13 Наурыз, 2010

ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ҚАШАН ОРЫНДАЛАДЫ?

615 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елбасының 2001 жылғы 7 ақ­пандағы Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшті. Дегенмен, іс жүзінде іс қағаздары бұрынғыдай орыс тілінде дайындалады, одан соң аудармашының көмегімен қазақшаға аударылады, абзалында керісінше болуға тиіс. Ата Заңы­мыздың, Тілдер туралы Заңның осы талаптары қашан орындалады? Бұл өзекті мәселені шешу үшін әкімшілік реформа бағдарламасы аясында аумақтардан, яғни ауыл­дық, аудандық, қалалық, облыстық мемлекеттік органдардың аппарат­та­рында істеп жүрген қазақ тілінде іс қағаздар дайындауды жақсы білетін мамандарды министрліктер мен ведомстволардың аппарат­тарына ауыстыру қарастырылған болатын. Осы мақсатта республи­калық бюджет есебінен Астанада 1000 орындық жатақхана да са­лынды. 2010 жылға арналған рес­публикалық бюджетте жатақхананы пайдалану шығындары үшін қаржы қарастырылды. Ал, осы жоба жүйелі түрде іске асты ма? Асқан болса, ол қандай нәтиже беруде? Қайсы министрліктердің аппара­тына, Үкімет Кеңсесіне қанша қазақ тілді мамандар ауыстырыл­ды? Бұл жоба жалғасын таба ма? Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасының бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарының санаттарына ар­налған үлгілік біліктілік талапта­рында әрбір әкімшілік қызметші өзінің функционалдық міндеттерін орындау үшін қажетті көлемде мем­лекеттік тілді білуге тиіс делінген. Әділет министрлігінде тіркеуге алынған осы біліктілік талаптары мемлекеттік органдарда әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді конкурс арқылы қабылдауда пайдаланылуда ма? Қандай әкімшілік лауазымдар мемлекеттік тілді қандай көлемде білуі қажеттігі белгіленген бе? Ол қалай анықталады? Міне, осы сауалдар тез арада қарастырып, жедел шешім қа­был­дауды талап етеді. Осы бағытта жауапты орган­дар, бірінші кезекте Үкімет шұғыл жұмыстар жүргізуі қажет деп есептеймін. Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Мәжіліс депутаты.