13 Наурыз, 2010

ЕЛ ҚУАТЫН ЕСЕЛЕУ ЖОЛЫ

661 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Ақордада еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы талқыланды. Оның жұмысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік атқару органдарының басшылары мен еліміздің барлық өңірлерінің әкімдері қатысты. Ақордада Қазақстанның индустриялық даму мәселесі талқыланды Кеңес алдында Елбасы Алматы облысы Ақсу ауданында су тас­қы­ны салдарынан орын алған оқи­ға­ны хабарлап, осыған байланысты Үкіметке тиісті тапсырмалар берді. Болып өткен апаттың себеп-сал­да­рын тексеріп, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін үкіметтік ко­мис­сия құрылды. “Біз Жолдаудан кейін оны жү­зе­ге асыру бағытында біраз ша­руа­лар­ды жасадық. Жергілікті жер­лер­де қолға алған істің маңызын тү­сін­діру жұмыстары жүргізілу үстінде. Мұның сыртында Үкіметте және басқа да мемлекеттік органдарда бағ­дарламаны жүзеге асыруға қаты­сатындармен, кәсіпкерлік құры­лым­дармен тиісті кездесулер ұйым­дастырылды. Мемлекет және Үкі­мет жағынан атқарылатын жұмыс­тар­дың барлығы қазірдің өзінде белгілі болды. Жұмыстың негізгі сал­мағы енді әкімдіктерге, жергі­лік­ті атқару органдарына түседі. Іске қосылатын өнеркәсіп орын­дары­ның жұмыстары әкімдіктердің іс-әрекеттерімен тығыз байланысты болады. Сондықтан атқарылатын істі тағы бір анықтап алғанымыз жөн”, деді Елбасы өзінің кіріспе сөзінде. Мұнан кейін Мемлекет бас­шы­сы Үкіметтің беріп отырған ақпа­раты бойынша 191 ірі жобаны іске қосу қажеттігін, ол жобалардың ауқымы 4,7 триллион теңгені құ­рай­тындығын, бұл жобалардың 144-і биылғы жылы пайдалануға бе­рілетіндігін, соның 141-і әкімдік­тер­дің жауапкершілігінде екендігін айтты. Қалған үш жобаны “ҚазАгро” холдингі жүзеге асыруы керек. Осы арада Елбасы былтырғы жылы “Жол картасын” жүзеге асы­ру арқылы әкімдердің халықтан жақ­сы пікірлер естіп, ұпай алған­ды­ғын, биылғы қатаң қыстың елі­мізге, әсіресе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарына ауыр тиге­нін, бұл қиындықтан да шығып келе жатқандығымызды тілге тиек етіп, осы атқарылған шаруаларда әкімдердің үлесі көп екендігін еске алды. Енді ел алдындағы аса ма­ңыз­ды міндет – үдемелі индус­трия­лық-инновациялық бағдарла­ма­ны жүзеге асыруымыз керек. Еліміздің болашағы, әл-ауқатының жақсаруы осы ойға алған істі қалай жү­зеге асыратындығымызға байла­ныс­ты болады. Басқадай жол да жоқ. Мұндағы негізгі жобаларды қаржыландыру көздерінің барлығы шешілген. Атқаратын істің ауқымы белгілі. 141 жоба түгелдей әкім­дер­дің ұсыныстары арқылы өтті деуге болады. Ендеше дербес жауап­кер­шілікті мойынға ала отырып, ба­рын­ша жұмыс істейтін кез келді. Сол үшін барлық мәселе алдын ала ес­керіліп, қажетті жағдай туғы­зылып отыр. Мұнан кейін сөз кезегі Ин­дус­трия және сауда министрі Әсет Исе­кешевке берілді. Министр өз баяндамасында Үде­мелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасының барлық орталық және жергілікті мемле­кет­тік органдармен, Ұлттық банкпен, бизнес қоғамдастықпен келісіліп әзірленгендігін айта келе, негізінен екі мәселеге тоқталды. Оның бірін­шісі индустриялық жобаларды іске асыру барысы, екіншісі – жоба­лар­дың елеулі бөлігі аймақтарға тиесілі болғандықтан, олармен арадағы іс-әрекеттегі үйлесімділікті сақтау мәселесі. Жоғарыдағы айтылған 144 жо­баның жалпы құны 854 миллиард теңгені құрайды. Осы жұмыс биыл­ғы жылы жүзеге асқан жағдайда елімізде 20 мыңға тарта тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс. 44 жоба бойынша үлкен құрылыс жұмыста­ры жүреді. Оған 100 мыңға тарта адам қатыстырылады. Бұл шаруа­ның барлығы Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған респуб­ли­калық және өңірлік басқарушы орталықтардың бақылауында тұр. Елбасы Жолдауынан кейін қол­дау көрсетудің жаңа құралдарының нәтижесінде басқа да жобалар қа­рас­тырылу үстінде. Сонымен қа­зіргі күні Үкімет қарауында 238 жоба бар. Олардың жалпы сомасы 7,5 триллион теңгені құрайды. Осы жобалардың барлығы республи­ка­лық және өңірлік индус­трия­лан­ды­ру картасына енгізілуі әбден мүм­кін. Жүзеге асырылуы қолға алын­ған әрбір жоба бойынша нақты жауапты тұлғалар мен ол жобалар­дың іске қосылу уақыты белгі­лен­ген. Биылғы жылы пайдалануға бе­рі­летін жобаларда Ақтөбе облы­сы­ның еншісі мол. Мұнда 95 мил­лиард теңгенің 24 жобасы іске асы­рылмақ. Инвестицияның неғұрлым ірі көлемі Шығыс Қазақстан (148 миллиард теңгенің 11 жобасы), Павлодар (145 миллиард теңгенің 13 жобасы) облыстарының үлесіне тиеді. Ең көп жұмыс орны Жамбыл облысында (9 жоба бойынша 3668 жұмыс орны) құрылады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылды­ғын­да іске қосылатын жобалар бой­ын­ша 1 наурыздағы мәлімет бойынша Ақмола (97 пайыз), Маңғыстау (96 пайыз) облыстары алда келеді. Екінші жартыжылдықта іске қосы­латын жобалар бойынша инвес­ти­цияларды игеру деңгейі Солтүстік Қазақстан (81 пайыз), Оңтүстік Қа­зақстан (71 пайыз) облыстарында жақсы жағдайда. Іске қосылатын нысандарға мо­ни­торинг жүргізу және орын алған проб­лемаларды жергілікті жерде шешу үшін Премьер-Министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен үкіметтік жұмыс тобы құрылып, ол 7 облысты ара­лап шыққан. Жұмыстың бұл түрі­нің тиімділігі қазірдің өзінде анық байқалып отыр. Көптеген мәселе­лер жедел түрде шешімін табуда. Ал енді бір шешімдер заңдарға өзгеріс енгізуге қатысты болуда. Неғұрлым ірі деп табылып отыр­ған 30 жобаның жүзеге асуына Премьер-Министрдің өкімі бойын­ша министрлер мен ұлттық хол­динг­тер басшылары жауап береді. Мә­селен, Энергетика және мине­рал­дық ресурстар министрлігі Бал­қаш ЖЭС, газ-химиялық кешен, Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2, Бейнеу-Бозой газ құбыры, Мойнақ СЭС, Шардара СЭС секілді 10 жо­ба­ға жауапты деп табылатын болса, Индустрия және сауда министрлігі Бозшакөл кен байыту комбинаты құ­рылысына, Көлік және комму­ни­кация министрлігі “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” аса ірі инфрақұ­ры­лым­дық жобасына, Төтенше жағ­дайлар министрлігі Көксарай қарсы реттегішіне, Ауыл шаруашылығы министрлігі Нұра-Есіл каналының қайта жаңғырту құрылысына жауапты. “Самұрық-Қазына” қорының мойнына мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту, битум зауыты, Шымкенттегі дәрі-дәрмек фабри­ка­сының құрылысын жүзеге асыру жүктелген. “ҚазАгро” холдингі жеті жобаға жауап береді. Әсет Исекешев әр облыс бой­ын­ша жүзеге асатын ірі инвес­ти­ция­лық жобаларға тоқталып өтті. Жалпы, үстіміздегі жылдың бірінші жартысының өзінде 367 миллиард теңгенің 71 жобасы жүзеге аспақ. Ал жыл соңына дейін тағы да 70 жоба іске қосылады. Олардың көп­шілігі серпінді жобалар болып есеп­теледі. Бұлардың барлығы – елі­мізде соңғы бірқатар жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан ин­дус­трияландыру саясатының нәтижесі. Сонымен индустриялық жоба­лар­ды жүзеге асыруда биылғы жыл­дың міндеті ерекше болып отыр. Елімізде осыған дейінгі уақытта бір жылда мұндай көп жоба іске асқан емес. Кеңесте Павлодар, Шығыс Қа­зақ­стан, Ақмола, Ақтөбе, Қара­ған­ды, Батыс Қазақстан облыс­тары­ның әкімдері Бақытжан Сағынтаев, Бердібек Сапарбаев, Альберт Рау, Елеусін Сағындықов, Серік Ахме­тов, Бақтықожа Ізмұхамбетов және Қаржы министрі Болат Жәмішев сөз алып, жүзеге асатын жобалар жайын баяндады. Бақытжан Сағынтаевтың ай­туын­ша, өңірдегі индустриялан­ды­ру бағдарламасын жүзеге асыруға барлық ірі кәсіпорындар атсалыс­пақ. Мұндағы жобалардың көпші­лігі алдыңғы қатарлы технология­лар­ды қолдана отырып, қазақ­стандық үлесті арттыру мәселесіне және әлемдік рынокқа өтімді тауарлар шығаруға негізделген. Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстанда жүзеге асатын іргелі жобаларға тоқтала келе, оларды іске қосу нәтижесінде 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылатынын айтты. 15 жобаның 4-еуі шетелдік инвесторлардың қаржысы есебінен жүргізіледі. Мәселен, бір ғана “Казцинк” АҚ-та жаңа өнім шығаруға бағытталған жобаға 30 миллиард теңгенің шетелдік инвес­ти­циясы салынып отыр. Индус­трия­ландыру картасындағы әрбір жоба өз жанынан 20-30 шағын және орта кәсіпорынды дамытуға мүмкіндік береді. Елеусін Сағындықов 2010 жылы жобаларды жүзеге асыру нәти­же­сінде ел өңіріне келетін инвестиция көлемі 1,3 есе артатындығын айтты. 2015 жылға таман Ақтөбе облы­сын­да осындай іргелі істердің нәти­же­сін­де жұмыссыздық деңгейі 4 пайыз­дан аспайтын болады. Бар­лық шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер таза ауызсумен қам­тамасыз етіледі. Осы кезеңде ша­ғын және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдардың үлесі барлық экономикалық белсенді ха­лықтың 50 пайызынан асып тү­сетін болады. Облыс әкімі Елба­сының Жолдауын облыс жастары­ның қызу қолдап отырғандығын, олар “Ауылдың гүлденуі – Қазақ­стан­ның гүлденуі” деген ұранмен елді мекендерді абаттандыру ісіне кіріскендігін, оған 70 мыңнан астам қыздар мен жігіттер қаты­сып, 360-қа тарта жұмыс отряд­тары құры­латындығын айтты. Елбасы Ақтөбе облысындағы жастардың бұл бастамасына жақсы баға берді. Оны еліміздің тәуел­сіз­дігінің 20 жылдық торқалы тойына лайықты тарту ретінде атап көр­сетті. Президент Әкімшілігінің Бас­шысы Аслан Мусин мемлекеттегі кадр саясаты жөнінде жеке баян­да­ма жасады. Аслан Мусиннің айтуы бойынша, мемлекеттік қыз­меткер­лер­дің жеке істерін тексеру нәти­же­сі 18 министрдің орын­ба­сары мен 21 жауапты хатшының ел өңір­лерінде жұмыс істеу тәжі­рибесінің жоқтығын көрсеткен. Ал өңірлер­дегі 329 басшы қызметкер зейнет­ақы қарсаңындағы жасқа жетіп отыр. Осыған байланысты Прези­дент Әкімшілігі орталық пен өңірлер арасында мемлекеттегі сая­си және әкімшілік қызмет­кер­лерді алмастырудың жоспарын жа­саған. Бірінші кезекте 100 саяси және әкімшілік саласындағы мем­лекеттік қызметкерді орталық ор­ган­дардан өңірлерге ауыстыру көз­делуде. Бұл шара өңірлерді білік­тілігі жеткілікті басшылармен қам­тамасыз етуге мүмкіндік берсе, екіншіден, жергі­лік­ті мемлекеттік атқару орган­да­ры­нан бай тәжі­ри­белі және жергі­лікті жердің жағ­дайын жақсы біле­тін жауапты қыз­меткерлерін орта­лық орган­дар­да сынап көруге қолайлы жағдай туғызатын болады. Кеңесті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қорытын­ды­лады. Елбасы өз сөзінде үдемелі ин­дустриялық-инновациялық бағ­дарламаны тиімді жүзеге асыру үшін бірқатар орталық мемлекет­тік органдардың қызметі қайта құры­лым­далатындығын айтып, осы өз­герістермен жиналғандарды таныс­тыр­ды. Бұл өзгерістер елі­міздің экономикалық қызмет са­ла­сындағы бірқатар министрлік­тер мен агенттіктерін қамтитын болады. Мемлекет басшысының атап көрсеткеніндей, Бүкіләлемдік банк­тің мәліметі бойынша әлем­нің алдыңғы қатарлы елдерінің индус­трия­ландыру жөніндегі секірістері­нің тек 30 пайызы ғана ақшаның болуымен байланысты болған. Ал үштен бірінде дұрыс стратегиялық саясаттың болуы басты айқын­дау­шы рөл атқарған. Енді үштен бірі тиімді аппараттың күш-жігері нәти­жесінде жүзеге асқан. Бүгінгі күні Қазақстанда ин­дустрияландыруды табысты жүр­гізудің барлық мүмкін­діктері бар деп есептеуге болады. Айқын стра­тегия бар, қаржылан­дыру көз­дері анықталған, әрбір жоба дер­бес жауапкершілікке тап­сы­рыл­ған. Бизнеске қолайлы жағ­дайлар туғызылуда. Тиімді басқару жүйесі мен нәтижелерді бағалау өлшем­дері қалыптастырылуда. Енді беріле отырып жұмыс істеу керек. Елбасы шағын және орта биз­неске қолайлы жағдай туғызу мә­се­­лесіне ерекше тоқталды. Үсті­міз­дегі жылдың 26 ақпанында кә­сіп­кер­лер­мен өткен кеңесте биз­нестің жолындағы әкімшілік ке­дер­гілерді мүмкіндігінше азайту жө­нінде тап­сырмалар берілген болатын. – Өкінішке қарай, барлық өңірлер мемлекеттік сәулеткерлік-құрылыстық бақылау қызметін, жер комитеттерінің жекелеген қыз­мет түрлерін халыққа қызмет көр­сету орталықтарына немесе қызмет көрсетудің электронды жүйе­сіне тап­сыру ісін кешіктіріп отыр. Өйт­кені, кәсіпкерлердің өз алдарына мәселемен мәжбүр болып келген­дік­терін қалайды, – деген Елбасы өңір басшыларының шағын және орта бизнеске жа­ғымды ықпал ете отырып, өзіндік салық базасын арттыруы керек­тігін айтты. Жүзеге асыру үстіндегі ірі ин­дус­триялық нысандардың ма­ңайы­­нан көптеген шағын және орта бизнес кәсіпорындары өсіп шығуы тиіс. Өйткені, тек шағын және орта бизнес қана өзіндік ерекшеліктері бар инновациялық белдеуді қалып­тастыра алады. Осы арқылы адам­дарға жаңа жұмыс орындары табы­лады. Бірақ қазіргі жағдайда шағын бизнес жер телімдеріне, инфрақұ­рылымдар мен кен орындарына қарай жол аша алмай отыр. Көпте­ген ресурс көздері бизнеспен айна­лыс­қысы келмейтін немесе бұл іске қабілеті жоқ адамдардың қолында. Бұл мәселемен айналысып, тиісті шешім қабылдау керек. Елбасы мұны Үкімет пен әкімдерге қадап тұрып тапсырды. Өкінішке қарай, бизнеспен нақ­ты жұмыс істеудің орнына кейбір әкімдіктер көптеген тиімсіз ко­мис­­сия­лармен кеңестер құрудан аса алмай отыр. Мұндай комис­сия­лар­дың саны кейбір жерлерде 60-қа дейін жеткен. Орталық ор­гандарда да осындай жағдай орын алуда. Атал­ған мәселеге байла­нысты Мем­лекет басшысы Үкі­мет­ке ко­мис­сиялардың санын күрт қыс­қар­туды, ал Президент Әкім­ші­лігіне осы мәселені бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, бар­лық өңір­лер басшыларына кәсіп­кер­лермен тоқсанына кем дегенде бір рет кездесіп, олардың проб­лемаларына үңілу міндеті жүк­тел­ді. Мұндай жұ­мыстарды банк­тер­мен де жүргізіп отыру қажеттігі ес­кертілді. Өз ке­зегінде банктер не­сиелік қаржы­ларды өз мерзімінде қайтарып алуға барынша көңіл бөлгені орынды. Елбасы іске қосылған нысан­дар­дың жобалық қуатында жұмыс істеуіне дұрыс мән берілмей­тін­дігін атап көрсетті. Жаңа нысан алдын­дағы лента қиылып, оның ашылуы әйгіленісімен мұнан кейін не болып жатқандығы естен шы­ғып кетеді. Демек, іске қосылған кәсіп­орындарындағы жұмыс бары­сы бұдан былай үнемі назарда бо­луы керек. Олардың жұмыс жағ­дайы, ұзақ мерзімді тапсырыстарға ие болуы, қажетті тауарларды шы­ға­рып, өткізу рыногынан өз орнын алуы әкімдердің күнделікті қадаға­лауында тұратын шаруа. Өйткені, іске қосылып, жақсы жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардан салық түседі, олар әлеуметтік салаға да қолдау көрсетіп отырады. Өндірілген өнімді өткізудің жаңа рыноктарын іздестіру – маңыз­ды міндеттердің бірі. Осыған орай құрылып отырған Кедендік одақ­тың мүмкін­дік­терін пайдалану, қа­зақстандық тауар өндірушінің осы үлкен рынокқа шығуына тиісті алғы-шарттардың бәрін қалып­тас­тыру керек. – Бүгінгі күні көп мәселе аудан әкімдерінің жұмысына бай­ланысты. Сондықтан олардан сұ­рау күшейе түседі. Осыған байла­нысты Прези­дент Әкімшілігіне үстіміздегі жыл­дың бірінші тоқ­са­нынан бастап әр­бір әкімнің жұмы­сына рейтингтік бағалау енгізуді тапсырамын. Бұл ба­ғалауда инно­вациялық көрсет­кіш­тер есепке алы­натын болуы тиіс, – деді Елбасы. Кеңесте, сондай-ақ бөлінген қар­жыны тиімді пайдалану мәсе­лесі де қатаң сөз болды. Елбасы осыған байланысты Оңтүстік Қа­зақстан облысындағы жақсы бір мысалды атап көрсетті. Мұнда бірқатар нысан­дардың сметалық құнын қайта қарастырудың нә­тижесінде 13 миллиард теңгеден астам қаржы үнемделген. Бұл қар­жы мектептер құрылысына және инфрақұрылым­дық жобаларды аяқтау ісіне бағыт­талған. – Міне, осындай тиімді істі бас­қа облыстарда неге қолға алмас­қа, – деді Президент. Индустрияландыру халықтың тұрмыс сапасы мен өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталады. Елімізде бұл бағдарламаның қолға алынуы көші-қон мәселесіне де қозғау салатыны түсінікті. Демек, тиімді көші-қон саясатын қалып­тас­тырып, жүзеге асыру, қуат үнем­­де­гіш технологияларды енгізу қажет. Елбасы өз сөзін аяқтай келе биылғы жылдың ел өмірінде із қал­ды­рар оқиғаларға толы екен­дігін жеткізді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Биылғы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын, еліміздің Ата Заңы – Конституцияның 15 жылдығын атап өтеміз. Осы оқиғаларды ұйым­дасқан түрде өз деңгейінде, бекітілген жоспарға сәйкес өткізу – Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдердің міндеті. Кеңесте үстіміздегі жылы Ел­ба­­сы­ның 70 жылдығын бүкілха­лық­тық мереке ретінде атап өту жө­нін­де ұсыныс айтылған бола­тын. Елба­сы бұл ұсыныстан бас тартты. Мұндай мәселені қайта көтермеуді ескертті. Негізгі міндет, ойға алып отырған асқаралы жұ­мыс­тарды жү­зеге асыру және ха­лық­қа қатысты мерекелерді лайық­ты атап өту екендігін жеткізді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.