Руханият • 09 Сәуір, 2019

«Сотталған» әндер авторын тапса игі

2028 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Авторлары ұмытылып қалғандықтан халық әні аталып кеткен немесе біреудің әнін екінші композиторға апарып телу, авторы белгілі бола тұра, иесіне қайтаруға асықпау, осыған байланыс­ты музыка зерттеушілері мен жанашырлары арасында талас-талқының дүркін-дүркін туындап тұруы ән өнерінде бұрыннан бар үйреншікті жайтқа айналған.

«Сотталған» әндер  авторын тапса игі

«Көне заманды көксеген фео­дализмнің сарқыншағы» деген желеумен зұлмат жылдары автор ғана емес, ән мен күй де сотталды. Ел мен жердің тағдырын шығармашылығына лейтмотив етіп алып, қасіретін толғайтын қаралы әндерді халық арасына таратуға, айтуға тыйым салынды. Замана шындығы боямасыз берілген әндер бір-ақ күнде сөлекет сөз, оралымсыз ой жамылып, басқаның қанжығасында бөктеріліп кете барды. Алтайдан Атырауға, Жетісудан Арқаға көшкен кең тынысты дәстүрлі әндердің бәрі болмаса да, көпшілігі қиянатты бастан кешкен деген әңгіме алғаш осыдан отыз жыл бұрын Жәнібек Кәрменовтің аузымен айтылып еді. Бұл туралы әншінің «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қазақтың сотталған 300 әні» деген мақаласы да жарияланған болатын. Жазушылар одағында ақсақал-қарасақалдардың біразы мүшесі болып енген «Ағалар алқасы» жұмыс істеп тұрғанда, Жәнібек ағамыз жан-жақты дәлелін келтіріп, байыпты баяндама жасайды. Көз көрген ақсақалдар жасынан құлағына сіңген әндердің бұрмалауға түскеніне өздері де куә болып отырғандықтан мәтіндерді қайта қалпына келтіріп, ақталған авторларға әнін қайтару туралы ойды бірауыздан қуаттайды.

Содан бері де отыз жыл уақыт өтті, Ж.Кәрменовтің жаны ашып, күйініп көтерген мәселесін өнер, ән зерттеушілері білгенімен, түбіне түсіп қопарып, ақиқатын танып, айтуға асықпай келе жатқандары таңырқатады. Жалпы, әлденеше кезеңді артқа тастап, әуелеп жеткен қазақ әніне 1930 жылы бір рет және 1950 жылдары екінші рет ауқымды ревизия жасалған, «сот» жүрген деген сөз оқта-текте айтылып жүр, бірақ індетіп ізіне түсіп, әлдекімді аршып алып, әділеттілік алып беріпті дегенді мүлде көрмейміз де естімейміз. Сол ревизия кезінде мазмұны мен авторы қоғам үшін теріс деп танылған 300-ге жуық ән сотталыпты-мыс. Бірақ расында ол 300 ән бе, әлде одан аз ба, бәлкім бұдан да көп болар, оның да нақты санын ешкім кесіп айта алмайды. Бірақ ән шумағындағы «Алла», «құдай», «хақ» деп келетін дінмен сарындас дидактикалық жолдар, «бай», «байлық» деген сөздер әннің құрбандыққа шалынуына себеп болуға жарап тұр еді.

«Абай күнім-ай, ай, күнім-ай» деп айтылатын халық әні бар. Осындағы «Абай күнім-ай» еш мағына бермейді. Авторы белгісіз, халық әні деп айтылады. Меніңше, бұл Алаш ардагерлерінің уағында шыққан ән бе деймін. Өйткені бұл сөздің де, ән мағынасының да Абайға еш қатысы жоқ. Анығы «Уай, бай күнім-ай, бай күнім-ай, Япырма-ай, уай, әй, әй, әй» болуы керек. Себебі адам жас күнінде бай болады – қызыққа бай, қуанышқа бай, махаббатқа бай, сондай қызыққа толы жас күнін арман қылып, өкінішпен еске алып тұр ғой» дегені бар-тын өлеңі әнмен бітке қайнасқан, өлең сөзіне аса мән беретін арқалы ақын Несіпбек Айтов.


Айтуға ты­йым салған авторлардың бірі – Сәдіқожа Мошанұлы. Ай­тылмайтын себебі, кәмпеске кезінде оның Қытайға өтіп кеткені және әндерін айтушыларға қоғамда теріс көзқарастың қалып­тасқаны. Сәдіқожа кейіннен қазақ әндерінің антологиясына енді, бірақ осы жинаққа оның «Бекзатым-ай» әні енбей қалды.


«Біреудің әні екінші біреу­ге телініп кетті» деген әңгіме туғанда, керісінше «ән де, шы­­ға­рушысы да сотталып жат­қанда, көкіректі жарып шық­қан жақсы әнді жоғалтып ал­майық, халықтың көкейінде, аузында жүрсін» деген ізгі ниеттен туындауы да мүмкін. Ән шежіре сияқты, алдымен бі­реу айтып шығады, одан тағы біреу үйренеді, оның өнерін ізбасар шәкірті жалғастырады. Нақпа-нақ. Мұндай жағдайда орындаушының дауыс ерекше­лігіне қарай әуен өзгеріске ұшы­рағанымен, сөзінің өзгеріске түсуі екіталай. Ендеше бірді-екілі ән мәтіні өзгеріске түсіп жатса елең қылуға болмас, ал көп мөл­шерде өңі айналып, өзгеріске түссе, демек ол кездейсоқ емес, жоспарлы түрде іске асырыл­ғаны.

Белгілі өнертанушы ға­лым Зейнұр Қоспақов Жаяу Мұ­са­­ның өмірі жайлы жазған «Ән­ші тағдыры» атты кітабында Қазақ­стан Компартиясы Орталық комитеті қазақ халқының өткен­дегі мәдениет мұрасын сын тұр­ғысынан қарап, одан әрі игеру мақсатында қаулы қабылдағанын жазады. «Оны іс жүзінде орындау үшін Қазақ КСР Ғылым академиясына, Жазушылар одағына, Композиторлар одағына, Мәде­ниет министрлігіне тікелей тапсырмалар берілді. Қаулының бірінші тармағында: «...Өткен кездегі әдеби-поэзиялық, музыка мұрасын зерттеуге және сын тұрғысынан қарап игеруге, оның қазақ халқының түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетін одан әрі дамыту ісінде қазақтың революцияға дейінгі ауызша және жазбаша әдебиеті мен музыка шығармаларын жинау, жариялау ісін түбірінен жақ­сарту міндеттелсін» делін­ген. Осыған орай жазылып алын­ған халық әндері, ха­лық композиторларының твор­чес­тволық қызметін кеңінен насихаттау ісі қолға алынды», дей­ді автор. Ал бұл кітаптың баспадан 1971 жылы жарық көр­генін ескерсек, Зейнұр аға­мыздың қазақ әніне қиянат жасаған атақты қаулы турасында сипай қамшылап қана айтуға мәжбүр болып отырғанын аңғару қиын емес. Сонымен осы қаулыға сәйкес, халыққа белгілі авторлардың өрмек тоқығандай бірде-бір тінін үзбестен тарамыстай тартып отырып өрген дәстүрлі әндерінің көпшілігі кеңестік идеологияның өткір кездігімен туралып, белден бас­қан бұрмалаушылыққа тап болып, «халық әні» немесе белгілі «совет» композиторының әні деп жариялана бастады. Партия нұсқауымен бір ұлттың бүкіл ән мұрасы мұқият сүзгіден өтіп, екшеліп жатқан қиын күндерде інжу-маржанды қиянаттан құт­қарудың бір жолы – ән мәтінін өзгерту деп шешкендері де жанталас үстіндегі әрекет еді.

Бүгінгі музыка зерттеушілері 1930 жылдары жаппай ән «сотталып» жатқан кезде, белгілі ақындардың қолымен халық арасына кең тараған әндердің сөзін жаңа заманға лайықтап қайта жазып шыққанын айтады. Иса Байзақовтың «Назқоңырды», Ілияс Жансүгіровтің Жетісу ән­дерін қайта жазғаны туралы дерек бұл күнде ешкімге таңсық емес. Бұл әрине, жақсы әннің мүлде жоқ болып кетуінен гөрі рухани игілікке айналуы жо­лындағы үлкен олжа болатын. Жалпы, орайы келіп тұрғанда, қазақтың дәстүрлі әнінің жүйе­леніп, жетілуі жолында көп еңбек сіңіріп, өз байқағаны мен білгенін байыпты түрде зерттеген ірі ғалымдардың бірі, өнер­тану ғылымдарының кандидаты Зейнұр Қоспақовтың өзі болғанын айта кеткеніміз жөн.

Арқа әнінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Елебеков орындаған «Қанатталды» әні туралы кезінде Хабиба апамыз мынандай қызық дерек айтқан еді. Дарабоз әнші сүйіп салған «Қанатталды» әнінің соңына КГБ мықтап түсіп, бір жыл бойы жезтаңдай әншіні тергеуге сүйрелеп, тыныштық бермейді. «Неге қанат талады?» «Кімнің қанаты талды – совет өкіметінің қанаты ма талған?», «Сен бұл әнді орындау арқылы не айтқың келіп жүр?» деп әншіні әбден әуре-сарсаңға салады. Мә­тін «мұрты» басылып, «тиіп кететін» тұсын алып тастап, жаңа заманға сай икемделіп жазылған сөзімен орындап жүргенде жезтаңдай әншінің көрген құқайы осы болса, онда «ақ қашып, қызыл қуған» заманда туған ән төресін төл сөзімен орындағанда не болатынын елестетудің өзі қиын. Мәтіні өзгеріп кеткен ән жылдар бойы алдымен өмірде болған-болмағаны белгісіз Сейіт­жан салдыкі, соңынан Сәтма­ғанбеттікі деп жүріп, ақыры өз тағдырын өзі болжағандай болған «Қанатталды» әні тағы да тартысқа түсе келе, қанаты расымен де талып барып Міржақып Дулатовтың әні деп танылды.

Атылып кеткен алаш ақын­дары ақталғаннан кейін сотталған әндердің ішінде Мағжанның да әні бар екені белгілі болып, «Бәрінен де сен сұлу» жұрт айтып жүргендей Мақсұтбек Майшекиндікі емес, Мағжанның әні деп бірауыздан мойындалды. Кезінде айтуға тыйым салынған әндердің авторлығын кейін ақталған Алаш арыстарының басына үйіп-төгіп бере салуға музыка зерттеушілерінің көпшілігі қарсы екенін, мұны асыра сіл­теу деп бағалайтынын да айта кеткеніміз жөн. Мәселен, қайт­қан әндердің қатарындағы «Ақ­құм» мен «Қарагөз» әндерін Ахмет Байтұрсыновтікі деп атала бас­тағанын қолдамайтындардың қарсы тарапқа айтар өз уәжі бар. Бұл әндерді басы бүтін А.Бай­тұрсыновқа бере салу үшін бұлтартпас дәлел керек. Себебі қандай әнді де нақты бір авторға телу үшін оның ғылыми негізі болуы тиіс. «Сөзін басқа адам, әнін басқа адам жазатын бүгінгі күннің музыкасы сияқты емес, ол кезеңдегі әндердің әнін де, сөзін де бір-ақ адам шығарған. Дүниеге жақсы бір ән келсе, оның жалғасы да болуы керек еді. Жақұттай жарқыраған әннің арғы жағында жылтыраған сондай екі-үш ән қайтсе тұрады, жақсы композитордың жалғыз-жарым әнмен шектеліп қалуы мүмкін емес» дейтін дәстүрлі өнердің өкілдері де жоқ емес.

Музыка зерттеушілері көбінде 1925 жылы шыққан «Қазақ хал­қының 1000 әнін» және 1931 жылы шыққан «Қазақтың 500 әні, күйі» жинағын жүйелеп, музыка этнографиясы мен ән мұрамызды жинақтаған А.Затаевич пен Б.Ерзаковичке жүгінеді. Ал олар­дың бірде-бір жазбаларында «А.Байтұрсыновтан осындай ән қалды» деген бір ауыз сөздің кездеспейтінін, ондай де­рек­тің аталмайтынын алдымен көлденең тартады. А.Затаевич А.Байтұрсыновпен өмірде бір­неше рет кездесе тұрып, «Ақ­құм» мен «Қарагөз» туралы сөз қозғамауы, бұл екі әннің анық Ахметтікі екенін біле тұра, еңбегінде атап көрсетпеуі мүмкін емес екенін айтады. Сол кездесулерде А.Байтұрсынов Затаевичке 40-қа жуық ән береді. Ахметті «жеткізуші» деп көрсеткен ол ән­дердің бәрі де жинаққа енгі­зіледі. Бұл жинаққа Ілияс Жан­сүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаевтармен бірге, тау-тасты кезіп, кен ісімен айналысып жүрген геолог Қаныш Сәт­баевтың өзі 30 ән ұсынған. Ұсынылған әндердің көпшілігі – нұсқалар. Сонда ғой Затаевичтің: «Иә, шексіз теңіздей қазақ ән творчествосының ішінен қай­сысы негізгі, қайсысы вариант екенін қалай ажырата аласың» деп халық әндерінің көп түрге бөлінетініне басын шайқап, та­ңыр­қай жазғаны.

Жетісу әндерінің зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сағатбек Ме­деу­бекұлынан адасқан әндер туралы сұрағанымызда, көкейін кернеп, ішіне сыймай жүрген мәселенің тың қырын түйдек-түй­дегімен тарқата жөнелді. «Ав­торымен қоса «сотталып» кет­кен әндер ең алдымен Қа­пез Байғабыловтың шығармашылығында молынан ұшырасады. Бір тәуірі, Қапез ақталғанда, әндері де қоса ақ­талып, өзіне қайтты. Айтуға ты­йым салған авторлардың бірі – Сәдіқожа Мошанұлы. Ай­тылмайтын себебі, кәмпеске кезінде оның Қытайға өтіп кеткені және әндерін айтушыларға қоғамда теріс көзқарастың қалып­тасқаны. Сәдіқожа кейіннен қазақ әндерінің антологиясына енді, бірақ осы жинаққа оның «Бекзатым-ай» әні енбей қалды. Себебі стилі, мәнері, орындалуы жағынан Сәдіқожаның әніне келіп тұр деген «Бекзатым-ай», халық әні есебінде ел ішіне кең тарап кеткен. Арнайы комиссия құрылып, сондағы отырыстардың бірінде Сәдіқожаның әні екені дәлелденгенімен, «Кекілін кес­кен кер атым-ай, кішкентайдан өскен бекзатым-ай» деген белгілі ән халық әні болып кетті ғой, қозғамай-ақ қояйық, әлі де уақы­тын күтейік» деп «жылы жа­уы­п» қойған болатын. Жәнібек Кәрменов әнді иесіне қайтарғысы келді-ақ, амал не, ол ойы мысы да, мансабы да басым ағалардың қолдауына ие бола алмады». С.Медеубекұлының айтуынша, әлі күнге іздеушісін, айтушысын күтіп жүрген тағдырлы әндер – Жағыпердінің әні. Патшалық отарлауға қарсы шыққан Шал­табай Алпарұлының, Кеңес өкі­метімен өштесіп кеткен Рыскелді Сауданұлының біраз әндерінің әлі күнге «халық әні» болып шырқалып келе жатуы шымбайға батады-ақ.

Бір кезде жоспарлы түр­де жүзеге асырылған бұрма­лау­шылық енді жүрдім-бар­дым қараған жүйесіздікке ұрын­са, халық мұрасы шын қия­натқа ұшырайды. Саясаттың сал­қынымен «соры қайнап сотталған» әндер ақталып шығу үшін Қазақстанда қалыптасқан дәстүрлі әннің төрт мектебі ш­әкірт дайындауда осы мәселеге ширақ қарап, құлаққа жат Майраның «бозбаланы тартатын магниті», Біржанның «он екі взводы», Ақан серінің «гармониясы», Балуан Шолақтың «иіс май, одеколоны» сияқты тіркестерге «осы қалай өзі?» деп ой көзімен қарауға үй­ретсе дейсің. Ән үлгілерінің маз­мұндық, тақырыптық, музы­ка­лық құрылысын зерттей отырып, өлшем, ырғақ, пішініне қарай ән авторын анықтау, олардың атын жұртқа таныстырып, шығармашылығын терең зер­делеу, ғылыми дәрежеге кө­теру – музыкатанушы маман­дарымыздың алдындағы ардақты борышы болса керек.


АЛМАТЫ