десек, сол тілде Митчель дейтін ғалым Шоқан есі­мін ол дүние сал­ған 1865 жыл­дың күзінде Лон­донда айтып, елді елең еткізді... Бүгінгі кеш үлкен тойдың бастауы болады деп ойлаймын”, – деді өз сөзінде министр. Иә, бұл ұлы бабамыз ХІХ ға­сыр­дың екінші жартысында Қа­зақ­стан­да бүр жарып, қауыз ашқан де­мократтық ағартушылық мә­де­ниеттің тұңғыш өкілдерінің бірі болып табылады. Ол өзінің қысқа ғұмырында қоғамдық ғылым­дар­дың алуан саласында: философия, этнография, тарих, география, экономика, ауыз әдебиеті, әдебиет теориясы, өнертануда көптеген құнды еңбектер, ғылыми зерт­теу­лер қалдырды. Сондай-ақ, Орта­лық Азияның түркі тілдес халық­та­рының тарихы мен сол кездегі әлеу­меттік жағдайы, тілі мен әде­биетін саралап терең зерттеумен Шығыс ғылымына зор үлес қосты. “Қазақтың шежіресі”, “Жоңғария очерктері”, “Қазақтар туралы жаз­ба­лар”, “Абылай”, “Далалық мұ­сыл­мандық”, “Қазақтағы шаман ді­нінің қалдықтары” және тағы бас­қа еңбектерінде түркі дүние­сінің көптеген келелі мәселелеріне ғы­лыми тұрғыдан жан-жақты зерт­теулер жүргізіп, талдаулар жасады. Бұл еңбектердің кейінгі зерт­теу­ші­лер үшін ғылыми мәні жоғары болды. Ғалым қазақ халқының ру­ха­ни ақыл-ойының жар­қын кө­рі­нісі бола отырып, қоғам­дық ой-са­на, пікір-тұжы­рым­дардың биік­тей өркендеуіне ерекше ықпал етті. Дарынды ғалым Шоқан Уә­ли­ха­новтың 175 жылдығына орай ұй­­ым­дастырылған бұл мәдени шара Абылайдың күйі “Қара жор­ғамен” ашыл­са, Ш.Уәлиханов ат­ындағы Көкшетау мемлекеттік уни­вер­си­тетінің ұстазы Гүлден Ті­леу­бер­ди­на Ақан серінің “Майда қо­ңыр” әнімен тыңдаушысын там­сан­дыр­ды. Сондай-ақ, “Қозы Көр­­пеш – Баян сұлу” жыры не­гі­зін­дегі әдеби сазды компо­зиция да кө­рер­менді бей-жай қал­дырмады. Кеш­тің ажарын ашқан тағы бір көрініс деп С.Мұ­қа­новтың “Шоқан Уәли­ханов” пье­сасынан алынған ар­найы көріністі айтуға болады. Шо­қан бей­несін сомдаған Қуан­дық Қыс­тық­баев және Қыр­ғызстан­ның ха­лық әртісі Сергей Матвеевтің ІІ Алек­сандрды шебер бейнелеулері көрермен көзайымына айналды. Шәді Төре Жәңгірұлының “Абы­лай хан” поэмасынан үзіндіні Қа­зақ­стан­­ның еңбек сіңірген қай­рат­кері Болат Әбділманов тамаша орын­дады. Кеште Уәлихановтар әулетінің бүгінгі өкілі, атақты сәулетші Шота Уәлиханов сөз алып, да­ла­ның дара дарынын әлі де зерттей түсу керек­ті­гін қаперге салды. Сонымен қатар, ол осы кешті ұйымдастыруға мұ­рындық болған азаматтарға алғыс се­зімін білдірді. Жұртшылықты Шо­қан жайында біле түсуге түрлі шы­ғар­машылық жақтарымен келген бұл кештің режиссері, “Ұлттық дәс­түрлер” театрының көркемдік же­тек­шісі Сәулебек Асылханұлына да жиналған жұрттың ризашылығы шексіз болды. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Суретте: кештегі әдеби композициядан көрініс. Суретті түсірген: Ерлан Омаров.